Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Казталов аудандық халық театрына театр тарланы, Казталов ауданының тумасы Тельман Имашевтің есімі берілді. Бұл – ғұмырын сахна өнеріне арнаған дара тұлғаның еңбегіне берілген құрмет десе де болады.

Тельман Сатқанұлы Имашев 1956 жылы Казталов ауданы, Қароба ауылы дүниеге келген. Әскери борышын өтегеннен кейін 1977-1981 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институты актерлік бөліміне оқуға түсіп, қазақ сахна өнерінің саңлағы Хадиша Бөкеева мектебінен тәлім алды.

Еңбек жолын С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры актері ретінде бастаған ол кейін туған өлкесіне оралып, Казталов аудандық халық театрының режиссері, аудандық мәдениет үйінің директоры, халық шығармашылығы орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ облыстық телеарнада редактор болып еңбек етіп, 2004 жылдан бастап Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры сахнасында өнер көрсетті.

Өнер иесі сахнада көптеген күрделі образдарды сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Ол сомдаған кейіпкерлердің қатарында “Есен батыр» (М. Әуезов «Еңілік-Кебек» трагедиясы), Әбілхайыр (Т. Ахтанов «Ант» тарихи дастаны), Заңғар (Б.Мұқай «Тойы көп үй» драмасы), Зарқынбек (Ә. Оразбеков «Бір түп алма ағашы» драмасы), Бекжан (Иран-Ғайып «Ана аманаты» аңызы), Перовский ( Х. Ералиев, М. Ысқақов «Құрмағазы драмасы»), Бостан ( Ш. Айтматов «Жан пида» трагедиясы), Шал (С. Балғабаев «Бізде ғашық болғанбыз»), Керім (М. Әуезов «Абай» трагедиясы), Әлімжан (Ш. Башпеков «Шойын қатын» комедиясы), Ата ( Е. Домбаев «Айналайын ақ келін» мелодрамасы), Қахан (Иран-Ғайып «Қорқыт» трагедиясы) т.б бар. Табиғи талантымен, болмысының даралығымен ерекшеленген актер ұлттық театр өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Тельман Имашевтың театр өнеріне сіңірген еңбегі енді халық театры тарихымен мәңгі сабақтасады. Өнер тарланының есімін иеленген театр шығармашылық ізденістерін жалғастырып, көрерменге рухани қуат сыйлай беретіні сөзсіз.
Гүлжан Ғалым,
Казталов ауданы