19.06.2026, 15:30
Оқылды: 14

Ақ халатқа адал ғұмыр

Адам өміріндегі ең қастерлі мамандықтардың бірі – медицина саласы. Бұл жолды таңдау жүректегі мейірім мен жауапкершілікті талап етеді. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, саналы ғұмырын адам денсаулығын қорғауға арнаған жандардың бірі – Сырым аудандық ауруханасының тәжірибелі медбикесі Жанат Ғабдешова.

Жанат Ғабдешова (2)

Жанат Мутиғоллақызы 1965 жылдың 9 тамызында Сырым ауданының Жосалы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы туған ауылында өтіп, білімге құштар қыз кейін Орал қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, медбике мамандығын меңгерді. Жас маманның еңбек жолы 1984 жылы Жымпиты аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімінде басталды. Сол күннен бастап ол ақ халатқа деген адалдығын бір сәтке де жоғалтқан емес.

Қарапайым медбике болып еңбек жолын бастаған Жанат Мутиғоллақызы кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1990 жылы терапия бөлімінің аға медбикесі болып тағайындалды. Бұл қызметте де ол өзін талапшыл әрі ұжымға жанашыр маман ретінде көрсете білді.

Қазіргі таңда Жанат апа Сырым аудандық ауруханасының ЭКГ кабинетінде еңбек етуде. Қырық жылдан астам уақыт бойы жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі жүздеген науқастың дер кезінде ем алып, сауығып кетуіне ықпал етті. Ол үшін әрбір науқас  қамқорлық пен жылы сөзді қажет ететін адам. Сондықтан әр науқастың көңіл күйіне мән беріп, оларға үміт сыйлауға тырысады.

– Науқастармен қарым-қатынаста ең алдымен адамгершілік пен мейірімділік маңызды. Көңіліне қарап, қолдау көрсетуге тырысамын. Адамның жанын түсіну де емнің бір бөлігі деп ойлаймын, – дейді тәжірибелі маман.

Жанат Мутиғоллақызы әріптестері арасында да ерекше құрметке ие. Ол – жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып жүретін тәлімгер. Ұжымдық жұмыстарға белсене араласып, қоғамдық өмірден де шет қалған емес. Денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі мен халыққа көрсеткен сапалы қызметі үшін аудан әкімдігі мен аурухана басшылығы тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталған.

Қырық екі жылға жуық уақытын медицина саласына арнаған жанның өмір жолы – табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Әр адамның тағдырына бейжай қарамайтын, қиын сәттерде қолдау көрсете білетін жанашыр маманның еңбегі қандай құрметке де лайық.

Өмірде ана ретінде де өз орнын тапқан Жанат апай үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздарынан тараған немерелерінің қызығына бөленіп отырған ардақты әже.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале