22.05.2026, 11:45
Оқылды: 12

Фольклорлық өнердің әсем үні Бәйтеректе шырқалды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Халық әуені» атты бірегей жоба бастау алды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс басталған жоба аясында министрлікке қарасты жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңіріне гастрольдік сапарға шықты. 21 мамырда ҚР "Салтанат" мемлекеттік би ансамблінің "Salt sound" фольклорлық ансамблі облысымызға келді. Концерттік-гастролдық турдың шымылдығы Бәйтерек ауданында ашылды.

image-22-05-26-11-18

Переметный ауылында өткен кеште белгілі әнші Өмірқұл Айниязов, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің мың бұралған бишілері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Назерке Әбілхасенова, Сұлтан Әлімқұл, Ернақ Жалғас және Алина Маркенова сынды өнерпаздар сахнаға шықты.

image-22-05-26-11-18-6

Кеш барысында «Ирең», «Көроғұлы», «Жез киік», «Төремұрат», “Аққу”, “Ыңғай төк”, “Ғашықтық”  секілді күйлер, “Қапездің қоштасу”, «Дүние-ай», “Тико-тико”, “Бір шәугім шай”, “Қазақстан атамекенім”, “Вологда”, “Ты у меня одна” сияқты әндер, «Қос алқа», «Асатаяқ» билері орындалды.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Серік Зәкәрия атап өткендей, "Salt sound" 2025 жылы 3 наурызда ресми түрде ашылған. Ансамбльдің ашылуына “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің басшысы Елубай Кенжалиев ұйытқы болыпты. Оған қолдау білдіріп, ансамбльдің ашылуына ықпал еткен ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Басында ән-би ансамблі болса, кейін бишілермен ғана өнер көрсетті, қазір фольклорлық ансамбль болды. "Salt sound" құрамындағы 15 өнерпаздың барлығы - кәсіби музыканттар.

image-22-05-26-11-18-5

Кеш соңында мәртебіл меймандарға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерлан Ғалиев Бәйтерек ауданына қош келдіңіздер деп айтты.

- Мәдениеті дамыған елдің қадамы өркениетке қарай бағытталатыны белгілі. Осы сәтті пайдаланып бәйтеректіктердің атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қазақстанның түкпір түкпірінде бастау алған үлкен жобаға Бәйтеректің де кіруі - біз үшін үлкен бақыт. Бұл ең алдымен осы залда отырған көрермендердің шын ниеті мен өнерге  деген адал пиғылы деп білемін. Өмірқұл Айниязов секілді өнер тарланының, “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің өкілдері сахнамызда өнер көрсетуінің өзі неге тұрады?!  Айналаға жақсы көңіл күй сыйлап, мереке-мейрамдарда, қуанышты сәттерде ортадан табылып, өнеріміз бен тілімізді, әніміз бен күйімізді насихаттап жүргендер мәртелі меймандарымызға елдің атынан алғысымызды айтамыз, - деді Ерлан Ерсайынұлы.

image-22-05-26-11-18-2

Аудан әкімінің алғыс хатымен Серік Зәкәрия, Өмірқұл Айниязов, Әділбек Мақсұт,  Аян Хайрулла, Тұрлыхан Аққалиев,  Назерке Әбілхасенова,  Сұлтан  Әлімқұл, Ақнұр Әмірбек секілді аталмыш ансамбль мүшелері марапатталды. Содандай-ақ аудан әкімі атынан ықылас гүлі табысталды.

- Қазақта “Тойған жерге тоғыз бар” деген сөз бар, осыдан бір ай бұрын біз Дариян ауылында болып, би концертін берген едік. Міне, бүгін, тағы да бәйтеректіктердің ыстық ықыластарыңызға бөленіп отырмыз. Бізге мұндай мүмкіндік туғызғаны үшін ҚР Премьер-министрінің орынбаары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханымға, демеушілік көрсеткен “Халық банкі” АҚ-ға алғысымызды білдіреміз. Қазақтың саф өнері бүгін жанды дауыста өздеріңізге тарту етілді. Алда уақытта тағыда жүздесуге нәсіп етсін, -  деді ансамбль директоры Елубай Кенжалиев.

Айта кету керек, Переметныйда ерекше концерт болатынын естіп, айналадағы ауылдардың да тұрғындары арнайы келді. Олардың арасында аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орнасқан Егіндібұлақ ауылынан келгендер де бар. Солардың бірі - Құлдай Шәріпов ақсақал.

image-22-05-26-11-18-4

- Аудан орталығына Алматыдан танымал ансамбль келеді дегенді естіп, үйдегі шаруамызды ысырып қойып, жолдасыммен бірге концертті тамашалауға арнайы келдік, - дейді ол. - Бізбен бірге он шақты ауылдастарымыз да осы концертке қатысты. Кеш өте жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Әсіресе, осы уақытқа дейін тек теледидардан көріп жүрген Өмірқұл баламыздың өнерін тамашалау біз үшін ерекше әсерлі болды. Жанды дауыстағы әсем әуенді тыңдап, бүгін кәдімгідей он жасқа жасарып қалғандай күйдеміз. Жолдасым екеуіміздің отасқанымызға биыл 42 жыл толды. Осы уақыт ішінде өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп, осындай мәдени іс-шараларға үнемі қол ұстасып бірге келуді әдемі дәстүрге айналдырғанбыз. Бүгін ауылға, үйімізге үлкен рухани нәр алып, серпіліп қайтып барамыз, - деді ақсақал.

 

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале