2.09.2026, 9:30
Оқылды: 56

Бәйтерек ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Бәйтерек ауданы, Озерный ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышпен басталды. 1 қыркүйекте ауылдағы жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанаты өтіп, бүлдіршіндер заманауи білім ордасының табалдырығын аттады. Жаңа ғимараттың ашылуына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Мендіғалиев, КПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобалар департаментінің құрылыс менеджері Ерлан Божкенов, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов ардагер ұстаздар, мәслихат депутаттары, білім саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

image-01-09-26-06-04-2

Айта кетелік, Озерный ауылында жаңа мектептің бой көтеруі – тұрғындар көптен күткен маңызды сәт. Бұған дейін олар мектептің апатты жағдайда екенін айтып, мәселе көтеріп келді. Ескі мектептің салынғанына 65 жыл болған. Ғимараттың тозығы жетіп, оқу орны заманауи талаптарға сай келмеген. Міне бүгін түйткілдің күрмеуі тарқап, озерныйлықтар үшін көптен күткен қуанышты күн туды.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен балаларға сапалы білім алуға жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.

– Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Баршаңызды Білім күнімен және жаңа мектептің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, ауыл балаларының жан-жақты дамуына жағдай жасау міндетін айқындап отыр. Осы бағытта елімізде соңғы жылдары көптеген жаңа мектеп салынып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Бүгін Озерный ауылында жаңа мектептің есігін ашып отырмыз. Сонымен қатар облыс бойынша тағы бірнеше мектеп пайдалануға берілуде. Осы ретте әлеуметтік инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан КПО б.в. компаниясына алғысымды білдіремін. Жаңа мектеп балаларымызға ұнайды деп сенемін. Жаңа оқу жылы баршаңызға табыс әкелсін! – деді Қайыржан Ермекұлы.

image-01-09-26-06-04-6

Жаңа мектептің ашылу салтанатында ауыл ақсақалы, қамқоршылық кеңестің төрағасы Самиғолла Жұмағалиев те сөз алып, мектеп құрылысына атсалысқан азаматтарға ризашылығын жеткізді.

– Құрметті ауылдастар! Бүгін – көптен күткен жаңа мектебіміздің ашылған қуанышты күні. Осы мектептің салынуына еңбек сіңірген компанияға, облыс және аудан басшылығына ауыл тұрғындары атынан үлкен алғысымды білдіремін.

Біз бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, облыс, аудан басшыларына ұсынысымызды жеткіздік. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Балаларымыз осында білім алып, тәрбиелі азамат болып өссін. Жаңа мектеп құтты болсын! – деді ауыл ақсақалы.

Ардагер ұстаз Любовь Тихонова да жаңа білім ордасының ашылуын ауыл өміріндегі тарихи оқиға деп бағалады.

– Мектеп – тек білім беретін ғимарат емес, болашақ қалыптасатын қасиетті орын. Осы мектептен елімізді мақтан ететін, білімді де тәрбиелі ұл-қыздар түлеп ұшады деп сенемін. Ұстаздарға шығармашылық табыс пен төзім, оқушыларға биік жетістіктер тілеймін. Жаңа мектептің іргесі берік болсын! – деді ардагер ұстаз.

image-01-09-26-06-04-3

Салтанатты шара барысында құрылысты жүргізген мердігер компания директоры Нұрберген Батжанов пен мектеп директоры Амангелді Кемешовке мектептің символикалық кілті табысталды. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Мендіғалиев пен ардагер ұстаз Жанзак Джантлиев салтанатты түрде жаңа мектептің лентасын қиды.

Озерный негізгі мектебінің директоры Амангелді Кемешовтің айтуынша, жаңа мектептің бой көтеруі бірнеше жыл бұрын қолға алынған жұмыстың нәтижесі.

– Біздің мектеп 1961 жылы салынған. Бұған дейін мектептің жағдайы талапқа толық сай келмейтін. Спортзал да, акт залы да болған жоқ. Соған қарамастан, талай ұрпақ осы білім ордасында білім алып, тәрбиеленді. Мектеп бұрын орта мектеп болған. Алайда оқушылар санының азаюына байланысты 2013 жылдан бастап негізгі мектеп мәртебесіне ауысты. Ол кезде мұнда 60-тай оқушы білім алатын.

2022 жылы мектеп директоры болып тағайындалғаннан кейін алдыма екі мақсат қойдым. Біріншісі – мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, екіншісі – білім ордасын қайтадан жалпы білім беретін орта мектепке айналдыру еді.

Алайда арнайы комиссияның қорытындысы бойынша ғимараттың тозығы жетіп, апатты жағдайда екені анықталды. Сондықтан күрделі жөндеу жүргізу тиімсіз деп танылды. Осыдан кейін аудан және облыс басшылығына жаңа мектеп салу жөнінде ұсыныс жасадық. 2024 жылы болған су тасқынына байланысты құрылыс мәселесі біраз уақытқа кейінге шегерілді. Сол кезеңде қаржы бірінші кезекте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталды. Ал 2025 жылы жаңа мектеп құрылысы қолға алынды. Тендер қараша айында өтіп, құрылыс жұмыстары басталды, – дейді мектеп директоры.

Жаңа мектептің құрылысы шамамен тоғыз айға созылған. Құрылыс барысында мектеп әкімшілігі нысанның талаптарға сай салынуына тұрақты бақылау жүргізген.

Жаңа ғимарат 108 оқушыға арналған. Мектептің заманауи кабинеттермен, қажетті оқу құралдарымен және қосымша білім алуға мүмкіндік беретін нысандармен жабдықталуы ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік.

image-01-09-26-06-04-1

Қазір мектепті жалпы білім беретін орта мектеп ретінде лицензиялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін білім беру ұйымы бірқатар талапқа сай болуы қажет. Төтенше жағдайлар, медицина және басқа да тиісті салалар бойынша тексерулерден өтіп, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, зертханалық құралдар, көрнекіліктер және басқа да қажетті құралдардың белгіленген стандарттарға сәйкестігі қаралады.

Мектеп директорының айтуынша, барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін білім ордасы толыққанды жалпы білім беретін орта мектеп ретінде жұмысын жалғастыруға ниетті.

Жаңа мектептің ашылуына ауыл тұрғындары да қуанышпен қатысты. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Бәтима Сырғалиева. Осы жылдар ішінде ол кісінің балалары мен немерелері ауыл мектебінде білім алған.

– 1987 жылы Тасқала ауданынан осында көшіп келдік. Екі немерем осы мектепте оқып, кейін жоғары оқу орнына грантқа түсті. Өзімнің екі қызым да осы мектепті бітірді. Қазір біреуі балабақшада тәрбиеші, екіншісі осы мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Келінім де осында ұстаз. Бұрынғы мектептің жағдайын жақсы білеміз. Ғимарат ескірген еді. Ал мына жаңа мектепті көріп, қатты қуанып отырмыз. Іші кең, жарық, балаларға барлық жағдай жасалған. Қазір тағы екі немерем – бесінші және жетінші сыныпта оқиды. Енді олар осындай заманауи мектепте білім алатыны қуантады, – дейді ауыл тұрғыны.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Баянованың мәліметінше, 2026-2027 оқу жылын Бәйтерек ауданында 10 052 оқушы бастаған. Жаңа оқу жылында ауданда 46 күндізгі және 1 кешкі мектеп, 8 мемлекеттік және 19 жекеменшік балабақша, сондай-ақ 4 қосымша білім беру орталығы жұмысын бастады. Аудан көлемінде барлығы 57 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 38-і мемлекеттік болса, 19-ы – жекеменшік. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда 1141 бала, жеке балабақшаларда 1203 бала тәрбиеленуде.

Биыл ауданда білім беру ұйымдарында 2023 педагог еңбек етеді. Өткен жылы 67 жас маман жұмысқа қабылданған. Педагогтардың ішінде 3 педагог-шебер, 234 педагог-зерттеуші, 602 педагог-сарапшы, 560 педагог-модератор бар. Біліктілік деңгейі жоғары педагогтардың үлесі 69,1 пайызды құрайды. Сәуір айынан бері 678 педагог біліктілікті арттыру курсынан өткен.

2026-2027 оқу жылына мектептерге 176,5 млн теңгеден астам қаржыға 57 015 дана оқулық пен оқу-әдістемелік құралға тапсырыс берілген. Оқулықтар «Алматы кітап», «Атамұра», «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Келешек-2030», «Мектеп», «Көкжиек-Горизонт», «Shugylakitap» баспаларынан алынады.

image-01-09-26-06-04

Аудандағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне де басымдық берілуде. 47 мемлекеттік білім беру ұйымында 1158 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 735-і Жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар 34 мектепте дабыл түймесі орнатылып, олардың барлығы ЖБО-ға біріктірілген.

Білім беру саласындағы бұл көрсеткіштер аудан мектептерінің материалдық базасын жаңарту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және балаларға сапалы білім алуға жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале