11.08.2026, 18:00
Оқылды: 5

Ерлікке толы қызмет

Қазақстанда жыл сайын 18 тамыз – Шекарашылар күні ретінде кеңінен аталып өтеді. Бұл күн 1992 жылы еліміздің Шекара әскерлері құрылғаннан бері отан қорғаушылардың кәсіби мерекесі саналады.

image-11-08-26-03-48
Мемлекеттік шекара – еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының айқын көрінісі.

Шекара қызметі – тек қару ұстап тұру емес, сонымен қатар заманауи техниканы шебер меңгеру, төзімділік пен жоғары патриоттық рухты қажет ететін мамандық. Бұл қызметте жүрген азаматтардың бойында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдық бірінші орында тұрады. Олар мемлекеттің экономикалық және әскери қауіпсіздігінің берік қалқаны.

image-11-08-26-03-48
Отан шебін күзету
  зор жауапкершілікті, қырағылықты және елге деген шексіз адалдықты талап ететін қасиетті қызмет. Мемлекеттік шекараның әрбір шақырымы  ел егемендігі мен тәуелсіздігінің айғағы. Осы шепте күн-түн демей қызмет етіп жүрген шекарашылардың еңбегі қашанда ел құрметіне лайық.

Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Шекарашылар күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті. Айтулы жиын ел тыныштығын күзетіп, мемлекеттік шекараның мызғымас беріктігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер мен сала ардагерлеріне деген құрметке арналды.

image-11-08-26-03-48

Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысып, Отан шебін күзетіп жүрген әскери қызметшілер мен шекара қызметінің ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– "Құрметті шекарашылар! 

Қымбатты біздің айбынды офицерлер мен сарбаздар, шекара қызметінің ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз шекарашылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамызды қорғаудағы еңбектеріңіз орасан.

Еліміз аман, шекарамыз тыныш болсын"– деді аудан басшысы.

Мемлекеттік шекараны күзету – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы міндет. Шекарашы үшін қырағылық – басты қағида, ал Отанға адалдық – жүрекке бекіген берік ұстаным.

Мерекелік жиында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар әскери қызметшілерге аудан әкімінің Құттықтау хаттары табыс етілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ведомстволық марапаттары да салтанатты жағдайда тапсырылды.

Марапат иелеріне көрсетілген құрмет олардың Отан алдындағы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл – шекара шебінде қызмет етіп жүрген азаматтарға ел тарапынан білдірілген ризашылықтың белгісі.

Салтанатты шара барысында шекара қызметінің ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Өйткені бүгінгі шекара күзетінің қалыптасуында өз ғұмырын Отан қорғауға арнаған аға буын өкілдерінің еңбегі айрықша.

Шекара  елдің шебі ғана емес, елдіктің өлшемі. Оның беріктігі – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізі. Ал сол шептің тыныштығын күзетіп жүрген шекарашылардың әрбір күнгі қызметі – Отан алдындағы адалдықтың жарқын үлгісі.

Мерекелік шара аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасты. Әскери қызметшілер мен сала ардагерлеріне арналған әндер шырқалып, жүрекжарды тілектер айтылды. Өнерпаздардың патриоттық рухтағы өнері мерекелік жиынның мазмұнын аша түсіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Отан шебін күзету – ерлік пен елдікке бастайтын қасиетті жол. Ел тыныштығын күзеткен ерлердің еңбегі – ұрпаққа үлгі, елге мақтаныш.

Шекарашылар – мемлекетіміздің берік қалқаны, тәуелсіздігіміздің сенімді күзетшісі. Олардың қырағылығы мен қажырлы қызметі бейбіт өміріміздің, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі болып қала береді.

Отан шебін күзеткен ерлерге құрмет – елдікке құрмет!

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале