«Ақын» фильмі туралы бірер сөз
Шекспирдің «Гамлет» пьесасында сарай қызметшісі Полоний: «Не оқып отырсың?» – деген сұрағына Гамлет: «Сөз, сөз, сөз», – деп қысқа қайырады.
Қазіргі заманда асыл сөз өнерінен гөрі кино өнері дамып келеді. Алайда қозғалысты, айнадан түскен сәулені поэзиядағы бунақ ырғағының үйлесіміндей етіп көрсететін фильмдер аз.
12 қыркүйек – Қазақ киносы күніне орай елімізде ауторлық фильм түсіріп жүрген, бірнеше халықаралық кинофестивальдың жүлдегері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Дәрежан Өмірбаевпен сұхбат құрудың сәті түскен еді.

Дәрежан Қаражанұлы – «Кардиограмма», «Киллер», «Қайрат», «Шұға», «Студент» және «Ақын» фильмдерінің режиссері. «Қазақфильм» ұлттық киностудиясынының қорында Алматыдан шалғай жатқан Ақ Жайық мекенінде түсірілген фильмдер жоқтың қасы. Арынды ақын Махамбет Өтемісұлының тағдырын арқау еткен, 34-інші Халықаралық Токио кинофестивалінен «Ең үздік режиссер» атағын алған «Ақын» фильмінің түсірілу барысы, кинематографиялық әм табиғи қабылдаудың айырмашылығы, қазақ және әлем кино өнері туралы әңгіме өрбіттік.

– «Ақын» фильмінің бірінші кадрында ірі планды ақынның өзіне емес, оның қағаз-қаламына бағыттайсыз. Ақынды бірден бұл дүниеден алшақ әкетіп, трансцендетті әлемге жетелейсіз. Жарда жалғыз теректі ұстап тұрған адамның суреті арқылы оны рухани жеңімпаз етіп көрсеткендейсіз. Фильмдегі қазіргі заман ақыны Дидар ирандық режиссер Аббас Киаростамидің кейіпкерлері секілді өмірге бойкүйез, селқос, саяси жағдайларға алаңдамайды. Қазіргі заман ақынын Махамбеттің дәуіріне жетелеп, киіз үйде Жәңгір ханның хабаршысымен сөйлескен жерінде келбетіне жарық жартылай түседі.
Ырғын ақынның ішінен неге Махамбет Өтемісұлын таңдадыңыз? Кинемато-графияға, сұранып тұрған бейнені, яки қозғалыс-оқиғаны көрдіңіз бе?
– «Ақын» атты фильмнің түсіру идеясы неміс жазушысы Герман Гессенің «Аутор кеші» («Der Autorenabend») деген шағын әңгімесін оқыған кезде келді. Жазушыны жас кезінде шығармашылық кешке шақырса керек, «Мені халық күтіп отырған шығар» деп екі өкпесін қолына алып, жетіп барады. Екпіндетіп келсе, ешкім жоқ, концерт қоятын бір-екі адам ғана отыр. Жазушының шеберлігі сол – осы жағдайды әжуа-қалжыңға айналдырып жазған. Құрлық аспай-ақ, ақынның (жалпы өнер адамы) кешіне оқырман келмей қалатын қолайсыз жағдай көз алдымызда өтіп жатыр. Түсірілімге дайындық барысында теледидардан есім-сойы әмбеге аян Мұхтар Шахановтың Түркістанда шығармашылық кешіне көрерменнің келіп тұрып, кетіп қалғанын көрсетіп жатқан хабарға көзім түсе қалды. Сол кезде ұйымдастырушы әйел: «Осындай атақты ақынды ешкім тыңдағысы келмей ме?! Бұл не деген сұмдық!» деп жыларман болып айтып тұрды. Дәл осындай таныс көріністі жас кезімде байқадым. Алматыда кітапханада сусын ішіп отырғанда, кітапханашы апай: «Мына залға келе қойыңызшы, қазір бір жазушымен кездесу болады», – деп өтінген еді. Залға кіріп, жан-жағымды бажайласам, кісі иісі сезілмейді. Алдыңғы қатарда кітапхана қызметкерлері ғана отырды. Алшаң басып, атақты жазушы кіріп келгенде, бос залды көріп, көңілі су сепкендей басылды. Жазушы ағамыз табиғатынан сабырлы екен, қасында қаламгерлер бар, өзі бар бір-екі сөзін айтып кетіп қалды. Мұндай ыңғайсыз жағдайға тек ақын-жазушылар ғана емес, ауторлық фильм түсіретін кинорежиссерлер де тап болып жатады. Кино түсіресің, айналғанда сенің фильмің өзіңнен басқа ешкімге керек емес болып шығады. Осы оқиғаның барлығы түпсанамда сақталып қалса керек, Герман Гессенің кітабы сол идеяға қайта алып келген болар деп ойлаймын. Фильмнің идеясы осындай дүниеден шығады. Киноның тіліне келіп тұрған сахнаны қалай түсірмей отырсың?! Алғашқыда режиссердің кеші секілді түсіргім келген. Алайда 2001 жылы «Жол» атты фильмде кинорежиссерді таспалаған соң, тавтологиядан қашып, ақынды түсірдім. Фильмдегі жаңа заман ақыны Дидарды өзіме әндері ұнайтын «Жігіттер» квартетіндегі Ердос Қанаев деген жігіт ойнады. Ол жақсы алып шықты деп ойлаймын.

Айтқанымдай, киноның өз тілі болады. Сол себепті Герман Гессенің идеясын толық алмай, оған Махамбет Өтемісұлының тағдырын қостым. Маған ақынның өлеңдері әуелден ұнайтын. Бірқос қазақ ақындарынан «Махамбет Абайдан да мықты, яки онымен тең» деп айтқанын естігенім бар. Себебі Махамбетпен тұстас тіпті оған дейінгі ақындардың өлеңі қазір ескіріп қалды. Ал оның
шығармалары неге екені белгісіз, көнерген жоқ. Құпиясын әдебиет сыншылары айтар, әйтеуір, осы күнге дейін оқылады. Ақынның өлеңінен бөлек, оның тағдыры және фильмдегі ең негізгі сахна – басын шапқан тұсы киноның тіліне сұранып тұр. Біз бұл сахнаны бір жеті түсірдік. Киноның премьерасынан кейін, батыс жақтан келген бір режиссер: «Сен қателесіпсің, біздің жақта ши өспейді», – деп айтқаны бар. Бірақ кейбір жері нақпа-нақ болуы шарт емес. Біз сол батыс жақтың дүниетанымы, өмір салтын көрсетуге тырысып бақтық. Мысалы, Махамбеттің киіз үйі батыс жаққа тән. Сырмақ, түндік, уық секілді киіз үйдің бұйымдары оңтүстік жақтан өзгеше келеді. Бір өркешті түйелері мен ат әбзеліндегі айырмашылықты да ескердік.

2020 жылы оператор, әкімші және мен – үшеуміз Атырау жаққа, Махамбет бабамыз жатқан Қараойға бардық. Сол кезді фильмнің ең соңынан көрсетілетін сахна – титр астына (подтитр) келетінін біліп, түсіріп алдық. Ол жаққа қазан айының қара суығы ұлып тұрған уақытта бардық. Жел үргенде өзімізді қоярға жер таппадық. Өте салқын жер екен. Батыстың адамдары күн райына қарай мінезді келетінін сол кезде түсіндім (күлді). Кесенеде арнайы тілек жазатын дәптерге «Махамбет баба, сіз туралы фильм түсіргелі жатырмыз. Рухыңыз бізді желеп-жебеп жатсын!» деп жазып кеттім. Сол кісінің рухы қолдаса керек, фильмді ойдағыдай аяқтадық.
Фильмді түсірерде ақын туралы көп іздендік. Қателеспесем, Махамбет ақынның туғанына 200 жыл толуына орай 20 томдық еңбек шығарған. Фильмді сол томның он төртінші кітабына арқа сүйеп түсірдім. Махамбет ақынның сүйегі туралы «Аңыз адам» журналынан мақала оқыған едім. Материалда бұрын Қазақстан компартиясын басқарған Жұмабай Шаяхметовтің ұлы антрополог-ғалым Ноэл Шаяхметов Махамбет, Құрманғазы, Қобыландының сүйектерін қазып алып, «Герасимов әдісі» арқылы кескінін жасап шығарғаны туралы жазылған. Дерекке сүйеніп, алпысыншы жылдардың бет-бейнесін дәл көрсету үшін көлік, киімдерді таптық. Шынымен үш адамның сүйегі Шаяхметовтің үйінде 17 жылдай жатып қалған. Алматыдан сол пәтерді тауып алдық. Сүйек негізі гаражда емес, шкафта сақталған. Жәңгір ханның шабарманы келгенде тарихи құжатта Махамбеттің қасында екі әйелі мен туысқандары болған деп жазылған. Бірақ кино болғандықтан көріністі соның бағытына икемдедік. Дерек бойынша, ақынды өлтіруге 15 адам келген. Сол кітапта алдымен төбелесіп, одан бір-бірін атуға ұласқанын жазады. Адамның басын кесіп алу – үлкен зұлымдық қой.
Қазақта домбыраның үндігіне қорғасын құйса да, ақынның басын шабу бұрын-соңды болмаған. Сондай жағдайға жететіндей ол жерде не болғанын білмейміз, оны тарихшылар түсіндіре жатар.
Кинода «көрсетпей көрсететін сахна» болады. Махамбеттің басын шапқанын көлеңкелеп, мұны өлтірген адамның қимылы арқылы кино тілінде көрсеттік. Кинода ақынды өлтіретін адамды сомдаған кісі кәсіби актер емес (мен фильмге кәсіби актер алмаймын). Кісі өлтірген адамның қаны басына шауып, түнеріп, ашуланып, бейне жыртқыш кейпінде шығу керектігін түсіндірдім. Сол күйді дәл беру үшін актер киіз үйдің ішінде отырып-тұрып жаттығу жасаған екен. Әбден қақсалданып, терлеген соң киіз үйдің ішінен шығып, қанжардан сорғалап аққан қанды сүртеді. Фильмнің қысқаша тарихы осындай...

– Ақын туралы фильм болғаннан кейін, оның өлеңі қатар жүреді. Бақсам, фильмде Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңі мен қазіргі заман ақындарының өлеңі жырланады. Кинодағы жыр шумақтарын өзіңіз таңдадыңыз ба?
– Кадрда оқылған өлеңдерді «Қазіргі қазақ поэзиясындағы ең жақсы ақындар» деп әдебиеттанушы-ғалым Әлия Бөпежанова таңдады. Кинода Ақберен Елгезектің «Ең әуелі сөз болған...» өлеңін Дидар оқыса, Ерлан Жүністің «Қарадым» жырын ақынның кешіне келген кекеш қыз оқиды. Ал Махамбеттің жырларынан үзінді Қараойдағы зираттың ішінде өрнектеп жазылған екен. Соны кадрға қостық (подтитр).

– Аристотельдің «Метафизика» еңбегінің бірінші кітабында: «Адам табиғатынан білуге құштар. Мұның бір себебі – адамға пайдасы бар ма, жоқ па, ішкі, тысқы сезім иірімі арқылы қабылдауға бейім келеді. Соның ішінде көз – адамның танымына үлкен әсер етеді» деген тұсы бар. Сіз сұхбатыңызда кинематографиялық қабылдау, кино көру мәдениеті туралы жиі айтасыз. Киноны түсіну үшін не істемек керек? Математика, философия секілді іргелі ғылымды оқу керек пе, яки киноны көп көру керек пе?
– Киноны қабылдаудың әртүрлі деңгейі болады. Бала кезде жай ғана фильм көресіз. Кино түсірген кезде сахна (киносцена) секілді қарайсың. Бетіне қалқымай, тереңге сүңги берсеңіз кадр, яғни мизансцена деңгейіне көтерілесіз. Мен фильмнің барлық сюжетін көрмей-ақ, бірінші кадрынан танимын. Өйткені кино тілі бар фильм емес, пленкаға түсірілген театр екені бірден байқалып тұрады. Содан шығар, қазіргі фильмдерді көру маған өте қиын.

Француз режиссері Робер Брессонның: «Көп адам тыңдайды, бірақ естімейді; қарайды, бірақ көрмейді» деген дәйексөзі бар. Кино көру үшін кейбір адамның әуезді сезе білетін түйсігі болатындай, табиғатынан көруге де қабілеті болу керек. Ол адамға қанмен беріледі. Сексенінші жылдары АҚШ Иракқа қарсы соғыс ашқанда парсы әскері америкалықтардың көзін алдау үшін картоннан тікұшақтар жасап қояды. Оны Америка әскері шын дүние деп ойлап, атқылай береді. Сонда француз режиссері Жан-Люк Годар: «Америкалықтар Хәлливудтың (Голливуд) фильмін көре-көре шын мен жасандыны айыра алмайды», – деп айтқаны бар. Сол секілді Хәлливуд (Голливуд) фильміне үйреніп қалған көрермен нағыз киноны қабылдай алмайды. Адамның көзін алдайтын фильмдер қазақтың кино алаңын да жаулап алды. Сол себепті адамның титімдей кезінен кескін, сымбат, фотография өнерінен түсінігі болса игі. Өнердің тарихын терсеңіз, әуелден адам сөзден көрі көз өнерін жоғары бағалаған. Бұл туралы атақты суретші Леонардо да Винчидің күнделігінде: «Көзден айырылған соқыр, тілден қалған мылқау, құлағы кесілген тас керең» деген таңдау берілсе, «Соқырлық – адамды сергелдеңге түсіретін үлкен трагедия, сондықтан көзді қалдырар едім» деген даналық айтады. Өнердің болмысын түсінгеннен кейін, кино теориясын білмек керек. Ол үшін Андре Базеннің «Кино дегеніміз не?», Зигфрид Кракуэрдің «Кино табиғаты» сынды киноны түсінетін ауторлардың шығармасын оқысаңыз болады. Қазіргі уақытта кино туралы теориялық еңбектердің қатары көп, алайда іші – сылдыр сөз ғана.

«Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтылмаған. Қазақтың дүниетанымында сөз бен саз, әуез біте қайнасып кеткен. Содан болар, қазақта бейнелеу өнері – ең бір кемшін қалған көрнек өнер. Бұл – жаман да, жақсы да емес, тарихи ақиқат. Қазақта тұңғыш суретші Әбілхан Қастеев, мүсінші Хәкімжан Наурызбаев осыдан жүз-ақ жыл бұрын шықты. Ал бұл уақыт – сурет өнері үшін өте аз жыл. Мысалы, Қытай, Египет, үнді-парсының кескін, сәулет, сымбат өнерінің тарихына үңіліп, арада қанша мың жыл өткенін пайымдай беріңіз. Мұхтар Әуезов Өзбекстанда тұратын, ұлты қазақ кескіндемеші Орал Таңсықбаевты елге алып келеді. Ол кісі екі-үш жылдан кейін өзбек еліне қайтып кетеді екен. Өйткені кескіндемешінің шығармашылығына ілуде бір қазақ қызықпаған. Халық қызықпаған жерде өнер кемелденбейді. Қазақ киносының ең үлкен мәселесі – театр ықпалынан арыла алмай келеді. Тұңғыш режиссер Шәкен Айманов театр актері, театр режиссері болған. Бәлкім содан болса керек, қазақтың киносында театрдың рөлі басым. Кино мен театр – екі бөлек дүние. Өкінішке қарай, бұны көрермен парқына барып, ажырата бермейді. Фильмге 90% театр әртістері түседі. Әрине, көрерменнің санасына сіңіп кеткен мұндай фильмдерге қарсы емеспін әм қарсы тұратын менде қауқар да жоқ.

– Болашақта кино түсіру жоспарыңызда бар ма?
– Қазіргі кезде кинотеатр етікшілердің дүңгіршегі секілді ақырын жоғалып, орнын цифрлы «Kinoplexx» басып барады. Дүниежүзіндегі атақты кинотеатрлар есте қалсын деген ниетте болар, «Ciné+» француз арнасында біраз жылдан бері «Әлемнің аңыз кинотеатрлары» деген жоба жүріп жатыр. Осы жобадан тапсырыс алдым. Алматы қаласында бұрын «Целинный» деген кинотеатр болды. Студент кезімде апта сайын сонда кино көруге баратын едім. 2023 жылы деректі фильм түсіру мақсатында барсам, жан-жағы қоршалған, жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Одан бөлек, өзім талай барған «Алатау» атты кинотеатрға бара қалсам, орнында «McDonalds» тұр. Не істеймін деп жүргенде, өзіміздің Талас ауданындағы Ақкөл деген ауылда мәдениет үйінде кино көргеніміз есіме түсті. Сол мәдениет үйінде бала кезімізде Иран, Америка, қазақ, үнді, кеңес кезінде түсірілген фильмдердің бірсыдырғысын көрдік. Тіпті сабақтан қашып, сонда кино көруге баратынбыз. Іздеп барсам, мәдениет үйінің бір тасы да жоқ, орнында қаулап шөп өсіп жатыр. Бірақ бала кезімде кино көрсеткен, киномеханик Бостан аға өмірде бар екен. Биыл 84-ке келді. Сол кісіні деректі фильмге тұтқа қылып, ауылдағы мәдениет үйі туралы түсіреміз деп француз продюсерлеріне айтып көрдім, олар да бірауыздан қолдады. Сөйтіп 52 минуттық деректі фильм түсіріп бітірдік. Қазір соны монтаждау үстіндеміз. Сәтін салса, қыркүйектің аяғына қарай толық фильм жиналады. Айтқандай, біткеннен кейін Франциядағы арнадан көрсетіледі. Оны керек қылса, Қазақстанда да көрсетуге болады.
Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Перизат Сариева,
«Орал өңірі»
