Бүгінгі басты ветеринарлық талаптардың бірі – төрт түлік мал арнайы орындарда сойылуы шарт.

Облыста мұндай нысандар жеткілікті ме? Мал соятын жерді кім салады? Мәселен, мал сою алаңы – ветеринариялық-санитариялық ережелер сақталып, мал мен оның өніміне ветеринариялық тексеру жүргізуге бейімделген үй-жай. Сою пункті де осы талапқа сай, тек оған қоса ветеринар сараптама жүргізетін, сойылған малдың өнімдерін бастапқы өңдейтін жабдықтармен жарақтандырылған мамандандырылған нысан болуы тиіс.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО аумақтық инспекциясының берген мәліметінше, облыс аумағында мал соятын 40 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде ет өңдейтін 5 кәсіпорын, мал соятын 22 пункт және мал соятын 13 алаң бар. Ал Орал қаласы аумағында ет өңдейтін 3 кәсіпорын мен мал соятын 5 пункт орналасқан. Қалғандары Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі және Шыңғырлау аудандарында халыққа қызмет етеді. Мал соятын 22 нысанда лицензияланған ветеринариялық-санитариялық зертхана болса, 18-і облыстық ветеринариялық зертханамен келісімшартқа отырған. Өңірде мал сою орындары мен ет өңдеу кәсіпорындары жеткіліксіз. Сонымен қатар Бөкей ордасы мен Тасқала аудандарында мал сою нысандары мүлдем жоқ.
Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Фархад Шигапов та өңірде қосымша мал сою пунктін ашу қажеттілігі бар дейді. Биыл облыста 6 мал сою пунктін салу жоспарланып отыр. Яғни Қаратөбе ауданының Жусандыой және Қаратөбе ауылында, Тасқала ауданының Мерей ауылында, Теректі және Казталов аудандарының орталықтарында, Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылында салынбақ. Екпін түсіре айтатын жайт, нысандар бюджеттен қаржыландырылмайды. Өйткені қызметтің бұл түрі ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметке жатады. Сондықтан бұл іспен жеке және заңды тұлғалар айналысуға құқылы.
– Мал сою пункттерінің бәрі инвесторлардың қаражатына салынады. Сондықтан басқарма да, аудан әкімдіктері де инвесторлар тауып, нысандарды салуға мүдделі. Негізі Бөкей ордасы ауданында мал соятын орын салғысы келетіндер бар болғанмен, ауданның шалғайлығын қиын көреді. Былтыр Теректі ауданының Покатиловка және Бекей ауылдарында, Бәйтерек ауданының Чувашинский, Переметный және Январцев ауылдарында, Жаңақала ауданының Мәштексай және Көпжасар ауылдарында мал сою пунктері салынды, – деді бөлім басшысы. Мәселен, мал сою пунктінің құны оның аумағына, қуатына байланысты анықталады. Мысалы, тәулігіне 100-200 бас соятын пункттің құны 100 млн теңгеге жетеді. Ал қожалықтар 20-30 мал соятын, етті сақтайтын шағын пункттер салуы кәдік. Мұндай пункт салуға кем дегенде 20-30 млн теңге жұмсайды.

Бәйтерек ауданының Январцево ауылында мал сою пункті бар. «Қазына» ЖК басшысы Сержан Гайсин оның құрылысына 50 млн теңгедей қаражат жұмсаған. Онда үш адам жұмыс істейді. «Бүгінде бұрынғыдай далада мал сойғызбайды. Етті тасымалдағанда да санитариялық-ветеринариялық талаптар сақталуы шарт. Сондықтан ауылдарда ел игілігі үшін мал сою пункттері болғаны дұрыс», – деді кәсіпкер.
Кәсіпкер Аманкелді Сатқалидың Жаңақала ауданының орталығында мал сою пунктін ашқанына бір жылдан асты. Бұл нысанды салу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарапатын көрген. Алғашында 25 млн теңгеден астам қаражат жұмсаса, кейін бизнесті дамытуға 31 млн теңге алған. «Қазір пунктте 15 адам қысы-жазы жұмыс істейді. Пунктте малын сойғызған тұрғындардың ризашылығын естіп жүрміз. Мұнда айына 100 бас ірі қара, 2 мың ұсақ мал сойылады. Жартылай дайын өнім мен шұжық жасайтын цех жұмыс істеп тұр», – деді Аманкелді Қуанышұлы.
Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Фархад Шигапов малы көп және ет өнімдерін нарыққа шығаратын шаруашылықтар мал сою алаңдарын тұрақты пайдаланатынын айтты. Ал тұрғындардың күнделікті тұтынуға мал сойғанда арнайы алаңдардың қызметіне жүгіну деңгейі әлі де төмен дейді. Десе де, ауылда мал соятын пункт болмаса, мал иесі малды немесе сойылған етті жақын орналасқан мал сою пунктіне жеткізуі тиіс. Қазақстан Республикасы ветеринариялық-санитариялық талаптарына сәйкес, сатуға немесе басқа елді мекенге тасымалдауға арналған ет міндетті түрде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтіп, оған ветеринариялық анықтама рәсімделуі қажет.
– Ветеринариялық анықтама – жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты (ет, балық, сүт, бал, т.б.) тасымалдау және сату кезінде берілетін міндетті құжат. Ол өнімнің қауіпсіздігін, шығу тегін және эпизоотиялық жағдайды растайды. Сондықтан ет тасымалдауға құжатты алу үшін мал арнайы орында сойылуы керек. Жолда көлікті полиция қызметкерлері тоқтатып, ет ұрланған малдың еті емес пе екенін немесе ветеринариялық талапқа сай сойылғанын тексеруі мүмкін. Сол үшін мал соятын пункттер қажет. Сондай-ақ бруцеллезге шалдыққан малды тек арнайы пункттерде сою керек. Ол үшін басқарма мал соятын нысан иелерімен арнайы меморандум жасақтайды, – деді Фархад Ринатұлы (суретте).
БҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, полиция қызметкерлері аудан-ауылдардан мал етін немесе малды тірілей ветеринариялық құжатсыз әкеле жатқан көліктерді тексереді. Сол жерде тиісті құжаттарды жинақтайды. Көліктегі етті немесе малды суретке түсіріп, оның иесінен түсініктеме алады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша шара қолдану үшін ветеринарлық инспекцияға жолдайды. Мал тиеген көлік қай ауданның аумағында ұсталса, сол жердегі ветинспекцияға жолданады. Ал ветинспекция полиция жинаған құжаттарға қарап, заңды баға береді. Яғни малды немесе етті құжатсыз тасымалдаған адамға айыппұл салына ма, жоқ па анықтайды. Полиция жеті айда осындай 287 құжат жинап, облыстағы ветинспекцияларға жолдаған. Ветеринария саласының мамандары 190 материалға шара қолданған. Қалғаны әлі қаралып жатыр. Былтыр осы кезеңде полиция 302 материал жіберген болса, соның 129-ына айыппұл салынған.
Бүгінде дүкен сөрелерінде, базардағы ет павильондарында еттің түр-түрі бар. Жаңа сойылған әрі дәмді де майлы ет іздеп жүріп, «Етіңіз халал ма?» деп те сұрайтынымыз жасырын емес. «Халал» сөзі рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды берсе, оған қарама-қарсы «харам», яғни тыйым салынған деген мағынада қолданылады. Шариғат бойынша «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалған малдың екі күретамыры бірдей кесілуі тиіс. Малды қинамай, зақым келтірмей сою керек. Жалпы әлем елдерінде «Халал стандарты» деген жүйе бар. Халал стандарты – өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы деген сөз. Стандарт – бір затты өзіне ұқсас басқа нысандармен салыстыру үшін қолданылатын негізгі үлгі және арнайы бекітілген құжат. 2020 жылы елімізде «Халал» өнімдеріне қатысты бес стандарт қолданысқа енгізілген. Олар шетелдің стандарттарына сай дайындалған. Халал өнімдер өндіргенде немесе қызмет көрсеткенде осы құжаттардың талаптарын басшылыққа алу қажет. Соның ішінде ҚР СТ 3453-2019 «Халал өнімдері. Ауыл шаруашылығы малдары мен құстарын сою бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйымдар» стандарты бар. Ол халал азық-түлік өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды соятын ұйымдарға арналған. Стандарт талабы бойынша мал сою орындары тек халал малға және халал союға арналуы шарт. Құжатта құс пен малды союдың талап-тәртіптері көрсетілген.
Оралдағы «БатысАдалЕт» ЖШС басшысы Рахат Камалов кәсіпорында мал халал сойылатынын айтты. Әсіресе малды тоқпен ұрып талдырып союға болмайтынын атап өтті. Мұнда әкелінген малдың құлағындағы сырғасы мен ветеринар берген анықтамадағы жазба сәйкес келуі тиіс. Жалпы мал сою нысандарына арналған «Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (жануарларды союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар» бар. Құжат ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 қыркүйектегі № 7-1/832 бұйрығымен бекітілген.
Айта кету керек, базардағы еттің қайдан, қашан әкелінгенін QR-код арқылы көруге болады. Сонымен қатар жануардың жасы, жынысы, қай жерде өсірілгені жөнінде де ақпарат бар. 2023 жылғы шілдеде «Еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы» модулі іске қосылған. Қосымша ветеринарлар бұрыннан пайдаланып келе жатқан «ВетЛаб» жүйесіне қосымша ретінде енгізілді. БҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, былтыр 3 қарашадан бастап республика аумағында қоғамдық тамақтану және тұтыну объектілерін аталған жүйеге қосқан пилоттық жоба қолға алынған. Жобаға сауда үйлері, супермаркеттер мен минимаркеттер, ет дүкендері, білім беру және жабық мекемелер, қоғамдық тамақтану орындары, өңдеу цехтары және басқа да нысандар енгізілген. Оның негізгі мақсаты – vetlab.kz жүйесіндегі ілеспе құжаттарды (ветеринариялық анықтамаларды) өтеу рәсімін жүргізу. Осылайша «Вет-мониторинг» жүйесі жануар туралы барлық мәліметті бір ақпараттық жүйе арқылы қадағалауға мүмкіндік береді.

Ел арасында «етті жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» дейтін тәмсіл бар. Ал осы жеңсік асқа қол жеткізу оңай болмай тұр. Бұл ретте мал бағып, өсіретін адамның еңбегі – бөлек әңгіме. Ал мал соятын орындардың тапшылығы ветеринариялық-санитариялық талапты күшейтуді талап етіп отырса керек.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»