18 мамыр – Халықаралық музей күні қарсаңында Орал қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің сарбаздары «Батыс» өңірлік қолбасшылығының музейінде болып, әскери тарихпен танысты.

Тағылымдық іс-шараның мақсаты – жас буынның тарихи санасын қалыптастырып, Отан қорғаушылардың ерлік жолын насихаттау. Экскурсия барысында сарбаздарға өңірлік қолбасшылықтың қалыптасу кезеңдері, әскери бөлімдердің жауынгерлік тарихы және әр жылдары қолбасшылықты басқарған тұлғалар жөнінде мәлімет берілді.
Музей қорында сақталған тарихи жәдігерлер сарбаздардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы жылдарынан табылған бұйымдар, мемлекеттік наградалармен марапатталған әскери қызметшілердің құжаттары мен естелік заттары бар. Сондай-ақ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің ерлігіне қатысты құнды деректер де қойылған.
Мұндай тағылымдық кездесулер жас сарбаздардың әскери рухын көтеріп қана қоймай, олардың ел тарихына деген құрметін арттыра түседі. Себебі музейдегі әрбір жәдігер – елге адал қызмет етудің, батырлық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Бүгінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының музейі әскери тарихты ұлықтап, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін маңызды рухани орталықтардың біріне айналып отыр.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі