Қосаралда қазір жер астына құбыр емес, ауылдың ертеңгі тіршілігі төселіп жатқандай. Маусым айының басында басталған ауыз су тарту жұмысы ауылдың ішінен басталып, бүгінде Сарой бағытына қарай жалғасып келеді.

Алдымен ауыл ішіндегі 200-ден астам үйге су желісі кіргізілді. Су жүйесіне қажетті нысан да салынып, тиісті жабдықтары орнатылды. Ендігі кезекте құрылыс жұмыстары ауыл шетінен асып, Сарой ауылдық округі бағытына ойысты.
Жұмысты «Батыс Газ Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Қосарал мен Саройдың арасы — 26 шақырым. Кеңащыдан Саройға ауыз су бұрыннан келіп тұрған. Енді сол су желісін Қосаралға жеткізу үшін екі елді мекеннің арасындағы бағытта құбыр тартылуда.
Қазір Қосаралдан Саройға қарай созылған құрылыс жұмысы жалғасуда. Ауыл ішіндегі үйлерге кіргізілген желі енді 26 шақырымдық бағытпен ары қарай ұзара түсуде.
Ауылдың бұрыннан келе жатқан екі үлкен тілегі бар еді. Бірі – су, екіншісі – жол. Міне, сол қос тілектің біріншісі – су мәселесі орындала жақ. Ауылға су тарту жұмысы жүріп жатыр. Ал екінші тілек – жол мәселесі де бір күні шешілер деген үміттің шоғы сөне қойған жоқ.
Қ.Жеңісұлы,
Сырым ауданы