14.10.2026, 12:15
Оқылды: 6

Өлеңге өріс ашқан кездесу

Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №4, 5, 6 кітапхана филиалдары  «Өлке үні» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Меңдібек Лұқпанмен «Күзгі сағыныш» атты сыр-сұхбат кешін өткізді. Кездесуге студенттер, ұстаздар мен кітапсүйер қауым жиналды.

WhatsApp Image 2026-09-30 at 16.15.52

Сыр-сұхбатта ақынның шығармашылығы, туған жері, ауылдың ақын жанына әсері, алғашқы өлеңдері, әдеби ортаға келуі және поэзиядағы ізденісі сөз болды. Сондай-ақ ақынның шашбауын көтерген қаламдас достары, жас ақын Абылайхан Мақсотов пен Жанарыс Шәки өлеңдерін оқыды. Ақын жырларында ауыл, сағыныш, ана, көңіл күй, күз бен көктем секілді тақырыптардың жиі көрініс табатыны да әңгімеге арқау болды. Өлеңнің қалай туатыны, ақын үшін сезім мен ойдың арақатынасы жайлы сырлы әңгіме кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Кездесуде Меңдібектің шығармашылық сапарлары мен әдеби ортадағы тәжірибесі де назардан тыс қалмады. 2024 жылы Алматы қаласында өткен Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне Батыс Қазақстан облысынан қатысып, белгілі қаламгерлердің дәрістерін тыңдауы, ал 2025 жылы Астана қаласында «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында «Кешіккен көктем» кітабының тұсаукесері өтуі туралы да әңгіме өрбіді.

Кештің қызықты бөлімінің бірі – «Өлеңге атау қой» шығармашылық тапсырмасы болды. Студенттер ақынның бірнеше өлеңін оқып, әр туындыға өздері атау ұсынды. Кейін ақын шығармаларының түпнұсқа атауларын айтып, олардың қойылу себебін түсіндірді. Бұл тапсырма жастардың өлең мазмұнына үңіліп, көркем ойды өзінше пайымдауына мүмкіндік берді. Еркін сипаттағы сұрақ-жауапта студенттер поэзияға енді қызығып жүрген жастардың қандай шығармаларды оқуы керектігі, шабыттың табиғаты, өлеңді өңдеу үдерісі, шығарманы жарияламас бұрын пікірге жүгіну, күрделі тақырыптар және болашақ шығармашылық жоспарлар туралы сауалдарын қойды. Меңдібек Лұқпан өлең жазудағы тәжірибесімен бөлісіп, жас қаламгерлерге бағыт-бағдар береді.

Кеш соңында жүргізуші ақынның өмірбаянын ғана емес, өлеңнің ар жағындағы ізденісті, ауылдан басталған шығармашылық жолды, әдеби орта мен оқырман алдындағы жауапкершілікті танығандарын атап өтті. Ал Меңдібек Нұрболатұлы жастарға ақжолтай тілегін айтып, өлеңдерін оқыды.

Айсұлу Сабырғалиқызы,

№5 кітапхана меңгерушісі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале