Ауыл өнімді атқарылған іске қарай көріктене түседі. Жаңақала ауданындағы Қызылоба ауылының көркін келтіріп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыс жүйелі атқарылып келеді. Соның бір айғағы – ауылдың орталығында бой көтеріп, ел игілігіне берілген жаңа мәдени саябақ.

Игі істің жүзеге асуына ауылдық округтің әкімі Теміржан Серіков мұрындық болды. Басшы қызметіне кіріскеннен бері елді мекеннің абаттандырылуы, қоғамдық орындардың жай-күйі және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесіне көңіл бөліп келеді.
2026 жылы аудандық мәслихаттың шешімімен мәдени саябақты абаттандыруға аудандық бюджеттен 10 миллион теңге қаржы бөлінді. Ауыл әкімдігі бастаған, «Ұлы дала құлагерлері» қоғамдық бірлестігі мен «Нұр ғасыр» ЖШС қостаған жоба әртүрлі кезеңде жүзеге асырылды. Нәтижесінде саябақ аумағына өрнектас (брусчатка) төселіп, қоқыс жәшіктер, орындықтар, жарық шамдар қойылып, әткеншектер мен күркелер орнатылды. Бұрын ен дала болған жер – бүгінде серуендеп, тынығатын, мәдени іс-шаралар өтетін көрікті мекенге айналды.
30 қыркүйекте өткен саябақтың ашылу салтанатында ауыл әкімі Теміржан Серікұлы елді мекеннің дамуына атсалысып жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Осы орайда 2006 жылғы мектеп түлектері ауылға көпшілік жиналатын басқосуларға арналған жазғы сахна тарту етті.

Айтулы күнде Қызылоба мәдениет үйінің өнерпаздары «Ретро 90-жылдар» атты әуезді концерт ұйымдастырды. Думанды кеште тоқсаныншы жылдардың сәні мен әуені қайта жаңғырып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Қызылобаның ажарын ашқан жаңа саябақ – тұрғындардың сүйікті демалыс орны, ауылдың қоғамдық және мәдени өмірінің маңызды орталығына айналмақ.
Меңсұлу Зайтова,
ардагер ұстаз,
Жаңақала ауданы