27 қыркүйек – Машина жасаушылар күні
Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде Машина жасаушылар күні аталып өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміз өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. Биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы машина жасау саласына технологиялық тұрғыдан тың серпін береді.

Сурет: istockphoto.com
Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің локомотиві саналатын отандық машина жасау саласы мемлекеттің орнықты саясаты арқасында өрге тартып келеді. Мемлекет басшысы бұл салаға инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруға тапсырма берді. Сонымен қатар өз өнідірісімізді дамыту, терең өңделген өнімдерді шығару, экспортқа бағытталған өнім түрлерін молайту да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Биылғы сәуір айында өткен Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумында былтыр машина жасау өндірісі өнімінің 5,7 трлн теңгеге жеткені, нақты көлем индексінің 13%-ға өскені айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа ұмтылысы қарқынды екенін, соңғы бес жылда экспорт көлемі екі еседен асып, 3,1 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Бұл күндері елімізде төрт мыңға жуық зауыт жұмыс істейді. Олардың сапында батысқазақстандық кәсіпорындар да бар.
– Машина жасау – Ақ Жайық өңірінің өңдеу өнеркәсібіндегі маңызды салалардың бірі. Саланың дамуы өңір экономикасын әртараптандыруға, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіруге, импортты алмастыруға және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Биылғы өткен жеті айдың қорытындысында облыста өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 2 млрд 278 млн 800 теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 197 млрд теңгені құрады. Осы мерзімде машина жасау саласының өндіріс көлемі 30 млрд теңге болды, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиева.
Облыста мұнай-газ, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да өнеркәсіп салаларына қажет машина жасау өнімдерін шығаратын бірқатар ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Саланың жетекші кәсіпорындарының қатарында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Зенит» Орал зауыты», «Оралагрореммаш» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС және басқа да зауыттар бар.
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мұнай-газ және энергетика салаларына арналған технологиялық жабдықтарды өндіруге маманданған. Кәсіпорында мұнай мен газды өндіру және өңдеу нысандарына арналған түрлі жабдықтар шығарылады. Ал «Зенит» Орал зауыты» АҚ – отандық кеме жасау саласының жетекші кәсіпорындарының бірі. Өндіріс орнында күштік құрылымдарға арналған су құралдары, катерлер мен кемелер жобаланып, өндіріледі.
Кәсіпорын күрделі және жоғары технологиялық бағыттарды игере отырып, технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көшуде. Өткен жылы зауытта кеме жасау бағытындағы ірі жобаларды іске асыру ісі жалғасты. Атап айтқанда, «Айбар» жобасы бойынша шағын күзет кемесі құрастырылып, теңізге жіберілді. Кеме мемлекеттік шекараны және аумақтық су белдеуін күзету, Каспий теңізін патрульдеу, браконьерлік пен заңсыз кеме қатынасының жолын кесу үшін пайдаланылады. Осы жылы Шаған өзенінде көпфункционалды қосалқы жабдықтау кемесі суға түсірілді. Ондай ірі кеменің су ығыстырымдылығы шамамен 750 тоннаны құрайды. Кеме Каспий өңірінің ерекшеліктерін ескере отырып жобаланған және жоғары дербестігімен, қатал ауа райы жағдайла-
рына төзімділігімен, жүру қашықтығы мен навигациялық қауіпсіздік бойынша жақсартылған сипаттамаларымен ерекшеленеді. Мұндай қуатты әрі ірі кемені шығару жергілікті кәсіпорынның әлеуетін, инженер, техника саласындағы мамандардың жоғары білім-біліктілігін көрсетеді.
«Оралагрореммаш» АҚ арнайы техникалар, оның ішінде сыйымдылықты-цистерналар, өрт сөндіру, тіркеме және коммуналдық техникалар өндірісіне маманданған. Кәсіпорын өңірдегі және республикадағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз етуге үлес қосуда.
«Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның қауқары 12 мың дана трансформатор өндіруге жетеді. Зауыт бұйымдары экспортқа бағытталған. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және отандық машина жасау өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Машина жасау кәсіпорындарының қызметі өңірдегі ірі мұнай-газ және өнеркәсіптік компаниялармен тығыз байланыста дамуда. Өңірде машина жасау саласын одан әрі дамыту – өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыруға, бәсекеге қабілетті отандық өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»