Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылданды.

Құжатты Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков таныстырды. Ол алдымен Президенттің осы бағыттағы тапсырмаларына және аталған кеңесті құру не үшін керек екеніне тоқталды.
– Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы:
«Заңдар мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер ететіндіктен, олардың әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет» - деп атап өтті. Аталған міндет өңірлердегі жағдайды ескеру және біз қабылдайтын заңдарды іс жүзінде жүзеге асыру қажеттілігімен тікелей байланысты. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Президент енді өңірлердің мүдделерін орталық мемлекеттік органдарға Құрылтай мен Халық Кеңесі жеткізетінін нақты атап өтті. Осы мақсаттарды ескере отырып, Құрылтай өңірлермен, ең алдымен, олардың өкілді органдары – Мәслихаттармен тұрақты байланыс орнатуы қажет, – деді депутат.
Оның сөзінше, жергілікті өкілді органдар ретінде Мәслихаттар халықпен тікелей жұмыс істейді, өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін біледі және Құрылтайда қабылданған заңнамалық шешімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынымен бетпе-бет келеді. Сол себепті, Құрылтай мен Мәслихаттардың тығыз байланыста болуы аса маңызды. Аталған бастаманың өзегі де – осында.
Құрылатын Кеңестің негізгі мақсаты – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Президент айтқан өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасында тікелей байланысты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы іске асыру.
Кеңес мәслихаттардың заңдарды әзірлеуге тұрақты қатысуын және қабылданған заңдардың жергілікті жерлерде іс жүзінде қолданылуы бойынша кері байланыс алуды жолға қояды. Сондай-ақ жүйелі шешімдер әзірлеу үшін өңірлердегі проблемаларды анықтап, жинақтап отырады. Кеңестің міндетіне өңірлердегі табысты тәжірибені зерделеу мен оны таратуға ықпал ету де кіреді.
Кеңес құрамына мәслихаттарда жұмыс істеу немесе олармен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі бар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана қаласының, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары кіреді.
Өңірлермен тұрақты байланыс орнату үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық құрылады. Олардың әрқайсысына бес өңірден бекітіледі.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді қарау үшін тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Олардың жұмысына Құрылтай мен мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері тартылады.
Алпамыс Файзолла,
zhaikpress.kz