11.09.2026, 16:30
Оқылды: 9

Ақжайық ауданында «Тосап FEST» фестивалі өтті

Ақжайық ауданында алғаш рет «Тосап FEST» фестивалі өтіп, «Тәтті тосап – берекелі дастархан» байқауы ұйымдастырылды. Орталық алаңда өткен шараға ауданның әр елді мекенінен, мекемелері мен ұйымдарынан келген қатысушылар өздері дайындаған тосаптың небір түрін көпшілік назарына ұсынды.

IMG_2955

Тосап – жаздың шуақты күндері мен бақша өнімдерінің берекесін айшықтап, дастарханның сәнін келтіретін тағамдардың бірі. Ал Жайықтың қос қапталын тең жайлаған ауданымыз – бау-бақша өсіруге таптырмас өңір. Тұрғындар да еңбекқор, әр аулада жеміс ағаштарын, бағын жайқалтып өсіріп, күзге сала ұрасын қысқа жетерлік картоп, қырыққабат, асқабақ, сәбіз, қызылшасымен, ащы-тәтті салынған банкалармен толтырып алады. «Жаздың бір күні – қысқа азық» деп халқымыз бекер айтпаған ғой.

IMG_3058

Фестивальдің басты мақсаты – бақша шаруашылығына көпшілікті қызықтыру, тосап дайындау әдістерінің түрлерімен таныстыру.

Байқауға орай дастархан жайған қатысушылар тосаптың алуан түрін ұсынып, тәттіні қайнату сырын да  бөлісті. Алаңға жиналғандар кеңқанатты көрмені тамашалап, самсаған тосаптан дәм татты. Қатысушылардың қай-қайсысы да осал емес: дастарханды кеңінен жайып, 0,7 литрлік банкаға құйылған тосабымен толтырып, бұрқ-сарқ қайнаған самаурыннан шай ұсынып, қонақжайлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Қабағын түйген күн де көңіл-күйді түсірген жоқ – алаңда ән мен күй ойнап, ерекше жылы атмосфера орнады.

Қатысушылардың шеберлігіне аудан әкімі Мұрат Сердалин, мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, мекеме-бөлім басшылары, еңбек ардагерлері және тұрғындар куә болды.

IMG_3011

Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары, фестиваль идеясының авторы Зәйлім Мәжитова сөз сөйлеп, бастаманы қолдаған аудан әкімі М.Сердалинге және қатысушыларға алғысын білдірді. Ол Ақжайықтың табиғаты бай өлке екенін, аулаға жеміс-жидек егіп, өнімін қадеге жарату берекенің нағыз бастауы екенін атап өтті.

– Жер жомарт, еңбекқор жанға берекесін төгіп береді. Біздің ауданға – Жайығы, тоғайы және табиғи байлығына қызықпайтындар кемде-кем. «Қазаның оттан түспесін» деген халқымыздың жақсы тілегінің мәні де бүгін фестивальде ұсынылған берекелі дастарханмен үндеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 5 қарашада ішкі саясаттың негізгі бағыттары мен қағидаттарын бекітіп, отандық өнімді қолдау, әрбір отандық өнімге «Қазақстанда жасалған» деген белгі орнатуды тапсырған болатын. Бүгінгі дастарханға ұсынылып отырған тосаптар да – осы бағыттағы жарқын істердің  нақты көрінісі. Бүгін қатысушылар отандық өнімді қолдауды салт-дәстүрімізбен ұштастырып, бірліктің, еңбектің  нағыз мерекесін ұйымдастырды. Осындай шараның ауқымы жылдан-жылға кеңейіп, бақшасында бағын еселегендердің  қатары көбейе берсін. Баршаңызға еңбектеріңізге табыс тілеймін. Ақжайығымыз гүлденсін! – деді ол.

IMG_2895

«Тәтті тосап – берекелі дастархан» байқауындағы өнімдерді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жұмабек Ғалымжанов, кәсіпкер, аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Қарылға Молдағалиева және еңбек ардагері, «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығының мүшесі Людмила Катрасова бағалады.

IMG_3036

Фестиваль аясында өткен концертте ауданның шығармашылық ұжымдары мен көркемөнерпаздары өнер көрсетті. Үлгілі «Сымбат» би ансамблі «Қара жорға» биімен ашқан концертте  «Ақбота» және «Бөбек» балабақшаларының тәрбиеленушілері, Ақжайық балалар саз мектебінің вокалдық тобы, «Ақжайықтың маржандары» әжелер вокалдық ансамблі, «Раздолье» халықтық хор ұжымы, халықаралық байқаулардың лауреаты «Дарын» би ансамблі көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады.

IMG_2826

Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. І орынды «Ақбота» балабақшасы ұтып алды.

IMG_3112

Фестивальді дәстүрлі негізде өткізуге ұйғарысып тарады қатысушылар.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

IMG_3116

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале