5.10.2026, 18:00
Оқылды: 6

Бизнесті қолдау мен бақылау қатар жүреді

 

Облыс әкімдігінің «Астана» залында бақылау-қадағалау құрылымдарының бизнес қауымдастығы алдындағы Бірыңғай есеп беру күні өтті.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй төрағалық етті.

DSC05923

Аталған іс-шараны ашқан төраға әкімшілік кедергілерді азайту, артық тексерістерді қысқарту, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларды болдырмау мәселесі еліміздің даму жоспарының басты бағыттарының бірі екенін атап көрсетті.  Бұл іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде бақылау-қадағалау құрылымдарының бизнес-қауымдастық алдында Бірыңғай есеп беру күнін өткізу туралы тапсырмасына байланысты өткізіліп отыр.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев өңірде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тұрақты бақылауда екенін баяндады. 2026 жылдың жеті айында кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген тексерулер саны 13,4%-ға, ал тексерілген бизнес нысандар қатары 28,9%-ға жетті. Оның ішінде шағын бизнес субъектілері бойынша 44,2%-ға (832/1200), ірі бизнес бойынша тексеру 48,8%-ға (119/80) күрт өсті. Орта бизнесті тексеру 6%-ға азайды (158/149). Бұл ретте нәтижелі тексерулер саны 9,1%-ға азайды (659/604). Тексеру барысында бұзушылықтар анықталған шағын бизнестің үлес салмағы 83,5%-ды (80,3%), орташа - 11,1%-ды, (13,6%), ірі - 7,31%-ды (8,8%) құрады.

– Салық құрылымдары тарапынан айыппұлдар санын азайтып, ескерту беруді оң үрдіс деуге болады.
Мұндай динамика салықтық әкімшілендірудің жазалау шараларынан гөрі бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударатынын көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің шағымдарының саны 36,6%-ға (246-дан 156-ға дейін) азайды. Олардың өтініш-шағымдарының 16,7%-ы қанағаттандырылды. Бұл барлық тексерудің заң талаптарына сәйкес келмегенін аңғартады, – деді Мақсат Құланбаев.

Палата бизнесті қорғау желісі бойынша жыл басынан бері 91 өтінішті қарап, оның 47-сінің (51,6%) оң шешілуіне көмектесті. Соның нәтижесінде 143 млн теңгеден астам мүлік құқығы қорғалды. Ал өткен жылы осы кезеңде 137 өтініш қаралып, оның 74-іне (54%) қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлердің 376 млн теңгеден астам мүлкінің құқығы реттелді. Өтініштердің көпшілігі сатып алу, жер қатынастары және салық саласындағы түйткілдерге байланысты.

– Біздің міндет – кәсіпкерлерге қысым жасау емес, заңбұзушылықтың алдын алу және кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғау, – деді Мақсат  Құланбаев.

Төтенше жағдайлар департаменті табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігі салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Аталған департамент бастығының орынбасары Нұралы Мусиевтің баяндауынша, «Азаматтық қорғау туралы» заңының 39-бабына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау қауіпті өндірістік нысандардағы апаттар, оқиғалар кезінде туындайтын қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша бекітілген тізімге сәйкес қадағалаудағы кәсіпорындардың саны – 532. Биылғы жылдың есепті кезеңіндегі жағдай бойынша өнеркәсіптік
қауіпсіздік саласында 99 тексеріс (2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 40) жүргізілді. Соның нәтижесінде 246 нысанда 1013 (2025 ж. сәйкес кезеңінде 152 нысанда 168 бұзушылық тармақтары) заңбұзушылық анықталды. Осындай бұзушылықтарға байланысты 76 әкімшілік хаттама толтырылып, 75 заңды тұлға және бір жауапты қызметкерге 10 млн 96 мың теңге (2535 АЕК) айыппұл салынды. Сонымен қатар 30 техникалық құрылғының жұмысы тоқтатылды.

Есепті мерзім ішінде 15 оқыс оқиға тіркелді. Оның 13-і мұнай-газ, екеуі магистарльдық құбыр желісі саласында орын алды. Өнеркәсіптік апаттар тіркелмеді. Ал өрт қауіпсіздігі бойынша кәсіпкерлік субъектілерінде 151 бақылау іс-шарасы (92 профилактикалық, 59 жоспардан тыс) өткізілді. Соның нәтижесінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына қатысты 1232 дерек анықталып, 118 жауапты қызметкерге 7 млн 882 мың 313 теңге көле-мінде айыппұл  салынды.

Облыс аумағында азаматтық қорғаныс саласы бойынша 251 субъекті бақылауда тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік құрылымдарға қатысты 44 мерзімдік, 26 жоспардан тыс тексеру және бір профилактикалық бақылау жүргізілді. Тексеріс барысында 465 бұзушылық анықталып, сегіз мемлекеттік құрылым және бір ірі кәсіпкерлік субъектісі ӘҚБтК-ның 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес 4 млн 584 мың 500 теңге шамасында әкімшілік  жауапкершілікке  тартылды.

Жиында  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейтін білім, медицина және балаларды сауықтыру ұйымдарына қатысты ерекше бақылау тәртібі енгізілгенін хабарлады. Өткен 8 айда 27 профилактикалық бақылау, 83 жоспардан тыс тексеру, 51 тергеп-тексеру және 87 бақылау сатып алу (зертханада зерттейді) жүргізілген. Анықталған бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жедел ден қою шаралары қолданылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін 52 семинар ұйымдастырылған.

– Басты мақсат – айыппұл салу емес, санитариялық талаптардың сақталуына жағдай жасап, бұзушылықтың алдын алу, – деді Гүлдана Кереева.

Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті БҚО департаменті бөлімінің басшысы Артур Батыров еңбек заңнамасына қатысты арыз-өтініштің күрт артқанын айтты. «Биыл департаментке 2049 өтініш (2025 жылы – 1 090) түсті. Бұл – өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 88%-ға өсіп отыр. Баяндамашының айтуынша, мұндай өсім еңбек қатынасының нашарлауынан емес, азаматтардың құқықтық сауатының жоғарылап, өз құқығын қорғаудағы белсенділігімен байланыстыруға болады. Көбінесе жалақының уақтылы төленбеуі, еңбек демалысы және жұмыстан босату тәртібіне қатысты арыз түседі. Арыз-шағымдар мен құқық қорғау, мемлекеттік құрылымдардың тапсырмалары негізінде 161 тексеру (2025 жыл – 117) жүргізілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы есепті мерзімдегі көрсеткіш 38%-ға өсті.  Тексерулер барысында 191 (2025 ж. – 139) заңбұзушылық анықталды, соның ішінде 170-і еңбек қатынасы, 21-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау салаларындағы бұзушылықтар  екені  анықталған.

– Профилактикалық және басқа да іс-шараларға қарамастан, өндіріс орындарында жарақат алу оқиғалары әлі де орын алуда. Есепті кезеңде жазатайым оқиғалар бойынша 44 арнайы тергеп-тексеру жүргізілді. Өндіріс орындарында 44 адам зардап шекті, оның ішінде бесеуі қаза болды, 21 азамат ауыр жарақат алды, 18 адам топтық жазатайым оқиға кезінде зардап шекті, оның ішінде үш адам қайтыс болды, – деді Артур Батыров. Баяндамашы еңбек заңнамасын бұзушылық және өндірістегі жазатайым оқиғалар көбіне техногендік сипаттан гөрі адами факторларға байланысты орын алып  отырғанына  назар аудартты.

DSC05957

Жиынның соңында кәсіпкерлер бақылау-қадағалау құрылымдарының өкілдеріне кәсіпкерлік қыз-
метке қатысты өз сұрақтарын қойды. «Бірыңғай есеп беру күні мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы ашық диалогты нығайтып, әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған маңызды алаң болмақ», – деп жиынды қорытты Мирас Мүлкәй.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале