Қазақстанда 25 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланды
25.09.2026, 17:30
Оқылды: 6

Бөрлідегі берекелі бастамалар мен баянды істер

Облыс  әкімі  Нариман  Төреғалиев    жұмыс  сапары  аясында  Шыңғырлау  ауданынан  кейін,  Бөрлі  ауданына  ат  басын  бұрды. Өңір  басшысы  алдымен  жаңғыртылып  жатқан «Жастар» стадионына барды.  1,87 гектар аумақты қамтитын спорт кешені «ҚПО б.в.»  компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында қайта жаңғыртылуда. 

946e6aec-29a8-41b6-a7e9-8085c49eeb31

Жобаның негізгі жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.  Мұнда спортзал, FIFA талаптарына сай футбол алаңы, ойын және жаттығу алаңдары, экстремалды аймақ қарастырылған. Бұл – әсіресе жасөспірімдер мен жастардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беретін керемет орынға айналмақ.  Спорт инфрақұрылымының  жаңаруы бұқаралық спортты дамытуға да серпін берері сөзсіз.  Одан кейін ат басын тіреген Ақсайдағы жаңарған «Қарашығанақ» қонақүйі де қаланың жаңа келбетіне өзіндік көрік қосуда. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешенде 91 бөлме, демалыс және қызмет көрсету аймақтары бар.  Мұндай нысандар қаланың туристік және іскерлік тартымдылығын арттырып қана қоймай, инвестициялық ахуалдың жақсаруына да ықпал етеді.

c34c8555-ecd5-4fae-b804-20488a9712bb

Төрт ауданға қызмет көрсететін аурухана

Бөрлі аудандық ауруханасын жаңғырту – аудан үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі. 1988 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медициналық мекеме бүгінде 58 мыңға жуық тұрғынға, Қарашығанақ кен орнындағы мыңдаған вахталық жұмысшыға және көршілес аудандардан келетін науқастарға қызмет көрсетеді. Аурухананы жаңғыртуға 4 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Қазір мұнда 7 мың шаршы метрлік жаңа корпус бой көтеруде. Онда кардиология, инсульт және перзентхана бөлімшелері ашылады. Сонымен бірге магниттік-резонанстық томограф пен ангиографқа арналған жеке ғимарат салынады. Жаңғырту нәтижесінде төсек саны 125-тен 154-ке дейін көбейіп, аурухана көпбейінді ауданаралық медициналық мекеме мәртебесіне ие болады. Бұл – күрделі оталардың бір бөлігін тұрғындардың өз ауданында жасауға мүмкіндік  береді.

– Бұл медициналық мекеме Бөрлі, Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының тұрғындарына стационарлық көмек көрсететін ауданаралық ауруханаға айналады. Қызмет көрсетілетін халық саны 102 мыңнан асады. Жобаның басты ерекшелігі – бірқатар медициналық қызметті тұрғындардың өз ауданында алуға мүмкіндік туады. Мәселен, бұрын кардиология бойынша облыс орталығына жолданатын науқастардың бір бөлігін енді осында емдеуге жағдай жасалады. Осылайша тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі артады, – дейді Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Алтынай Баймұратова.

Ауданда денсаулық сақтау саласын дамыту мұнымен шектелмейді. 2023-2026 жылдары «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жеті медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Ақбұлақ пен Қарағанды ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, Аралталда дәрігерлік амбулатория, Жаңақоныс, Ақсу, Облавка және Қарақұдық ауылдарында медициналық  пункттер  бой көтерді.

Аудандық аурухананы аралаған соң облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ақсай қаласында Бөрлі ауданының тұрғындарымен кездесті. Өңір басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеру мәселесіне ерекше тоқталғанын айтты. Президентке кен орнында құны 1,7 трлн теңге болатын, жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысының басталатыны баяндалды. Бұл – Қарашығанақтың өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретін маңызды жобалардың  бірі.

– Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерде замана-
уи инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Осы міндет аясында Бөрлі ауданында денсаулық сақтау, спорт және қызмет көрсету салаларында маңызды жобалар жүзеге асуда. Басты мақсат – тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді жағ-
дай жасап, олардың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Нариман Төреғалиев.

Ақсайдың ажарын аша түсетін жобалар  көп

Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ауданның даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Оның айтуынша, кейінгі төрт жылда аудан экономикасына 1 трлн 208,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Оның 1 трлн 136,6 млрд теңгесі – жеке инвестиция. Бұл – ауданның инвесторлар үшін тартымды екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Қарашығанақ кен орнын  одан әрі игеру де өңір экономикасына жаңа серпін бермек. Мемлекет басшысына таныстырылған жобалардың қатарында құны 1,7 трлн теңге болатын, жылына 5 млрд текше метр газ өңдеуге мүмкіндік беретін зауыт құрылысы бар. Сонымен қатар ауданда өндірісті кеңейту, қонақүй кешендерін дамыту, сүт өнімдерін өңдеу, технологиялық үдерістерді цифрландыру секілді бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде ауданда 56 мыңнан астам адам тұрады. Халықты жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту, жастарды қолдау және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларға көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы жүздеген азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Мемлекеттік гранттар да кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға қолдау көрсетуде. Атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтуға да басымдық  беріліп  отыр.

Аудан әкімінің берген мәліметі бойынша, соңғы жылдары Жарсуат ауылында 108 орындық мектеп пайдалануға берілсе, «Келешек мектептері» жобасы аясында Ақсай қаласында 300 және 900 орындық, Пугачев ауылында 300 орындық білім ошақтары салынды. Бұл жобаларға 13 млрд теңге бағытталды. Спорт пен мәдениет саласындағы нысандар да жаңарып келеді. 2025 жылы Кеңтүбек, Жарсуат және Қызылтал ауылдарында үш спорт нысаны салынды. Бумакөл, Жарсуат және Кентүбек ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. Ал Ақсай қаласында Оқушылар сарайы мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Жастар стадионы да қайта жаңғыртылуда.  Алдағы жылдары Ұлттық спорт түрлері орта-
лығын салу және «Наурыз» демалыс және мәдени саябағын реконструкциялау жоспарланған.

Жол – тіршіліктің күретамыры

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ең алдымен, жол сапасымен тығыз байланысты. Бөрліде бұл бағытта соңғы жылдары ауқымды жұмыстар жүргізілді. 2023-2026 жылдары 82,3 млрд теңгеге 294,9 шақырым жол жөнделіп, жаңғыртылды. Республикалық және облыстық маңызы бар күрежолдармен қатар, Ақсай қаласы мен ауылдардың ішкі жолдары да кезең-кезеңімен жаңаруда. «Подстепный – Федоровка – РФ шекарасы» аутожолының бір бөлігі толық реконструкцияланып, пайдалануға берілді. Келесі учаскеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. «Федоровка – Ақсай» жолының 21 шақырымдық бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Ақсай қаласының өзінде де ондаған шақырым жолға асфальт төселіп, көшелер мен шағынаудандардың инфрақұрылымы жақсарды. Теміржол инфрақұрылымын жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Ақсай қаласындағы теміржол вокзалы 732,5 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар игілігіне берілді.

Бөрлі ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 2023-2026 жылдары 10,9 млрд теңге бағытталып, 88 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде ауыз сумен қамтуға ерекше мән берілді. Ақсайдың бірқатар шағынауданындағы су желілері жаңартылды. Димитров ауылына су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылу деңгейі 100%-ға жетті. Газдандыру бағытында да оң көрсеткіш бар. Қазіргі таңда аудан халқының 99,8%-ы көгілдір отынға қол жеткізген. Электр желілерін жаңарту нәтижесінде олардың тозу деңгейі 83%-дан 57%-ға дейін төмендеді. Көппәтерлі тұрғын үйлердің де жағдайы жақсарып келеді. Соңғы жылдары Ақсайда 36 лифт ауыстырылып, бірнеше үйдің шатыры мен инженерлік желілеріне  күрделі  жөндеу  жүргізілді.

85 жұмыс орны ашылды

Аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың айтуынша, тұрғындарды баспанамен қамту – ауданның әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. 2023-2026 жылдары 9,2 млрд теңгеге 547 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Алдағы кезеңде де бұл жұмыс жалғаса бермек. 2027 жылы аудан бойынша 58 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ақсайдың тазалығы мен абаттандырылуы да айрықша назарда. Соңғы төрт жылда елді мекендерді көркейтуге бағытталған 31 жоба іске асырылды. Демалыс орындары, балалар және спорт алаңдары абаттандырылып, аулалар мен көшелердің көркі жаңарды. Бұл – қаланың сыртқы келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар. Бөрліліктердің әлеуе-ті тек мұнай-газ секторымен шектелмейді. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік те аудан экономикасын әртараптандырудың маңызды тетігіне айналып келеді. Соңғы жылдары ірі қара саны 26,5 мыңнан
32,2 мың басқа, қой 25,1 мыңнан 30 мың басқа, жылқы 10,3 мыңнан 11,6 мың басқа дейін өсті. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 439,4 млн теңге көлемінде субсидия берілді. Соңғы төрт жылда 169 шаруашылық 4,5 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы мен құралжабдықтарын жаңартты. Ауданда суармалы егіншілікке де басымдық берілуде. Қазір 350 гектар суармалы жер игерілуде. «Жарсуат» серіктестігі 950 гектар жерді игеру жобасын жүзеге асыруда. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да нақты нәтижесін беруде. 2023 жылдан бері 76 жобаға 683,5 млн теңге қаржы бөлініп, 85 жаңа жұмыс ор-ны ашылды. Бағдарлама аясында мал шаруашылығы, жылыжай, наубайхана, тігін цехы, қызмет көрсету, құс шаруашылығы бағытында түрлі  жобалар  жүзеге асуда.

Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарда

Жиында тұрғындардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Ақсайда өрттен қорғауға арналған инфрақұрылым күшейтіліп, жаңа өрт сөндіру бекеттері салынды. Елді мекендерді су басудан сақтау мақсатында инженерлік нысандар бой көтерді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бейнебақылау камералары орнатылуда. Ақсайда 300-ден астам камера жұмыс істейді. Оның бір бөлігі жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Сонымен қатар ауданның цифрлық инфрақұрылымы дамып келеді. Елді мекендердің басым бөлігі интернетпен және ұялы байланыспен қамтылған. Шалғай ауылдарға спутниктік байланыс технологиялары енгізілуде. Алдағы жылдары бірқатар ауылды талшықты-оптикалық интернет желісіне қосу  жоспарланған.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев  Ақсай қаласының тазалығы мен абаттандырылуына оң бағасын беріп, бұл бағыттағы жұмысты өзге аудандарға үлгі етті. Кездесуде тұрғындар медицина мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру, медиацияны дамыту, салық жеңілдіктерін қарастыру мәселелерін көтерді. Облыс әкімі сауалдарға жауап қатып, тиісті тапсырмалар берді. Кездесу соңында өңір басшысы өтініш білдірген азаматтарды жеке қабылдап, олардың мәселелерін  тыңдады.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале