ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің мәліметінше, алты айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген қылмыстар саны 10%-ға азайды.

Фото: gov.kz
Ведомство ауыр және мүліктік қылмыстармен күресте, іздеуде жүргендерді құрықтауда оң нәтижелер бар екенін хабарлады. Департамент бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, елімізде кісі өлтіру қылмысы 9%-ға, ал ұрлықтар саны 16%-ға азайған. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары аясында жыл басынан бері 15 кісі өлтіру және 7 зорлау дерегі әшкереленді. Ұрлық жасағаны үшін 5 мыңнан астам адам ұсталып, 600-ге жуық қылмыстық топтың, оның ішінде мал ұрлығымен айналысқан 28 топтың жолы кесілді.
Сонымен қатар жарты жыл ішінде іздеуде жүрген 678 адам қолға түсті, олардың 90-ы шетелде анықталып, 28-і елге экстрадицияланды. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл нәтижесінде Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында заңсыз көші-қон арналары жойылды.