22.09.2026, 12:00
Оқылды: 8

Жайық жұртының Гүлсімі

Облыстық халық шығармашылығы орталығында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мәдениет саласының ардагері Гүлсім Қадешеваның 80 жас мерейтойына арналған «Мәдени ғұмыр» бенефисі өтті.

06e54e5a-3d46-4f36-abb0-c9927d875aa6

Кештің шымылдығы әсерлі прологпен ашылып, мерейтой иесіне деген құрмет көрініс тапты. Экраннан көрсетілген бейнебаян арқылы Гүлсім Камелқызының жастық шағынан бастап мәдениет саласындағы қызмет жолы, оның басшылығымен өткен мәдени іс-шаралар, тарихи сәттер көрермен назарына ұсынылды.

«Ғұмыр дерегі» бөлімінде мерейтой иесімен мәдениет саласында әр жылдары бірге қызмет атқарған ардагерлер Феликс Баюканский және өнер адамдары, замандастары ҚР Халық күйшісі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Күйшілер одағының мүшесі Ермек Қазиев, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов жылы лебіздерін білдірді.

Шығармашылық ортадағы әріптестік байланысты еске алған «Парасат» орденінің иегері, ақын Айтқали Нәріков Гүлсім Камелқызының мәдениет пен өнерге жанашырлығын, ел ішіндегі өнер адамдарына қамқорлығын ерекше атап өтті. «Ақындар айтысы болайын деп жатыр. Сен соған қазылар алқасының мүшесі боласың, ешқайда кетіп қалма. Кенжеғали Балабасовтың өлеңдері, Нұфтолла Қоблановтың өлеңдер топтамасы, Құмарғали Ғұбайдуллиннің өлеңдері түсті. Олардың кітаптарын шығару керек, сен соған редактор боласың, корректор боласың, алғысөз жазасың» – дейді. Бұйрық береді, жұбайымен замандаспын, айтқанын орындаймыз. Мәдениет саласының қызметкерлері көпшіл болады. Адамға жанашыр, жүректері жұмсақ болып келеді. Осындай қасиеттердің барлығы біздің Гүлсімнің бойында бар», – деп естелік айтты ақын.

Мерейтой иесінің әріптестері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жаскелең Ғайсағалиев, ҚР Мәдениет қайраткерлері Есенкелді Молдағалиев, Нұргүл Бердашева және Бақытты Дәулетқалиева ақжарма тілектерін жеткізді. Гүлсім Камелқызының басшылығымен қызмет атқарған әріптестері оның адамгершілік қасиеті, өнерпаздарға деген қамқорлығы, ұжымға деген жанашырлығы мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі туралы әңгімеледі. Әсіресе, қоғамдық формациялар алмасқан өлі-ара шақтағы қиыншылықтарға байланысты орталықтың жұмысын тоқтатпай, қажет қаражатты өздері табуға тура келгенін шуақты кейіпте еске түсірді. Гүлсім Қадешеваның бастамасымен зауыт-фабрикаларға барып, олардың өнімдерін алып, саттыққа шығарып, мекемеге қаржылай кіріс түсірген кездер де әріптестер есінде екен. Сонымен қатар Гүлсім Камелқызының қуанышын бөлісу мақсатында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан арнайы келген туған-туыстары да кешіне қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.

– Осындай шуақты мерейтой күні баршаңызды көргеніме қуаныштымын. Саналы ғұмырыңыздың 35 жылын мәдениет саласына арнап, 15 жыл бойы облыстық халық шығармашылығы орталығына басшылық еттіңіз. Өнердің, мәдениеттің дамуына, халық шығармашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Еңбегіңіздің арқасында ұлттық өнеріміз ел ішінде ғана емес, шетел сахналарында кеңінен дәріптелді. Мәдениет саласындағы еселі еңбегіңіз мемлекет тарапынан бағаланып, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына және «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болдыңыз. Мерейлі жасыңызда сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін, – деп құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс әкімі Нариман Төреғалиев атынан Гүлсім Камелқызына алғысхат табыс етіп, сыйсияпат көрсетті.

Бенефистің «Ғұмыр діңгегі» қорытынды бөлімінде аға буынның өнегесі кейінгі ұрпаққа аманат екенін аңдадық. Жас буын өкілдерінің орындауындағы ортақ ән «ұрпақ сабақтастығы» өміршеңдігін көрсетті. Көрікті кештің көркемдік мазмұнын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Алтын домбыра» Президент сыйлығының иегері, әнші-композитор Марат Сарбөпеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанова және «Ақжайық» халықтық би ансамблі өз өнерлерімен толықтырды.  Кеш соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Мерғалиев Гүлсім Камелқызын ұжым атынан  құттықтады.

4b086c06-edba-44e8-a66a-31fc2c7dde49

Гүлсім Қадешева – саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметін абыроймен атқарып, өзін білікті басшы әрі ұйымдастырушы ретінде танытқан жан. Бұл күндері жас әріптестері оған «анамыз» деп ыстық ықыласпен  қарайды, замандастары «Біздің Гүлекең» деп құрметтейді. Ал өзінің шаңырағында ұрпақ өрбіткен ана, аяулы ене, шөбере алақанынан май жалаған әже. Білген адамға осыдан артық бақыт бар ма?!

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале