15.05.2026, 15:55
Оқылды: 19

Ұялы телефон – ұйқының жауы

Бүгінде смартфон-гаджеттер коммуникация, ақпаратқа қол жеткізу, жұмыс істеу үшін негізгі құралға айналды.  Кейде телефонға телміріп, біраз уақытымызды босқа өткізіп алатынымыз да бар.  Ал облыстағы эндокринолог мамандар кейінгі  жылдары  түнде  дұрыс ұйықтай  алмай, дәрігерге қаралып жүрген тұрғындардың  көбейгенін айтып, дабыл  қағуда.  Мамандардың мәліметінше, мұның бірден-бір себебі – ұялы телефон.  Ендеше, түнгі дұрыс ұйқының адам ағзасы үшін пайдасы қандай, ұйқысыздықтың  салдары  және  ұялы  телефонның ультракүлгін сәулесі қандай дерттерге душар етеді деген  сауалдардың  жауабын сала мамандарынан білдік. 

«Ұйқы  бұзылысы күйзелісті  күшейтіп, қартаюды  жеделдетеді»

Түнгі ұйқы – адамның денсаулығы мен көңіл-күйіне тікелей әсер ететіні ақиқат. Ұйқы екі кезеңнен тұрады: терең және беткей ұйқы. Соның ішінде терең ұйқы уақыты қысқа болғанымен, ең маңызды кезең болып саналады. Себебі дәл осы уақытта ағзадағы үдерістер баяулап, жүрек соғысы мен қан қысымы төмендейді, ал күндізгі ақпараттар жадыда бекітіледі. Терең ұйқы адам ұйқыға кеткеннен кейін басталып, шамамен 90 минутқа созылады. Жалпы адам ұйқыға кеткенде оның ағзасынан бірнеше гормон бөлінеді. Олар: мелатонин, кортизол (күйзеліс), соматотропты (өсу), лептин (тойымдылық) және грелин (аштық), инсулин гормондары. Мәселен, түнгі ұйқы дұрыс болмаса, ағзада стресс, яғни кортизол гормоны көбейіп, адам күйзеліске түсіп, ашуланшақ болып кетеді. Артық салмақ жинап, ағзада ісінулер пайда болады. Осы секілді жоғарыда аталған гормондардың биоритмі бұзылса, денсаулықта кінәрат көбейе бермек.  Бұл туралы бізге Орал қалалық №3 емхананың эндокринолог дәрігері Назгүл Жармұханова айтты.

жармуханова

– Ұйқы үдерісінде маңызды рөл атқаратын гормон – мелатонин. Бұл қараңғыда түзіледі және ұйқы мен сергектікке байланысты биоритмдерді реттейді. Яғни ұйқысыздықпен күреседі, иммунитетті қорғайды, қартаю үдерісін бәсеңдетеді және бұл гормон адамның шашына, терісіне, көзіне түсрең береді. Меланоцит жасушалары гормон бөлмесе, тері мен көздің түсі бозғылттанып, шаш ерте ағарады. Содан соң гормон жетіспеушілігінен ағза шаршап, қартаю процесі белсенді жүреді. Бұл гормон ағзада жақсы өндірілсе, адамның ұйқысы соншалықты  қанық болады. Егер адам кеште қараңғы бөлмеде телефон қараса, одан ультракүлгін көк түсті сәуле бөлініп, миға «күн жарық» деген бағытта сигнал барады. Содан мелатонин гормоны бөлінбей, адамның көзі түнде ілінсе де ұйқысы қанбайды.

Түнгі ұйқысы үзілісті беткей ұйқы болады. Сондықтан адам ұйықтардың алдында екі сағат бұрын телефон қарамау керек және жатын бөлменің тас қараңғы болуын қадағалаған абзал. Терезеден түсіп тұратын жарықты жабынмен жауып  қою қажет.

Түнгі ұйқы кезінде бөлінетін келесі гормон – соматотропты. Бұл гормон балалар мен жасөспірімдер денесінің, бойының, сүйектерінің өсіп-жетілуіне жауап берсе, ал егде адамдарға ағзасындағы жасушалардың жаңаруы үшін қажет. Өйткені сапалы ұйықтайтын адамдар жас көрінеді. Ал түнгі ауысымда жұмыс істейтін мамандардың көбі уақытынан бұрын қартайып, беттеріне жиі  әжім  түседі.

Адам шырт ұйқыда жатқан кезде ағзасынан бөлінетін гормондар – лептин және грелин гормондары. Лептин гормоны адамға тойымдылық сезімін сыйласа, грелин – аштық гормоны. Ағзада грелин гормоны көбейіп кетсе, ол адамның үнемі қарны ашып жүреді. Түн ортасында ұйықтай алмай, тоңазытқыштан тамақ  алып  жейді.

Дұрыс ұйқы инсулин гормоны үшін де маңызды. Өйткені адам ұйқыға жай жатса, инсулин ағзаға көп бөлініп, ағзаның инсулинге деген сезімталдығы төмендейді. Бұдан соң артық салмақ, қант диабеті секілді ауруларға душар болады. Өз тәжірибем бойынша айтсам, семіздік, қант диабеті бойынша диагноздармен келген науқастарға ең бірінші ұйқыңызды дұрыстаңыз деймін. Ұйқы дұрысталған соң науқастар екі-үш келі салмақ тастап, кей жағдайда қан құрамындағы қанты да қалыпқа келіп бастайды.

Жоғарыда айтып кеткендей, адамның ұйқысы дұрыс болмаса ағзасында кортизол көбейіп, эмоционалдық жағдайы нашарлайды, әсіресе қорқыныш, уайым сезімі күшейеді. Күйзеліске түседі. Өзіңіз білесіз, күйзелістегі адамның ұйқысы қашады. Дәрігерлердің тағайындауымен дәрі ішеді.  Сондықтан ұзақ өмір сүргісі келетін, денсаулығына жіті көңіл бөлетін адам түнде жеті-сегіз сағат міндетті түрде  ұйықтауы керек. Ұйқы кезінде жатын бөлмеңіз неғұрлым қараңғы және қоңыр салқын болса, соғұрлым жақсы ұйықтайсыз. Күнделікті бір уақытта жатып, бір уақытта тұруды әдетке айналдырыңыз. Түнгі 23:00-ге дейін ұйықтап қалғаныңыз дұрыс. Ұйықтар алдында ас ішуге болмайды.

Сондай-ақ кешқұрым далаға шығып серуендеу өте пайдалы, – деді Назгүл Бейбітқызы.

«Көзіне Мемо елестей бастады»

Threads әлеуметтік желісінде Балгүл есімді оқырман баласының басынан өткен оқиғаны былайша әңгімелеп, сондай жағдайға тап болған ата-аналарға өз кеңесін айтыпты. Айтуынша, 6 жасар ұлының көзіне елес көрінгелі бері үйінен тыныштық кеткен. Мұның себебін анықтауға тырысқан ана баласының осындай жағдайға ұшырауына ең алдымен өзін кінәлайды.

– Жасым 35-те. Үш балалы анамын. Баламның алды 13 жаста. Ал кішкентайым 6-да. Күндіз өзім де, әкесі де жұмыстамыз. Әдетте түнде қасымызға кішкентайымызды алып жатамыз. Осыдан бір ай бұрын таңертең оянсам, балам көрпені қымтап, басын да шығармай жатыр. «Балам, тұра ғой, шай ішеміз» десем де тұрмайды. Жай ғана көрпені ашып қарасам, терлеп кеткен, ыстығы көтеріліп жатыр. Бір кезде орнынан тұрып, құса бастады. Мен аса қатты мән бермедім. «Жеген тамағынан асқазаны бұзылған ғой» деп тек асқазанын емдеуге тырыстым. Екінші күн өтті. Ол құсуын тоқтатпады. Тамақ жемейді, тіпті су да ішпейді. Өзі суды көп ішетін. Осы кезде қорқа бастадым. Дәрігерге апардым. Олар қорқатын ештеңе жоқ екенін айтып, асқазаны сап-сау деп шығарып салды. Үйге келсек те, балам құса берді. Басылудың орнына тіпті өршіді. Құсуы жиілей түсті. Түнде ұйықтарда: «Мама, бөлменің жан-жағына жақсылап қара, ешкім тұрған жоқ па, менің аяғымды жақсылап жауып қой, ешкім ұстап алмасын, сен мені құшақтап жат» деген сөздер айтады.

Сосын «Саған не болды, мен білмейтін бірдеңе жедің бе, әлде біреу маған айтпа деп ренжітіп қорқытты ма?» деп ақырын сұрадым. Сөйтсем мүлдем мен күтпеген бір жағдайды айтып берді. Алғашында сенгім келмеді...

Балам сол көрпені қымтап жатып алған күні түнде тұрып су ішкісі келген. Оянып, мені оятпақшы болғанда менің бас жағымнан үстіне ақ киім киген, шаштары жалбыраған, көздері қап-қара болып шытынап тұрған бір әйелді көріпті. «Бетінің бәрін шашы жауып тұр» дейді. Оны көрген ол мені түртіп оятуға да шамасы жетпей, қорқып көрпемен басын жауып жатып қалған. Сол бойы таң атқанша ұйықтамай, көрпеден шықпай жатқан екен. Оның құсып, сөйлемей ауруының сыры да сол болса керек. Шынымды айтсам, не істерімді білмей қалдым. Өзімнің өне бойымды қорқыныш биледі. Бірақ маған қорқып отыруға уақыт жоқ. Тез арада баламның денсаулығын қалпына келтіру үшін жанталастым. Таңертең сұрастырып, емшіге бардым. Ол мені тыңдағаннан кейін, қатты қорқатын ештеңе жоқ екенін айтты. Мені сабырға шақырды. Оның айтуынша, балам есейе келе көріпкел болады десті. Көзіне елестердің көріну себебі де сол екендігін түсіндірді. Баланың қорқып қалуының себебі – елестердің баламның әлі кішкентай кезінде көзіне көрінуінде. Сондықтан да ол сол сәтті жанына ауыр қабылдаған. Өзі дайын болмағаны себепті қатты қорқып қалған. Сол үшін де ештеңеге алаңдамауды айтты. Алайда менің жаным жай таппады. Үйге келген соң психологтің қабылдауына жазылдым. Балама не болғанын білу үшін көптеген маманның кеңесін тыңдау керегін түсіндім. Ертеңінде баламды ертіп психологке бардым. Маған психологтің айтқаны ақылыма қонғандай болды. Ол баламды кішкентай бола тұра үнемі жалғыз қалдыру оның бойында қорқыныш сезімін оятқанын айтты. Баламмен әңгімелесуден бұрын менімен сөйлесті. Менен оны үйде жалғыз қалдырған кезде қандай біртүрлі әрекеттер байқайтынын сұрады. Сол кезде есіме түсті.

Екі үлкен балам сабаққа түстен кейін барады. Ал кішкентайымның сабағы таңертең. Ағасы мен әпкесі сабаққа кететін кезде ол оқуынан келетін. Олар келгенше, үйде жалғыз қалады. «Үлкен боп қалдың, өзің жалғыз қалып үйрен» деп қалдырып кете беретінмін. Жұмыста отырған кезімде «қорқып отырмын» деп қайта-қайта хабарласатын. Мен кейде көп мазаламауын айтып, ұрсып беретінмін. Үйге барғанда үйге егіп қойған гүлдерімнен зәрдің иісі шығады. Неге екендігін сұрағанымда әжетханаға баруға қорыққандықтан, гүлдің ыдысына дәрет сындыратынын айтатын. Сол кезде оны жазалайтын едім. Ойлап отырсам, ол маған қорқатынын айтпады емес, айтты. Бірақ өзім мән бермегенмін. Осының бәрі психологтің сұрағынан кейін ойландырды.

Психолог баламмен сөйлескенде: ол үйде жалғыз қалғанда, екі қолы үнемі дірілдеп, бір орыннан қозғалмай отыратынын айтқан. Осы кезде мен жыладым. Көз алдымда баламда болып жатқан жағдайды байқамағаныма және еш ойланбағаныма ашуым келді. «Жұмыс, жұмыс» деп жүріп қасымда жатқан балама не болғанын білмегенмін де.

Қазір мына интернет дамыған заманда балаларымыз ұялы телефоннан қайдағыны көруі мүмкін. Бір кездері қорқынышты мультфильмдер, шағын роликтер көріп, әсіресе атауы «Момо, Мемо horror» деген секілді ойын ойнағанда  дір ете қалатынын байқайтынмын, бірақ мән бермейтінмін. Баламның сондай фильм, ойындардан соң шошынып, үйде жалғыз қалғанда сол есіне түсіп қорқатынын  түсіндім.

Содан бастап психологтің кеңесіне жүгініп жүрміз. Жұмысымнан сұранып, күнде балам екеуміз психологке барамыз. Маман баламмен жеке сөйлеседі. Бір апта психологтің кеңесінен кейін ақырындап тамақ жей бастады. Алдында тек су ішіп, шамалы уақыттан кейін оны құсатын. Балам азып-тозып, түтігіп қап-қара болып кетті. Күнге күйген қараға ұқсамайды. Бала психологиялық соққы алып, бойын қорқыныш бойлағанда басқаша қараяды екен. Қазір шүкір, сәл де болсын жақсарып келеді.

Бірінші күні психолог қабылдауында болғанда аузын ашпады. Қазір ол кісімен еркін сөйлеседі. Маман баламды ешқашан жалғыз қалдырмауымды ескертті. Дер кезінде психологке келмегенімде, мұндай жағдайды басынан кешірген бала психологиялық ауытқуға ұшырап ауру болып қалатынын айтты.

Жұмыстың жайымен, бітпес тірліктің қамымен қарбалас жүріп, баламның сөздерін елемей жүріп, оны ауру қылып ала жаздадым.

Мен сияқты ата-ана болса, оларға да сәл де болсын ой салар деген мақсатта басымыздан кешкен осы бір оқиғамен бөлісуді жөн санадым, – депті оқырман.

Гаджетке  тәуелділік – психикаға  төнген қауіп

Гаджетке тәуелділік жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Әсіресе балаларды электронды құрылғыдан ажырату мүмкін болмай барады. Кейінгі жылдары психологтер мен дәрігерлер көп уақытын гаджетпен өткізетін балалардың   психикасында  ауытқулар пайда болатынын   айтып   дабыл қағуда. Күндіз көрген қорқынышты роликтерінен түнде шошып оянатын, тіпті дәрет сындырып қоятын бүлдіршіндердің көбейгенін және ол үздіксіз қараған ұялы телефонның салдарынан екенін дәлелдеуде. Осы орайда облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының психологі Назгүл Қуанышалиева гаджеттердегі виртуалды ойындарды ойнайтын бүлдіршіндердің шынайы өмірде білсем, көрсем деген қызығушылығының жоқтығын айтады. Сондай-ақ олар әлеуметтік ортада адамдармен араласып кете алмайтынын және қатарластарымен достық қарым-қатынас құруда қиналатынын да жеткізді.

– Ұялы телефонды үзбей ұстайтын баланың жүйке жүйесі айтарлықтай бұзылады. Мұның соңы кекештенуге, тұтығуға, айтар сөзін толық жеткізе алмай, жүйке жүйесінің сыр беруіне душар етуі мүмкін. Екіншіден, психикасы толықтай өзгереді. Оның қалай өзгергенін баланың қолындағы телефонды алып қойғанда байқауға болады. Осы сәтте балалар анасына айқайлап, қол жұмсауы да мүмкін. Міне, бұл баланың психикасының бұзылуынан хабар береді. Үшіншіден, ұйқысы бұзылады. Гаджетке тәуелді болып қалған балалар үнемі қорқынышты түстер көріп, таңертең көңілсіз оянады.

Тағы бір айта кететін жағдай, үнемі бір орында телефон қарап отыру ми жұмысын нашарлатады. Яғни ұзақ уақыт бойы бірқалыпта отыра беру қанайналымның дұрыс жүрмеуіне әсер етеді. Қанайналым нашарласа, мидың жұмысы да нашарлайды дей беріңіз. Бұл отырыс және гаджеттегі қызылды-жасылды әлем баланың есте сақтау қабілетіне, шығармашылық белсенділігіне кері әсер етіп, дамуын тежейді.

Осы орайда сабаққа үлгерімі төмендейтінін де айтып кетсек, артық болмас. Гаджетке тәуелді баланың сабақ оқуға деген ынтасы жоғалып, білімі төмендей береді. Егер бала дәл осылай гаджетін қолынан тастамай жүретін болса, оны бұл әдетінен  арылту  қиынға соғады.

Баланың физикалық дамуына кері әсер етеді. Мәселен, көздің көруі нашарлайды – бала бір уақытта телефонға жарты сағаттан көп байланып отыратын болса, 6 айдан кейін-ақ, оның көзінің көргіштігі төмендейді. Дене мүсіні бұзылады – компьютерде, гаджетте көп отыратын бүлдіршіндер бүкірейіп  жүруі  мүмкін.

Десе де ұялы телефонды толықтай зиянды құрал ретінде бағалау дұрыс емес, өйткені оның пайдалы тұстары да бар. Негізгі мәселе – құрылғының өзінде емес, оны пайдалану мәдениетінде. Сондықтан, балалар үшін ұялы телефонды қолдану уақытын шектеу, олардың іс-әрекетіне бақылауды күшейту, сондай-ақ белсенді өмір салтын (ойын, спорт, кітап оқу) қалыптастыру – ата-ананың басты міндеті, – деді Назгүл Мырзақызы.

Көзге де күтім керек

жазира

Гаджеттерді үзіліссіз қолдану түнгі ұйқыны қашыратынын, психикаға әсер ететін айтқанда, оның ультракүлгін сәулесі көз жанарына орасан зиян тигізетінін де білген абзал. Өйткені соңғы он жылдықта көз аурулары жиіледі. Олардың арасында ең көп тарағаны – миопия, яғни алыстан көрмеу. «Туабітті көз ауруларынан бөлек, жүре пайда болған сырқат түрлері жиі кездеседі. Мектепте, асыра айтқанда, үш баланың бірі көзілдірік киюге мәжбүр. Бұл сырқаттың өршуіне әсер ететін бірден-бір себеп – гаджеттердегі ультракүлгін сәуле», – деді Орал қалалық №5 емхананың окулист дәрігері Жазира Өмірзақ.

– Көз – өте сезімтал мүше. Сыртқы фактордың барлығы өзінің әсерін тигізеді. Қазір балалардың көпшілігі ұялы телефон, планшет, гаджет, компьютер пайдаланады.

Мәселен, миопия дегеніміз – көздің шыны тәрізді мөлдір қабығы мен түбінің зақымдануы, жақыннан көргіштігінің азаюы. Ауру асқынған кезде күрделі астигматизмге ұласады.  Ал компьютерден, телефоннан шыққан ультракүлгін сәулелер көздің нұрлы қабығы арқылы оның түбіне жетеді. Егер аталған заттарға ұзақ уақыт және жақыннан қарайтын болсақ, көз түбінің нервісіне күш түседі, ол өз күшінен екі есе артық жұмыс жасауға мәжбүр болады. Осылайша көз ауруы басталады. Балалардың организмі жас болғандықтан ауру бірден байқалмайды. Біртіндеп, сатылап миопияның күрделі түріне ауысады. Сондықтан балаларды компьютер, телефон пайдаланудың тәртібіне үйрету керек. Алыстан қарауға үйретіп, ұзақ отыруын шектеген жөн. Егер бала бір сағат компьютердің алдында отырса, бір сағат демалуы керек. Сондықтан балалардың алыстан, жақыннан көруі бұзылса, дереу көз дәрігеріне қаратқан дұрыс. Дәрумендер ішіп, көз жаттығуларын жасаса, сырқатты  ерте сатысында емдеуге болады, – дейді офтальмолог дәрігер.

Қорыта айтқанда, ұялы телефон мен гаджеттер өмірді жеңілдететін пайдалы құрал болғанымен, оларды шектен тыс қолдану адамның денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Түнгі ұйқының бұзылуы, психикалық күйзеліс, балалардың қорқынышқа бейім болуы және көру қабілетінің нашарлауы – соның айқын дәлелі. Сондықтан әрбір саналы адам ұялы телефонды мақсатты пайдаланып, уақытын тиімді жоспарлауды үйренуі тиіс. Ата-ана баласына дұрыс әдет қалыптастырса ғана ол да технологияның пайдасын көріп, зиянынан сақтана алады.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале