Өткен аптада Оралдағы Жастар мәдениет сарайында «Elge qyzmet: жауапкершілік пен мүмкіндік» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Іс-шараға арнайы шақырылған спикерлер қатарында облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов болды. Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының тыңдаушылары, жоғары және арнайы орта білім беретін оқу ордасының студенттері және мектеп көшбасшылары қатысты.

Тәжірибелі мамандар мен жастарды тоғыстырған мазмұнды кездесуде ине шаншыр орын болмады. Агенттік филиалының басшысы Мұрат Сейілбекұлының айтуынша, іс-шара мемлекеттік қызмет аясында іске асырылып жатқан жобалармен таныстыру және мемлекеттік қызметшінің мүмкіндігі, міндеті, қызметке тұру тәртібін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған. Іс-шарада елге қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер сөз сөйлеп, өздерінің еңбек жолы, аталмыш саланың мән-маңызы туралы баяндады. Танымдық іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Серікұлы ҚР «Мемлекеттік қызмет» туралы заңға тоқталды.

– Мемлекеттік қызметкер – мамандық иесі ғана емес, ол әділ, отансүйгіш адам болуы керек. ҚР «Мемлекеттік қызмет» туралы заңында мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігіне бағыт-бағдар беруден бөлек, әлеуметтік жағдайына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар да қамтылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық филиалының басшысы Мұрат Сейілбекұлымен бірлесе отырып, былтыр жастар резервін жасақтадық. 500-ге жуық адамнан әбден лайық деген 30 маман таңдалды. Бүгінгі күнге дейін таңдалған 30 адамның 23-і мемлекеттік қызметке орналасты. Болашақта мемлекетке қызмет етемін деген жас талапкерлерге осындай мүмкіндік қарастырылған, – деді аппарат басшысы.
Мемлекеттік қызметке орналасу талабы туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Мұрат Байсалов кеңінен тоқталды. Басшының сөзінше, 2023 жылы аудандық, ауылдық деңгейде мемқызметкерді жұмысқа байқаусыз қабылдау тетігі енгізілген. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында олардың тұрғын үй мәселесін шешіп, қаржылай қолдау қарастырылған.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы сайлауалды тұжырымдамасына сәйкес: Президенттік жастар кадры іріктелді. Қазіргі таңда төрт рет іріктеу өтті. 450 резервшінің 82%-ы білімі мен тәжірибесіне орай басшы лауазымына тағайындалып, еліміз-
дің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Біздің облыста үш резервші жұмыс істейді. Өңірлік резервтің басты мақсаты – өңірдегі басқаруды дамытып, кейін ауылдық, аудандық деңгейде жұмыс істеу үшін тәжірибе жинақтау. Президент 2024-2029 жылы арналған «Мемлекеттік қызметтің даму тұжырымдамасы» туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Биыл 1 шілдеде қабылданған заңда мемлекеттік қызметкердің миссиясы мен мақсаты айқындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік жағдайы мен құқығын қорғау жөнінде мәселелер қамтылған. Еңбек нарығында ешқандай салада кездеспейтін – мемлекеттік қызметшілер жалақысының индексациясы енгізілді. 2029 жылы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын күшейту үшін горизантальды меритократия қағидатын енгізу жоспарда бар. Биылдан бастап жасанды интеллектіні мемлекеттік қызмет агенттіктеріне енгізуде, – деді М. Байсалов.
Кездесуде сөз кезегі мемлекеттік қызметке енді қадам басқан талапты жастар мен мектеп көшбасшыларына ұсынылды. Теректі ауданы Подстепный ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Інжумаржан Төлеуова, Бәйтерек ауданы Көшім ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айкүміс Мұғалім және дарынды балаларға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Аяна Хайрушева сөз алды. Жас мамандар алғашқы еңбек жолы, аз уақыттың ішінде атқарған жұмысы,
функционалдық міндеті, жауапкершілігі және мүмкіндігі туралы қысқаша айтып өтті. Ал келер жылы білім ошағын бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған Аяна Хайрушева мектептегі олимпиада, спорт, ғылым бағытында өтіп жатқан байқаулардың маңыз-
дылығы, көшбасшылықтың болашақ өмірге әсері, жастардың әлеуеті туралы айтып өтті. Сонымен қатар сабақтан тыс қоғамдық іс-шараға атсалысу, мектептегі оқушылар арасындағы буллинг, құқық мәселелері және ерікті жастардың ұйымдастырып жүрген жобалары туралы қысқаша баяндады.
Келелі кездесу тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер мен жастар арасында сұрақ-жауап айдарына өрбіді. Жас мамандар, белсенді студенттер, мектеп көшбасшылары қойған сауалдарға Мұрат Сейілбекұлы толымды жауап берді. Басшы мемлекеттік қызметкердің бойында болуы керек әдеп, құқық, бейтараптылық, әділдік, ашықтық қағидаттарына тоқталды. Болашақта мемлекеттік қызметші боламын деп талпынып жүрген жас өрендерге көп кітап оқуға, мемлекеттік басқару жүйесіндегі қабылданған шешімдерді мұқият оқып, зерделей білуге дағдылану керектігін түсіндірді.
Перизат Сариева,
«Орал өңірі»