28.06.2026, 10:00
Оқылды: 82

Өрттен екі адамды құтқарған ТЖД капитаны Алтын медальмен марапатталды

Батыс Қазақстан облысында БАҚ қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада БҚО ТЖД бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Айбар Қамидуллиевке Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі табысталды.

image-27-06-26-11-07

Журналистер одағы облыстық филиалының жетекшісі Клара Қамбетованың айтуынша, бұл марапат дәстүрлі түрде тек қаламгерлерге емес, қоғамға жанқиярлықпен қызмет етіп, ерлік көрсеткен өзге сала мамандарына да беріледі.

Мысалы, 2024 жылы бұл медальді белгілі журналист Қазыбек Құттымұратұлы, ал оның алдындағы жылы облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов алса, бұл жолы ұйымдастырушылар өрттен екі адамды құтқарған Айбар Қамидуллиевті марапаттауды ұйғарған.

Кейіпкеріміз 8 сәуірде еңбек демалысында жүріп, Бәйтерек ауданының Достық ауылындағы екі қабатты үйден шыққан өртті көреді. Ол ойланбастан балкон арқылы ішке кіріп, қою түтінге тұншығып, есікті аша алмай жатқан екі тұрғынды қауіпсіз жерге алып шыққан. Одан бөлек, капитан Қамидуллиев көктемгі су тасқыны кезінде де жедел штаб жұмысына белсене араласқан болатын.

Бүгінгі күннің батыры бұл әрекетін ерлік емес, азаматтық борышы санап, өзіне арнайы алғысхат берген Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановқа және медаль табыстаған Клара Қамбетоваға өз ризашылығын білдірді.

Гүлжан   Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале