Бөкей ордасы ауданында жыл басынан бері Бөкей хандығының 225, Хан ордасы ауылының 200, Жәңгір хан атындағы орта мектептің 185 жылдығы аясында мәдени-спорттық шаралар өтуде.

Сондай шараның бірі бүгін аудандық ішкі саясат, білім беру бөлімдерінің қолдауымен аудандық білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
«BOKEI. BILIM. QUEST» облыстық интеллектуалды туриадасына облысымыздың Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Бөкей ордасы аудандары мен Орал қаласының білім саласы ардагерлері мен қызметкерлері, мекеме басшылары, еңбек ардагерлері қатысты.

Алғашқы күн шара қатысушылары музей-қорықты аралап, қазақтың соңғы хандығы туралы құнды ақпараттарға қанықты.
Туриада шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың құттықтау сөзімен ашылды. Одан әрі шараның ұйымдастырушысы — ардагер ұстаз, «Бөкей ордасы ауданының білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найлягүл Нарбулова сөз алып, командаларға сәттілік тіледі.

Туриада «Гитара үні», «Жылдам баспана», «Кім білгір?», «Кім мықты?» сынды бірнеше кезеңнен тұрды.

Сайыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте III орынды Казталов ауданы, ІІ орынды Бөкей ордасы ауданы, І орынды Жәнібек ауданы иеленді.

«BOKEI. BILIM. QUEST» облыстық интеллектуалды туриадасы ардагер ұстаздар мен жас мамандар арасындағы сабақтастықты тағы бір мәрте дәріптеді десек болады.

Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы