Жақында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Щапов ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы, елді мекендердің әлеуметтік жағдайы және тұрғындарды толғандыратын мәселелерді назарға алды.

Облыс әкімінің Бәйтерек ауданындағы сапары Щапов ауылдық округіндегі «Қажығалиева» шаруа қожалығынан басталды. Мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендетуге басымдық берілген. Шаруа қожалығы Қостанай облысынан алып келген «Әулиекөл» тұқымды ірі қара малды жергілікті жерде өсіріп, көбейтумен айналысады. Алынған төлдерді өңірдің өзге аудандарына сұранысқа қарай өткізіп, шаруашылықтағы мал басын асылдандыруға мүмкіндік беруде.
– «Қажығалиева» шаруа қожалығы 2022 жылы құрылып, содан бері асыл тұқымды мал өсіріп келеді. Қазір шаруашылығымызда 100 бас сиыр бар. Мал тұқымын жақсарту мақсатында бірінші санатты асыл тұқымды бұқаларды алып келеміз. Ал одан алынған төлдерді 6-7 айлығында сатылымға шығарамыз. Ірі қарамен қатар «Мұғалжар» тұқымды жылқы да өсіріп отырмыз. Мал азығын өз күшімізбен дайындаймыз. Арнайы шөп екпейміз, жайылымның пайдасын көріп отырмыз. Дегенмен шаруашылықты кеңейтіп, мал басын көбейтуге жер көлемінің аздығы қолбайлау болып тұр. Қазіргі таңда шамамен 600 гектар жеріміз бар. Қолдағы мал санына жеткілікті болғанымен, мал басын одан әрі көбейтуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан алдағы уақытта жер көлемін ұлғайтып, шаруашылықты кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Қазіргі кезде қожалықта төрт адам тұрақты жұмыс істейді. Ал маусымдық жұмыс кезінде қосымша бес адамды жұмысқа тартамыз. Ауылда еңбек ететін азаматтарға тұрақты жұмыс орындарын ұсыну біз үшін де маңызды. Шаруашылықты бір күнде үлкен кәсіпке айналдыру мүмкін емес. Ең бастысы – малдың тұқымын асылдандырып, өнімділігін арттырып, біртіндеп дамуға ұмтылу, – дейді «Қажығалиева» шаруа қожалығының иесі Ерболат Сағидоллаұлы.

Облыс басшысы шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысып, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ мал шаруашылығындағы өсімді одан әрі жалғастыру үшін асыл тұқымды малдың үлесін арттыру, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін күшейту және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Щапов ауылындағы мәдени-спорт кешенінде Бәйтерек ауданының тұрғындарымен кездесті. Ең алдымен, әкім маңызды жобаларды атап өтті.
Инвестиция – өндірістің жаңа тынысы
– Жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі толық орындалды. Негізгі көрсеткіштердің барлығына қол жеткіздік. Бірақ алда тұрған міндеттер де аз емес. Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған негізгі міндеттердің бірі – инвестиция тарту. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға басымдық беруіміз керек.
Өңдеу өнеркәсібі 2024 жылмен салыстырғанда 14,5%-ға өсті. Дегенмен біз өңір экономикасының Қарашығанаққа, яғни жер қойнауындағы мұнай-газ қорына тәуелді екенін жасырмаймыз. Мемлекет басшысы да осы мәселені айтып келеді. Сондықтан жер астындағы байлыққа тәуелділіктен біртіндеп арылып, жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестиция тартуымыз қажет. Заманауи технологияларды енгізіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру – басты міндет. 2023 жылдан бері облысқа тартылған инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Соның нәтижесінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Соның бірі – жиырма жылға жуық уақыт бойы шешімін таппай келген Сәтимолла кен орнын игеру жобасы.
Сәтимолла бор-калий кен орны 1964 жылы ашылған. Ақжайық ауданындағы Базаршолан елді мекені маңында орналасқан кен орнындағы калий кенінің (К2О) бекітілген қоры 3,1 миллиард тоннаны құрайды. Жоба аясында жерасты кеніші мен байыту фабрикасы салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады. Оның ішінде ұзындығы 80 шақырым болатын теміржол, электр желісі, газ құбыры, техникалық және ауыз су құбырлары бар. Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделіп отыр. Алғашқы 1-4 жыл аралығында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін дайын калий тыңайтқыштарын өндіру жоспарлануда. Кейін өндіріс көлемін жылына 3 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұл кезеңде шамамен 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. 4-7 жылда шамамен 3100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, 7-10 жыл аралығында жылына 6 миллион тоннаға дейін дайын калий тыңайтқыштарын өндіру жоспарланып отыр. Осы кезеңде 4900-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салу да біз үшін аса маңызды жаңалық. Бұл бастама Мемлекет басшысының тікелей қолдауына ие болды. Құрылысты 2026-2030 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұған дейін өңірде өндірілген шикі газдың бір бөлігі Ресейде өңделіп келген болатын. Енді бұл жұмысты өз өңірімізде жүргізуге мүмкіндік алып отырмыз. Энергетика саласында да нақты жұмыс атқарылып жатыр. Қуаты 50 МВт болатын жел электр стансасын салып жатырмыз. Бұған қосымша тағы 50 МВт қуат өндіретін станса салу жоспарланған. Бүгінде облыс орталығы электр энергиясымен толық қамтылған. Ал Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін табады.
Ауылдарды біртіндеп дамыту – негізгі бағыттарымыздың бірі. Менің қабылдауыма түрлі мәселемен келетін азаматтар көп. Бірі баспана, бірі жұмыс сұрайды. Тіпті баласын мектепке алып бару үшін жолақысына қаражаты жетпейтін отбасылар кездеседі. Ондай кезде «Ауылға барыңыздар!» деп айтамын. Ауылда үй де, жұмыс та бар. Балаларыңыз мектепке жақын жерде оқиды. Ең қуантатыны – ауылдағы ағайынның жаңадан қоныстанған отбасыларға қолдау көрсетуі. Шаруа қожалықтарының азаматтары көшіп келген отбасыларға мал беріп, жағдайын жасауға көмектесіп жатыр. Осындай азаматтарға алғыс айтамын. Бір кездері әке-шешеміздің қара шаңырағын бұзып, жаппай қалаға көштік. Кейде қиындыққа тап болуымыздың, жолымыз болмай жүргеніміздің бір себебі – сол қара шаңырақты өз қолымызбен бұзып, ауылдан алыстағанымыз ба деп ойлаймын. Енді сол қара шаңырақты қайта көтеріп, ауылды жандандыратын уақыт келді. Ауылда адал еңбек етіп, өз шаруашылығыңды дөңгелетіп, бала-шағаңды өсіріп, елдің дамуына өз үлесіңді қосуға толық мүмкіндік бар. Біз үшін ең бастысы – ауыл тұрғындарына осындай мүмкіндік жасау. Сондықтан ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған істерді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өз баяндамасында.
Әлеуеті жоғары аудан
Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп беріп, соңғы жылдары атқарылған жобалар мен алдағы міндеттерді ортаға салды. Аудан экономикасына кейінгі төрт жылда 233,8 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл қаражат өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға да мүмкіндік берді. Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыс атқарылды. Ауданда 13 медициналық нысан мен 2,4 мыңнан астам оқушыға арналған сегіз мектеп бой көтерді. Үш жылдың ішінде 13,7 млрд теңгеге 193,1 шақырым жол жөнделіп, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 42,8%-дан 73%-ға дейін өсті.
– Тұрғындар үшін ең маңызды мәселелердің бірі – ауыз су мен электр желілерінің жағдайы. Бүгінде аудан халқын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Ал электр желілерінің тозу деңгейі 89,5%-дан 74%-ға дейін төмендеді. Елді мекендердегі тұрғындардың ұсыныс-тілектері де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Щапов ауылында мәдениспорт кешені, Дариян ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ел игілігіне берілді. Махамбет елді мекенінде 7,6 шақырым жол жөнделсе, Озерный, Володар және Новенький ауылдарындағы электр желілері жаңартылды. Ауданның негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығында да өсім бар. Егістік алқабы 2023 жылғы 254,6 мың гектардан 267,1 мың гектарға дейін ұлғайды. Суармалы жер көлемі 5463 гектарға жетті. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға жасалған қадамның нәтижесі.
Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз жемісін беріп отыр. Бағдарлама аясында 273 жобаға 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 324 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауына, шаруашылығын кеңейтуіне және тұрақты табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік беруде, – деді Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталған облыс әкімі кәсіпкерліктің кең қанат жайғанын атап өтті. Оның айтуынша, Бәйтеректің бұл бағыттағы әлеуеті әлі де жоғары. Сондықтан алдағы кезеңде инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында іс-шаралар жалғаса бермек. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Тұрғындардың өтініш-тілегі
– Жеке басыма қатысты да, ауыл тұрғыны ретінде де екі мәселені көтергім келеді. Өзім Щапов ауылындағы Құрманғазы көшесінде тұрамын. Ең өзекті мәселе – жол. Қызым биыл үш жасқа толды. Дүниеге келгеннен бері қалаға бару үшін үнемі көлік жалдаймын. Такси жүргізушілеріне Құрманғазы көшесінде тұратынымды айтсам, «Ол жақтың жолы нашар, су, батпақ, кірмейміз» деп бас тартады. Кейбірі тіпті жолдың жағдайына байланысты келмей, кері қайтып кетеді. Қазір жол біршама тәуір болғанымен, жаңбыр жауған кезде шұңқырлардың бәрі суға толып, көліктің асты тиеді. Сондықтан осы көшенің жол мәселесі шешілсе екен дейміз.
Екінші мәселе – бұралқы иттер. Таңғы сағат бесте сиыр саууға шығамыз. Қораның артында бес-он ит жатады. Үйде елу қаз, жиырма тауық ұстаймын. Былтыр шарбақтың ішінде жүрген он бес балапанымды иттер талап кетті. Бұл мәселені аудан басшылығына да айттым. «Ит атуға оқ берілмей жатыр, ит атуға болмайды» деген жауап естідім. Бірақ қаңғыған иттерден малымызды қорғай алмай, шығынға батып отыра беруге болмайды ғой. Сонымен қатар малға қатысты мәселе де бар. Жұбайым вахталық жұмыста болғандықтан, үйдегі малдың бәрін өзім қараймын. Былтыр бір үйір жылқы қорамның артындағы сатып алған шөбімнің бәрін жеп кетті. Иесіне хабарласып, «Малыңызды жинап алыңыздар» деп айттым. «Жұмыстамын» деген жауап алдым. Мен ол шөпті өз ақшама сатып алдым. Сондықтан әр тұрғын өз малына жауапкершілікпен қараса екен деймін.
Бізге ең керегі – көшедегі жолдың ретке келуі, қаңғыған иттер мәселесінің шешілуі және малдың қараусыз жүрмеуі, – деді ауыл тұрғыны Нұрғаным Сапарғалиқызы.
Оны тыңдаған облыс әкімі ауылішілік жолдарды алдағы уақытта кезең-кезеңімен қарастыру қажеттігін айтты. Қазіргі таңда негізгі басымдық магистральдық және ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге беріліп отырғанын жеткізді. Одан бөлек қараусыз жүрген жылқылар жөнінде учаскелік полиция инспекторына хабарласып, ресми түрде шағым түсіруді ұсынды.
Әкімнің айтуынша, кей жағдайда ауызша ескертудің өзі жеткіліксіз. Сондықтан мал иелері жауапкершілікпен қарамаса, тиісті мамандарға хабарлап, заң аясында шара қолдану қажет. Ал жиынға қатысқан сала мамандары бұралқы иттер мәселесіне қатысты тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын, иттерді аулау және жою бойынша шаралар әлі де жалғасатынын атап өтті.
Кездесуден кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиев азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер тиісті мекемелерге жолданып, олардың шешілуі бақылауға алынады.
Өндіріс қуаты артады
Бәйтерек ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың бірі – құс шаруашылығы. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауданға жұмыс сапары барысында Щапов ауылдық округінде орналасқан «Жайық ет» ЖШС-ның құс фабрикасына барып, кәсіпорынның өндіріс қуатын арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты.
– Құс фабрикасын 2017 жылы іске қостық. Бүгінде жылына 8,5 мың тонна құс етін өндіреміз. Қазіргі кезде өндірісті кеңейтудің екінші кезеңін жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жобаға 3 млрд теңге инвестиция бағытталды. Қазір алты жаңа құс қорасын салып, қажетті құрал-жабдықты орнатып жатырмыз. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өндірістік қуатымызды жылына 15 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 200-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Біздің басты артықшылығымыздың бірі – құс асырауға керек жем-шөпті өзіміз өндіреміз. Агрохолдинг аумағында жүгері, бидай және соя өсіріледі. Өсірілген сояны өзіміздің өндірістік желімізде өңдейміз. Яғни жем-шөп өндіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді өзіміз қамтуға тырысамыз. Бұл өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 2 мың гектар суармалы жеріміз бар. Мұнда 20 суару қондырғысы жұмыс істейді. Алдағы уақытта суармалы алқап көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Биыл жүгеріден де жақсы өнім алып жатырмыз.
Әр гектардан 12 тоннаға дейін өнім жиналуда. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен шамамен 20 пайызға жоғары. Өндірістің дамуы жаңа технология мен тәжірибеге тікелей байланысты. Сондықтан мамандарымыздың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Қызметкерлеріміз Ресей, Польша және Беларусь елдерінде болып, тәжірибе жинақтап, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасты. Сол жерде көрген озық тәсілдерді өз өнді-рісімізге енгізуге тырысамыз.
Алдағы мақсат – өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жем-шөп базасын одан әрі нығайту, суармалы жер көлемін ұлғайту және заманауи технологияларды енгізу. Осы арқылы кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өңірдегі азық-түлік өндірісінің дамуына өз үлесімізді қосуды көздейміз, – деді «Жайық ет» ЖШС-ның директоры Темірғали Ескендіров.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан облыс әкімі өндіріс көлемін арттырумен қатар, тұрақты шикізат базасын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Гүлфия Азаматқызы,
«Орал өңірі»