7.07.2026, 11:15
Оқылды: 26

Салт-дәстүрге тағзым, қолөнерге құрмет

 

7 шілде – Қазақстандағы қолөнершілер күні

Жуырда жаңа Конституцияның қолданысқа енуімен және Қолөнершілер  күнімен тұспа-тұс келген «Той-бастар – 2026»  халықаралық қолөнершілер этнофестивалі жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл фестиваль – тек көрме ғана емес, өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты, халықтар арасындағы достық пен мәдени байланысты тоғыстыратын үлкен мерекеге айналды.

тойбастар 2026

Фестивальға халықаралық және аймақтық қолөнер шеберлері, ұлттық өнер жанашырлары, дәстүрді дәріптеп жүрген талант иелері көптеп қатысты. Атап айтқанда, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, қазақтың ұлттық ою-өрнектерін зерттеуші, этнограф Ерлан Қожабаев болды. Одан бөлек, Өзбекстанның Риштан қаласынан келген атақты қыш шебері Бахтиер Назиров, Тәжікстан Республикасының дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерінің шебері Бустон Турсунов, Қырғыз Республикасының материалдық емес мәдени мұрасын зерттеушісі Жылдыз Қазиева мен Ресей Федерациясынан келген өкілдер де қатысты. Сонымен қоса  Астана, Павлодар, Ақтөбе, Атырау қалаларынан келген қолөнер шеберлері де белсенділік танытты.

– Халықаралық этнофестивальға арнайы келген Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа да елдердің қонақтарына қош келдіңіздер деймін. Биыл біз бұл фестивальды облыс орталығында төртінші рет өткізіп отырмыз. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан маңызды мәдени іс-шара. Алдағы уақытта да оны тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі заманда креативті индустрия елдердің дамуында айрықша рөл атқарады. Ұлттық бірлікті нығайту, мәдени кодты сақтау және кәсіпкерлікті қолдау – мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі.

тойбастар 2026-3

Ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларын тек ел ішінде ғана емес, шетелге де таныстырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – біздің ортақ мақсатымыз. Халықаралық этнофестивальды өткізудегі негізгі мақсат та осы. Біз өз шеберлеріміздің деңгейін халықаралық біліктілігін ұштастырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасап отырмыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

«Тойбастар – 2026» этнофестивалі «Көшпенділер өркениеті: дәстүрлі қолөнер мен этнодизайннің халықаралық сабақтастығы» атты халықаралық дөңгелек үстелі «Атамекен» өнер ордасында жалғасты. Қолөнершілер күні қарсаңындағы тағылымды кездесудің мақсаты – көшпенділер өркениетінің бай мұрасын дәріптеу, дәстүрлі қолөнерді дамыту, этнодизайн саласында тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

тойбастар 2026-4

– Биыл қолөнершілердің мерекесі ресми түрде бекітілуіне орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Оған көршілес елдерден келген қолөнершілер қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті және өз өнімдерін ала келді. Екі күнге созылған (3-4 шілде) іс-шарада жергілікті шеберлерге ҚР Қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлова киізбен жұмыс жасау бойынша арнайы шеберлік сабағын өткізді. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа технологияларды пайдалана отырып, заманауи әрі нарық сұранысына сай өнім өндіру және қолөнершілерге қолайлы орта қалыптастыру өте маңызды. Біз көршілес елдермен ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс істеудеміз, – деді Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «ТАТТІ МЕ» ЖК жетекшісі Шолпан Куспаева (суретте).

Жиын барысында баяндамалар оқылып, орынды ұсыныстар ортаға салынды. Одан бөлек, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірқатар меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта бұл әріптестік бірлескен көрмелер, фестиваль, шеберлік сабақтары, тәжірибе алмасу және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға негіз болмақ.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай кәсіпкерлікті дамытуға, қоғамдағы әйелдер көшбасшылығын нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға  қосқан елеулі үлесі үшін конференция қонақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы республикалық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанованың атынан мерейтойлық медальмен марапатталды.

 

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президент алаңы түстен кейін халықаралық қолөнершілердің жәрмеңкесіне айналып, қатар тігілген киіз үйлермен көмкерілді. Көздің жауын алар қолөнер туындылары көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Тәжікстан Республикасынан келген дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнердің шебері, тәжік қолөнершілер қауымдастығының өкілі, халықаралық көрмелер мен халық шығармашылығы фестивальдарының тұрақты қатысушысы Бустон Турсуновпен аз-кем тілдесіп, туындыларымен таныстық.

– Бұл пышақтың сабын арқар мүйізінен жасадым. Пышақтарға арналған керамикалық бөлшектер де қолөнер тәсілімен дайындалады. Мұнда тәжік керамикасы да ұсынылған. Біз бұл бұйымдардың барлығын өз қолымызбен жасаймыз. Сондай-ақ жаңғақ пен шынар ағаштарынан тарақтарымыз да бар. Олар таза, экологиялық әрі емдік қасиетке ие. Сонымен қатар киімкешек пен шарфтар да көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Одан бөлек бізде түрлі шеберханалар жұмыс істейді. Мен Истаравшан қаласында тұрамын. Бұл – ежелгі шеберлер қаласы. Мұнда 170-тен астам қолөнер түрі дамыған. Әр отбасы әртүрлі қолөнермен айналысады.

Біз Қазақстанның Астана, Алматы, Тараз қалаларында жиі боламыз. Түркістанға да барып тұрамыз. Ал Орал қаласына алғаш рет келіп отырмыз. Орал қаласы бізге қатты ұнады. Экологиясы таза, қаласы көрікті екен. Халқы да қонақжай, сабырлы әрі жылы қарсы алды. Көрсетілген құрмет үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді шебер Бустон Турсунов (суретте).

Этнофестивальда ұлтымыздың болмысын айшықтайтын, ата-баба мұрасын сән тілімен сөйлеткен ұлттық киімдер топтамасы да көпшілікке жол тартты. Өңірдің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт өтіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан бөлек ұлттық спорттық жарыстар мен халық ойындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары көрме және сауда алаңдарын еркін аралап, өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алды.

Ұлттық мұрамызды ұлықтап, қолөнердің қадір-қасиетін дәріптеген халықаралық «Тойбастар» фестивалі де өз мәресіне жетті. Мұнда тек өнер туындыларын тамашалап қана қоймай, халықтардың достығын, мәдениет үндестігін, шеберлердің шығармашылығын және ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін тағы бір мәрте сезініп қайттық.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале