18.05.2026, 12:00
Оқылды: 0

Батыс ұландары Петропавл төрінде топ жарды

Петропавл төрінде өткен қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының чемпионаты биыл да тартысқа толы болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Ерікұлы Нұрпейісовті еске алуға арналған байрақты бәсеке елдің әр өңірінен келген таңдаулы әскери спортшылардың басын қосты.

94bb5b22-f184-4f72-a355-2c55170e6daf
Дәстүрлі додаға Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрамалары, сондай-ақ Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімі, Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери академиясы командалары қатысты. Жалпы саны елуге жуық спортшы сынға түскен чемпионатта әскери қолданбалы спорттың жоғары деңгейі байқалды.
3 күнге созылған жарыстың алғашқы кезеңінде спортшылар іріктеу белдесулерінде бақ сынаса, екінші күні жартылай финалдық кездесулер өтті. Ал шешуші финалдық бәсекелер жанкүйерлерге нағыз тартысты сәттер сыйлады. Әр белдесуде әскери тәртіп пен төзімділік, шеберлік пен рух мықтылығы қатар көрініс тапты.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы құрамасы жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп, командалық есепте топ жарды. Батыс өңірінің жауынгерлері 4 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте 1 орынға қол жеткізді.

e1268810-fd3b-4c21-954c-5670ce3791e9
Әсіресе 88 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әли Нәсіпқали қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, чемпион атанды.
– Бұл жарыс біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Әр қарсылас мықты дайындықпен келді. Жеңіске жету үшін бар күшімізді салдық. Командаластарым мен жаттықтырушылардың қолдауы ерекше дем берді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын абыроймен қорғағаныма қуаныштымын, – деді жарыс жеңімпазы Әли Нәсіпқали.
Айта кетейік, чемпионат жеңімпаздары енді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрама командасына қабылданып, алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады. Бұл – әскери қызмет пен спортты қатар ұштастырған сарбаздар үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале