Тарих елге адал қызмет еткен азаматтардың ғибратты ғұмыры арқылы ұрпақ жадында жаңғырады.

Осы орайда Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Ғұмар Қараш атындағы Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен елге еңбегі сіңген азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзаш Ысмағұловтың өмірі мен өнегелі қызметіне арналған «Туған өлкенің дарынды басшысы» атты тарихи-танымдық көрме өтті.
Мырзаш Ысмағұлов 1936 жылы Орда ауданының Бисен ауылында дүниеге келген. Ленинград қаржы-экономикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын Орал механикалық зауытында инженер-экономист болып бастаған. Кейін туған өңірге оралып, Жәнібек ауданының «Талов» совхозында еңбек етті. Жас маман аз уақыт ішінде іскерлігімен танылып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Кейін Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, аудандық партия комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды.
Мырзаш Ысмағұловтың өмір жолындағы ең жарқын қырларының бірі – ана тіліне деген азаматтық ұстанымы. Кеңестік кезеңде қазақ жастарының жоғары оқу орындары мен техникумдарға түсу кезінде орыс тілінде емтихан тапсыруына байланысты қиындықтар туындаған шақта, ол оқытушылардың Жәнібекке арнайы келіп, талапкерлердің туған жерінде, ана тілінде білім сынағын тапсыруына жол ашты. Сонымен қатар өңірде жол құрылысы, газ тарту, жастар саясаты, мәдениет салаларын дамытуға бастамашы болып, ұлттық оркестрдің құрылуына ұйытқы болды.
Оның азаматтық болмысы мен мәдениеттілігін айғақтайтын тағы бір естелік – Ақ Жайық өңіріне келген сапарларының бірінде Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Михаил Шолоховтың Жәнібекке арнайы тоқтап, Мырзаш Ысмағұловтың шаңырағында қонақ болуы.
Тарихи-танымдық көрменің шымылдығын музей меңгерушісі Гүлнәз Гайдарқызы ашып, көпшілікке ұсынылған құнды жәдігерлермен Ғұмар Қараш атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Әсел Жәрдемғалиқызы таныстырды. Көрме сөрелеріне қайраткердің отбасылық фотосуреттері, қызметтік құжаттары, куәліктері, мандаттары, дипломы мен аттестаты, еңбек кітапшасының көшірмелері, ордендері мен медальдары, сондай-ақ мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалары қойылды.

Шара барысында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрман Әшекенұлы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлнәр Серікқызы, Жәнібек әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Ғарифоллақызы, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Светлана Сергоқызы сөз сөйлеп, тұлғаның ел тарихындағы орнына тоқталды.
Ал Мырзаш Ысмағұловпен бірге қызметтес болған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев өз естелігімен бөлісті:
– Мырзашпен жас кезімізден бірге қызметтес болдық. Аудандық комсомол комитетінде қатар еңбек етіп, жастармен бірге жұмыс жүргіздік. Ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, аудан экономикасының өркендеуіне, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан азамат еді. Оның елге сіңірген еңбегі аз емес. Осындай азаматтарды еске алу өткенді ғана еске алу емес, аудан тарихын жаңғырту. Біз аға буынның өмір жолын жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді дәстүрге айналдырып келеміз, – деді Амангелді Уәлиев.
Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған Мырзаш Ысмағұловтың өнегелі ғұмыры мансап емес, халыққа қызмет етудің үлкен жауапкершілік екенін дәлелдейтін шынайы үлгі болып қала бермек.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы