Биыл өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 6,7 млрд теңге бөлінді. Осы салаға қарастырылған қаражат жыл сайын артып отыр. 2026 жылы бөлінген қаржы көлемін өткен жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, 39%-ға жоғары.

Орал қалалық және 12 аудандық ветеринариялық стансалардың құрамында 147 ауылдық ветеринариялық пункт бар. Ондағы 815 қызметкердің 604-і – ветеринар маман. 2022 жылдан бері ветеринарлардың еңбекақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Бүгіндері ветдәрігердің жалақысы еңбек өтіліне қарай 310-330 мың теңге болса, фельдшердікі – 228-260 мың теңге. Алдағы жылдан бастап сала мамандарының жалақысын тағы да арттыру жоспарланған. Яғни мал дәрігерлерінің айлық табысы 400 мың теңгеден асуы мүмкін.
– Өңірде жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында сібір жарасы, құтыру, аусыл, пастереллез, нодулярлы дерматит, қарасан сияқты 12 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы вакцинациялау, бруцеллез, маңқа және тағы басқа ауруларды диагностикалау жүргізіледі. Облысқа қажетті 8,8 млн доза ветеринарлық препарат жеткізіліп, өткен 8 айда 5,5 млн бас малға екпе жасалды. Бұл жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алуға бағытталды. Айта кету керек, биыл 22 мамырда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының Парижде өткен 93-сессиясында 183 елдің делегаттары бірауыздан дауыс беріп, Қазақстанға вакцинация жүргізілетін аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Ресми сертификат табысталды. Қазақстан Орталық және Шығыс Азиядағы осындай мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанды, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Биыл төрт түліктің энзоотиялық ауруларына қарсы іс-шараларды жүргізуге 25 млн теңге бөлінген. Бруцеллез ауруына қарсы 590 мың бас ірі қара мал тексеріліп, олардың 3 723-інен оң нәтиже анықталған. Сондай-ақ 775 668 бас ұсақ мал зерттеліп, 609-ынан ауру шыққан. Облыстың бас ветеринарының айтуынша, ірі қара мен ұсақ малдардың бруцеллезбен зақымдану көрсеткіштері былтырғы деңгейде сақталып отыр.
Абзал Серікұлы айтып өткендей, биыл ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 56,8 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері бруцеллезге оң нәтиже берген 3 565 бас ірі қара, 528 бас ұсақ мал санитариялық сою орындарына тапсырылды. Ал ет өңдеу кәсіпорындарына жөнелтілген 207 бас ұсақ мал иелеріне 3,6 млн теңге өтемақы төленді. Былтыр осылай тапсырылған 771 мал үшін 14,7 млн теңге өтемақы берілген.
– Жыл басынан бері облыста жеті ауру ошағы тіркелді. Атап айтсақ, Ақжайық ауданының Шабдаржап, Атамекен, Жолап ауылдарында ірі қара мал арасында инфекциялық ринотрахеиттің 3 ошағы, Бәйтерек ауданының Көшім және Теректі ауданының Подстепный ауылдарында ірі қара бруцеллезінің 2 ошағы тіркелді. Теректі ауданының Сарыөмір ауылында қарасан ауруының бір ошағы және Бәйтерек ауданының Достық ауылында қарсақтан анықталған құтыру ауруының 1 ошағы белгілі болды. Инфекциялық ринотрахеит, қарасан және 1 бруцеллез ауруының ошақтары жойылды. Бүгіндері ірі қара малдың бруцеллезі тіркелген 1 ошақта және қарсақтан құтыру ауруы анықталған ошақта ветеринариялық іс-шаралар жүргізілуде. Облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты, – деді басқарма басшысы.

Мал шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін малды бірдейлендірудің маңызы зор. Яғни әр түлікке жеке нөмір (сырға, чип немесе таңба) беріліп, арнайы мәліметтер базасына тіркеледі. Бүгіндері өңірде 264 856 бас мүйізді ірі қара, 392 526 бас ұсақ мал, 187 бас түйе, 9 760 бас шошқа және 40 593 бас жылқы бірдейлендірілген.
Соңғы жылдары бұл салада материалдық-техникалық әлеуетті жаңарту бағытында ауыз толтырып айтарлық жұмыс жүргізілуде. 2023-2025 жылдары жергілікті бюджет есебінен ветстансаларға, ауылдық округтердегі ветеринар дәрігерлерге 1,3 млрд теңгеге 149 қызметтік көлік сатып алынды. Осылайша ветеринарлық ұйымдар аутокөліктермен толықтай қамтылды. 147 ветеринариялық пункттің 53-інің ғимараты бар. Ал 94-і ауылдық округ әкімдіктері ғимараттарындағы бөлмеде орналасқан. Былтыр жергілікті бюджеттен бөлінген 441 млн теңгеге 29 ветеринариялық пункт салынды. Өңірде тіркелген 260 мал қорымының 84-і – типтік үлгіде. 2025 жылы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай 29 мал қорымы пайдалануға берілді. Жалпы 2026-2027 жылдары облыста ветеринария саласын материалдық-техникалық жабдықтауға республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Биыл трансферттік сипаттағы қаражатқа (ТОХ) үш ветстанса, 31 ветпункт және 40 мал қорымын сатып алу жоспарланған. Алдағы жылы 24 ветпункт және 33 мал қорымын алу жоспарда бар. Биыл облыстық бюджет қаржысына Бөрлі ауданында бір ветстанса салынса, жыл соңына дейін бес ауданда 10 ветпункт, бес ауданда сегіз мал қорымы сатып алынады.
Ветеринария саласындағы цифрландыру зертханалық зерттеулерден бастап, фермерлерге көмек көрсетуге дейінгі барлық бағытты қамтып келеді. Қазіргі уақытта модульдер мен мобильді қосымшалар жұмыс істейді. «VetLab» модулі жануарлардан алынған биоматериалдарды зертханалық зерттеуге жолдайды. Барлық құжат электронды сипатта қалыптасады. «ISZH MOBILE» мобильді қосымшасы ветеринар дәрігерге интернетке тұрақты қосылусыз-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мал иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы бар. 2024 жылдан бастап республикада «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі іске қосылды. Ол ет өңдеу кәсіпорындары, сою пункттері мен сою алаңдарында, сондай-ақ ішкі сауда нысандарында ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелерінің актісін беруді аутоматтандырады.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»