Қазан айының алғашқы аптасында аталып өтетін Ұстаздар күні – шәкірт тәрбиесі мен білім беру жолында аянбай еңбек етіп жүрген мұғалімдерге құрмет көрсететін айтулы мереке.
Жаңақала аудандық «Jastar» спорт клубы мен аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бегайым Төлеуғалиқызы, аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Жастілек Қайрекешов, аудандық білім беру бөлімінің Әдістемелік кабинетінің әдіскері Әсет Омаров және «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров қатысты.
Спартакиадаға қатысатын 17 команда салтанатты түрде таныстырылып, артынан Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға еңбектеріне табыс пен шығармашылық жетістіктер тіледі. Мерекелік шара барысында Мәдени-демалыс орталығының өнерпазы Анита Қанатова ұстаздарға арналған «Ұстазым» әнін орындап, жиынның көркін қыздырды.
Осылайша, Ұстаздар күніне арналған спартакиаданың ашылу салтанаты өз мәресіне жетті. Бұдан кейін 17 команда спорттық жарыстарға қатысып, өзара бақ сынауға кірісті. Аталған шара ұстаздардың кәсіби еңбегін ұлықтаумен қатар, олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортты насихаттауға, ұйымшылдық пен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы