Жаңақала ауданының орталығында жалғыз үйі апатты деп танылған 14 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат депутаты, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Ербол Салықов, мердігер ұйым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Биыл жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамту тетіктері заңнамалық тұрғыда реттеліп, «Реновация» бағдарламасына тиісті толықтырулар енгізілді. Жаңақала ауданында осы санат бойынша 52 тұрғын кезекте тұр. Бүгін олардың 14-і ескі баспанасының орнына бой көтерген жаңа үйге орналасты. Көп ұзамай ауданның 3 елді мекенінде тағы 7 пәтер пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа қоныс иелерін қуанышымен құттықтады. Аймақ басшысы халықты баспанамен қамту мемлекет саясатының басым бағыты екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер жүктеді. Соның бірі — ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысын жандандыру. Биылдан бастап жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамтуға ерекше назар аударылды. Осы санаттағы отбасыларға Орал қаласын айтпағанда, Сырым және Тасқала аудандарында жаңа пәтерлер береміз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, бақ-берекелі болғай!, - деді Нариман Төреғалиев.

Ауыл тұрғындары мемлекет қолдауы үшін зор ризашылығын білдіріп, құрылыстың басы-қасында болған азаматтарға алғыс айтты.

Айта кетейік, 2023 жылдан бері өңірде 7 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Оның 40 пайызы ауылдық елді мекендерде бой көтерді.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі
