19.08.2026, 21:00
Оқылды: 144

Қой жүнін кәдеге жаратудың жаңа жолы табылды

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, бұрын өңделмей ысырап болып келген қой жүнін елімізде заманауи өнеркәсіптік деңгейде кәдеге жаратудың жаңа жолы табылды.

photo_5199956200382995431_y

Фото: minpromstroykz

Бүгінде бұл шикізаттан үйлерге арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, техникалық киіз жасалып, тіпті қаланы көгалдандыру жұмыстарына да пайдаланылуда.

Жүн өңдеу өндірісі Ақтөбедегі «KazFelTec» кәсіпорнында қолға алынған. Бұл — 100% табиғи қой жүнінен тоқыма емес материалдар шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы әрі жалғыз зауыт. Негізінен еліміздің батыс және оңтүстік өңірлеріндегі шаруа қожалықтарынан шикізат алатын кәсіпорын жылына 3 600 тоннаға дейін жүн өңдеп, 2 100 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. Жоғары технологиялық өндірісте италиялық Cormatex S.r.l. компаниясының жабдықтары орнатылып, 50-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған.

Кәсіпорын дайын өнімді NomadTherm брендімен екі негізгі бағытта ұсынады. Біріншісі — қабырға, шатыр және еденге арналған NomadTherm Panel жылу мен дыбыс оқшаулағыш панельдері. Олар -50 °C-тан +200 °C-қа дейінгі температурада өз қасиетін сақтайды, ылғал жинамайды және баяу тұтанатын материалдар санатына жатады.

Екінші бағыт — NomadTherm Felt техникалық киізі. Ол өнеркәсіптік тығыздағыштарда, арнайы киімдер мен аяқ киімдерде, сондай-ақ ағаш отырғызу кезінде топырақ ылғалдылығын сақтау үшін қолданылады.

Мұнымен қоса зауытта экологиялық талаптар қатаң сақталған: өндірістік судың 94%-ы қайта тазартылып айналымға жіберіледі, ал өнім құрамында улы шайырлар мен синтетикалық қоспалар жоқ. Сертификаттау рәсімдерінен толық өткен компания енді өз өнімдерін Швейцария мен Еуропалық одақ елдерінің халықаралық нарықтарына экспорттауды жоспарлап отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале