Ақсай қаласындағы №9 ЖОББ мектебінде Ұстаздар күніне орай «Ұстаздар жолы – ұлылық» атты мерекелік кездесу өтті. Тағылымды басқосуға мерейлі жастағы ардагер-ұстаздар, жас мамандар мен құрметті қонақтар қатысып, ұлағатты ұстаздарға деген ыстық ықыластарын білдірді.

Кештің қадірлі қонақтарының қатарында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов пен аудан әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиев болды.
Мерекелік кездесуде аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ардагер ұстаздарға ақжарма тілегін білдіріп, олардың еңбегіне ерекше құрмет көрсетті.
– Ұстаз деген ұлы есімнің қадірі қашанда биік. Сіздер сан мыңдаған шәкірттің жүрегіне білімнің шырағын жағып, адамдықтың жолын көрсеттіңіздер. Әр шәкірттің жетістігінен өз еңбектеріңіздің жемісін көріп, талай ұрпақтың өміріне бағыт бердіңіздер. Бүгінгі бейбіт күнде, білімді ұрпақтың ортасында жүрсек, бұл – сіздердің маңдай терлеріңіз бен тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Еңбектеріңіз өлшеусіз, өнегелеріңіз мәңгілік. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Ұстаздық жолдағы еңбектеріңіз кейінгі буынға әрдайым шамшырақ болсын, – деді аудан әкімі.
Кездесудің мәнін арттырған сәттің бірі – жас мамандардың ардагер ұстаздарға қойған сұрақтары болды. Жас буын өкілдері ұстаздық жолды таңдауға не себеп болғанын, еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын, қиындықтарды қалай еңсергендерін және ұстаздық қызметте қандай қағидаларды басты орынға қойғандарын сұрады.

Ардагер ұстаздар да өткен күндерді сағынышпен еске алды. Ұстаздық жолды енді бастаған жас маман болып мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттері, алғашқы сабағы, алғашқы шәкірттері, есте ерекше қалған оқушылары туралы әңгімелеп, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Бір кездері өздері тәлім берген шәкірттерінің бүгінде елге қызмет етіп жүргенін айтып, ұстаз үшін шәкірт жетістігінен асқан қуаныш жоқ екенін жеткізді.
Бұл жүздесу – тәжірибе мен жастық жігер тоғысқан, ұрпақтар сабақтастығы айқын көрініс тапқан тағылымды кездесу болды. Ардагер ұстаздар жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтып, өздері жүріп өткен ұстаздық жолдың өнегесін кейінгі буынға аманат етті.

Мерекелік шара барысында ардагер ұстаздарға гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталып, зор құрмет көрсетілді. Ұстаздарға арналған әндер шырқалып, күй орындалып, кештің мерекелік шырайын аша түсті.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы