Бұл кездесудің өрнегі мен өнегесі мол дер едік. Біріншіден, 1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Сондықтан, әкелері соғыс көрген, өздері ерте есейгендерге құрмет қылу - біздің перзенттік борыш. Екіншіден, “Балапанды күзде санайды” дегендей, берекелі күз - бар мен жоқты түгендейтін уақыт. Елдің жайын, еңбектің ретін аға буынмен ақылдасып алудың да артықтығы жоқ.

- Аға буын өкілдерінің ұзақ жылғы табанды еңбектері мен тәлімі мол өмір белестерін жас буынға насихаттау, ізгіліктің жаршысы болған қарияларымызға құрмет көрсету - бізге міндет. Сіздердің Тәуелсіздік жолында, кейін егемендік жылдарында аудан экономикасына, қоғамдық - рухани өміріне қосқан үлестеріңіз зор.
Ел ішінде елеулі істер бар. Алғабас ауылының ішіне 1 көшеге 400 метр жаяу жүргіншілер жолы салынуда.
- Аралтөбе, Қызылағаш, Бұлан, Жамбыл, Бұлдырты, Көгеріс ауылдарында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйлер бой көтеруде. Тасқұдықта биыл қоспәтерлі үш үй игілікке ұсынылмақ. Шағырлой, Көздіғара, Талдыбұлақ, Құспанкөл ауылдарында да баспаналар салынды.
Жымпитыдағы жақсылықтарға жұрт куә. Самара-Шымкент тас жолының округке қарасты аумағы ағымдағы жөндеуден өтуде, аудан орталығындағы Сырым саябағы абаттандырылды. Өлеңті саябағында балалар ойын алаңы, Жымпиты ауылынан спорт алаңы пайдалануға берілді. Биыл аудан орталығында 2 жанар-жағармай құю бекеті, 2 шағын кәсіпкерлік нысаны, 1 жеке балабақша ашылды. Бәрі де халық үшін, - деген аудан әкімі бірқатар жұмыстарға шолу жасады.

Қарияларға әкімдіктің үлкен залында дастархан жайылды. Салтанатты шараға әр округтен еңбек ардагерлері келді. Олардың ішінде ұстаздар, мемлекеттік қызметкерлер, өнер саңлақтары, коммуналдық сала өкілдері, малшылар, механизаторлар - Сырым өңірінің тұтас еңбек дәуірін дүбірлеткен тұлғалар бар.
Мерекемен құттықтап, ілтипат білдіріп аудандық мәслихаттың төрайымы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, журналист Мүсірбек Айташев сөз сөйледі.

Сырым аудандық демалыс орталығы мекемесінің өнерпаздары меймандар алдында өнер көрсетті. Кездесуді Кенжебаевтар отбасылық ансамблінің жетекшісі, елдің азаматы Жасқайрат Жолымбетұлы жүргізді.

Айта кетейік, Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваның айтуынша, Сырым ауданында 2342 зейнеткер тұрады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Суретке түсірген Қоңдыкер ЕЛЕУОВ, Сырым ауданы