«Әділет» партиясының мүшелері мен партия Іскерлік кеңесінің өкілдері Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін 1 млрд 500 млн теңге жинады. Бұл туралы саяси партияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды qazaqparat_kz.

Фото: QazAqparat_kz
— Барлық жарна ерікті түрде берілді. Атап айтқанда, Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец 600 млн теңге аударды. «Alageum Group» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов пен «ВД-Строй Инжиниринг» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Еркін Оқасов 300 млн теңгеден көмек көрсетті. Сондай-ақ Елбегі Әбдиев, Қанат Ибраев, Мұрат Әмірин, Юлия Якупбаева, Серік Аманғалиев және Талғат Темірханов 50 млн теңгеден берді, — делінген хабарламада.
Олардың барлығы – «Әділет» партиясы мен Іскерлік кеңестің мүшелері. Қаражат жинауға партияның басқа да мүшелері атсалысып жатыр.
Жиналған қаржы қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін «Ұлттық рух» қорына аударылады.