Бәйтерек ауданы орталығындағы мектептер Переметный ауылдық округі әкімі сайлауына белсенділікпен қатысуда. Әсіресе Переметный мектебінің мұғалімдері бұл жолы да бірдей киініп келіп, өз таңдауларын жасады.

Переметный мектебінің директоры Алма Мусақұлованың айтуынша, білім ұясында 52 педагог болса, солардың 35-і №155 сайлау учаскесіне барып дауыстарын берді. Қалған мұғалімдер мекенжайларына байланысты аудан орталығындағы өзге сайлау учаскелерінде болды. Бұл мұғалімдер қауымының сайлау процесіне бейжай қарамайтынын көрсетсе керек. Олар кез келген сайлауды саяси бетбұрыс деп біледі. Айта кету керек, күні кеше өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға бұл мектеп ұжымы ұлттық киіммен келген еді. Бұл жолы ақ футболка мен джинси киіп келген.

-Аудан орталығына іскер, нақты шешім қабылдай алатын, белсенді әкім керек. Сондай-ақ біз секілді әлеуметтік мекемелердің өтініш-тілектеріне құлақ түре білетін әкім болса екен дейміз. Мәселен, біздің мектептің айналасын жарықтандыру - өзекті мәселенің бірі. Одан бөлек, мектебіміздің жанындағы ХҚО мен музей орналасқан ғимараттар маңындағы тынымбаққа да электр шамдарын орнату қажет. Күз-қыс айларында, яғни қараңғы ерте түсетін кезде оқушыларымыз сабақтан жайырақ шығып сол жермен жүреді. Ол жер қараңғы болған соң кейде бейтаныс, не ішімдік ішкен адамдар отырады. Яғни бала қауіпсізігін назарға алу маңызды. Басты көшелерге гүл егіп, басқа шаралар жасап, аудан орталығының әсемдігіне де мән берілсе дейміз. Біз сеніп, дауысымызды беріп жатқан кандидат егер әкім болып жатса, бұл істерді атқарады деп үміттенеміз,-дейді Алма Сабырғалиқызы.

Ал Қасым Аманжолов атындағы орта мектебінен аталмыш сайлау учаскесінде он шақты мұғалім келіп, дауыстарын берді. Мектеп мұғалімі Гүлбақыт Қадырбаеваның сөзіне қарағанда, білім ұясы 2008 жылы аудан орталығындағы алғашқы қазақ мектебі ретінде есігін айқара ашты. Содан бері мектеп ұжымы қоғамдық-саяси шаралардан қалыс қалған емес. Бұл оқушылардың, жас мамандардың саяси-құқытық мәдениетін қалыптастыруға да әсерін тигізері сөзсіз. Қазіргі таңда мектепте қырықтан аса педагог бар. №155 сайлау учаскесінде тіркелгені он шақты ғана. Қалғандары басқа жерлерде дауыс беруде. Мектепте 331 оқушы, мектепалды даярлықта 22 тәрбиеленуші бар. “Біздің мектеп Переметный ауылдық округі әкімі аппараты, соның ішінде округ әкімімен тығыз байланыста жұмыс істейді,-дейді Гүлбақыт Болатқызы.-Кейбір оқушыларымыз округтың елді мекендерінен тасымалданады. Сол себепті екі ортадағы жол сапасына, жарықтандыруға қатысты және өзге де мәселелер туындайды. Біз дауысымызды берген үміткер көпшіліктің де көңілінен шығып, сайлауда жеңімпаз атанып, алдағы уақытта бізбен жақсы қарым-қатынаста болады, аудан орталығы бұрынғыдан да тазарып, жаңа кейіпке енеді деп сенеміз”.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы