25.08.2026, 23:00
Оқылды: 45

​«Ауыл аманаты»: Соркөл жағасында жаңа демалыс орны ашылды

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған ауыл тұрғыны жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашуда.

InShot_20260825_190500648

Солардың бірі – БҚО Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылдық округінің тұрғыны Сырберген Жазықбаев. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін тиімді пайдаланып, биыл Соркөл көлінің жағасынан жазғы демалыс орнын ұйымдастырды.

​Соркөл – Батыс Қазақстан облысында орналасқан, емдік қасиеті бар қара балшығы мен тұзы бар көркем көл. Шипалы суы үшін арнайы келетін демалушылардың қатары биыл тіпті арта түскен. Осы мүмкіндікті ескерген кәсіпкер көл жағасына киіз үй тігіп, келушілерге қолайлы жағдай жасады. Алғашқы маусымның өзінде демалыс орнына Ақтөбе, Атырау облыстарынан және көршілес Ресейден қонақтар келген.

InShot_20260825_190436423

​«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылда кәсіп бастаймын деген адамға үлкен мүмкіндік береді. Өзім де соның көмегімен несие алып, Соркөл жағасынан демалыс орнын аштым. Киіз үй тігіп, қажетті жағдай жасауға тырыстық. Ақтөбе, Атыраудан, тіпті Ресейден де демалушылар келді. Алдағы уақытта қызмет түрін кеңейтіп, келушілерге бұдан да қолайлы жағдай жасауды жоспарлап отырмыз», – дейді Сырберген Қарақұлұлы.

​Алмаз ауылдық округінің әкімі Самат Абылайұлы да бұл бастаманы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы оң мысалдардың бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Соркөлдің табиғи мүмкіндігін пайдаланып, демалыс орнын ұйымдастыру – шағын және орта бизнеске қосылған нақты үлес әрі басқа ауыл азаматтарына жақсы үлгі.

image-25-08-26-06-09 (1)

​Табиғи байлықты кәсіп көзіне айналдырған бұл бастама ауылда отырып-ақ табыс табуға болатынын және «Ауыл аманаты» бағдарламасының жергілікті туризм мен экономиканы дамытудағы пәрменді құрал екенін дәлелдейді.

Сара Шакрат, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале