28.09.2026, 15:15
Оқылды: 9

Тәлім тұғырын ту еткен

 Халықаралық туризм күніне орай білім беру саласының қызметкерлері арасында «Еуропа-Азия – 2026» республикалық туристік фестивалі өтті.

b9b54dac-9e6e-4a4d-922e-7f05a79b2056

Биыл 29-рет ұйымдастырылған дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен 13 команда, 125 педагог қатысты. Фестивальды облыстық білім басқармасының Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырды. Төрт күнге созылған іс-шара Орал қаласындағы «Еуразия» туристік кешенінде өтті. Жарысқа Батыс Қазақстан облысының 11 командасы және Түркістан облысы мен Шымкент қаласының топтары  қатысты.

Фестивальдың мәні – мұғалімдердің туристік машығын шыңдап қана қоймай, туған өлкені танып-білуге деген қызығушылығын арттыру, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын дәріптеу және туристік-өлкетану бағытында тәжірибені кеңінен тарату.

Әрі шапшаң, әрі епті Жарыс бағдарламасына техникалық қашықтықтар, шығармашылық-танымдық байқаулар мен спорттық ойындар енгізілді. Әр кезең қатысушылардан ептілікпен қатар төзімділікті, шапшаңдықты және командалық үйлесімді талап етті.

«Түнгі бағдарлау» сайысының «А» тобында ерлер арасында Теректі ауданының өкілі Бекзат Жанғожиев, әйелдер арасында Бәйтерек ауданының қатысушысы Вероника Ибрашева жеңімпаз атанды. «Б» тобында ерлер арасында Бөкей ордасы ауданының өкілі Алмас Ғұмаров, әйелдер арасында Шыңғырлау ауданының ойыншысы Аида Шакит бірінші орынға ие болды.

«Туристік кедергілер жолағы» сайысының «А» тобында Бөрлі ауданының командасы, ал «Б» тобында Түркістан облысының тобы үздік шықты.

«Өткелдер» қашықтығы бойынша «А» тобында Ақжайық ауданының ұжымы, «Б» тобында Түркістан тарабы жеңімпаз атанды. «Фрироуп» сайысында «А» тобындағы ерлер арасында Жәнібек ауданының спортшысы Ерлан Нығметов, әйелдер арасында Ақжайық ауданының үздігі Нұргүл Аманкелдиева топ жарды. «Б» тобындағы ерлер арасында Тасқала ауданының өкілі Мерлан Тілегенов, әйелдер арасында Түркістан облысының өкілі Ақжан Әскерхан үздік нәтиже көрсетті. «Байлам» қашықтығында «А» тобындағы ерлер жұбы арасында Еділ Героев пен Асқар Мұхтар (Ақжайық), аралас жұптар Кәрім Неталиев пен Жұмагүл Базарбаева (Бөрлі) бірінші орын алды. «Б» тобындағы ерлер жұбы арасында Аманер Тілепқали мен Ербол Малаев (Казталов), аралас жұптар арасында Әділет Нагимов пен Назерке Қайырлиева (Қаратөбе) жеңімпаз атанды.

Өнер мен спорттағы үздіктер

Фестиваль педагогтердің шығармашылық қабілетін де айқындады. «Екі жұлдыз» байқауында Қаратөбе ауданының таланттары Елдос Өтеген мен Сая Сәкенова жеңімпаз атанды. «Менің төрт мезгілім» бейнеролик байқауында Бәйтерек ауданының командасы үздік деп танылды. «Бард әндері» жанрынан Қаратөбе ауданының әншісі Елдос Өтеген бірінші орынға ие болды. Ал «Туристік тұрмыс және дағды» байқауында Бөрлі, «Тағам» сайысында Жәнібек ауданының командасы топ жарды. Спорттық бағдарламаның да өз жеңімпаздары болды. Дойбыдан ерлер арасында Теректі ауданының спортшысы Мәулен Асқар, әйелдер арасында Бөрлі ауданының ойыншысы Айкөркем Халелова жеңімпаз атанды. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында Шыңғырлау ауданының өкілі Айдос Мақсотов, әйелдер арасында Тасқала ауданының тоғызқұмалақшысы Айсұлу Ахмедалиева, асық атудан Теректі ауданының командасы жеңімпаз атанды.

Тәрбиенің тағылымды мектебі

«Еуропа-Азия» фестивалінің 29 жыл бойы үзілмей жалғасуы – оның білім беру саласындағы өзіндік орны қалыптасқанын аңғартады. Өйткені бұл жай ғана спорттық немесе туристік жарыс емес. Фестиваль – педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырып, олардың бойындағы көшбасшылық, төзімділік, ұйымшылдық секілді қасиеттерді шыңдайтын тағылымды орта.

Бүгінде балалар туризмін дамыту, өлкетану жұмысын күшейту, жастарды белсенді өмір салтына баулу – білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Еуропа-Азия» фестивалі ұстаздың кәсіби қызметін туризммен, өлке-танумен және тәрбиемен сабақтастыратын бірегей алаңға айналып отыр.

29 жылдық тарихы бар «Еуропа-Азия» – уақыт сынынан өткен дәстүр ғана емес, ұстаз бен табиғатты, туризм мен тәрбиені, туған өлке мен ұрпақ болашағын жалғаған тағылым мектебі.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале