Оралдағы бұрынғы «1100 ұсақ-түйек» базарының орнында, Айтиев көшесінің бойында заманауи «Олжа» базары ашылды. Енді тұрғындар жылы, жарық және санитарлық жағдайы жақсартылған орында сауда жасайды.

«Олжа» базарының әкімшісі Эльвира Нұғманованың айтуынша, бұл нысан сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасына сәйкес жаңа кейіпке енген. Аумағы 2000 шаршы метр қос қабатты ғимаратта 80-ге жуық бутик бар. Мұнда негізінен құрылыс материалдары сатылады. Заманауи базарда орын жалдау құны 3 мың теңгеден басталады. Ескі базарда сауда жасаған кәсіпкерлер 1-қабатқа орналасып үлгерген. Екінші қабатта да бутиктер жалға беріліп, асхана ашу жоспарланып отыр. Базар әкімшісі базарды жаңғыртудың мақсаты тек бизнес өкілдеріне жағдай жасау емес, сатып алушылар үшін қолайлы орта құру дейді.

Базардың ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов, облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова, «Олжа» базарының директоры Салтанат Махметова қатысты. Олар жаңа базар кәсіпкердің табысын еселеп, тұтынушының жоғын түгендейтін берекелі сауда нысаны болуына тілектестік білдірді. Нысанның ашылуына жиналған азаматтар арасында викториналық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға осындағы бутиктерден сауда жасауға сертификаттар берілді.

2023 жылы Қазақстанда сауда инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай ету мақсатында базарлар жаңғыртыла бастады. Облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың айтуынша, сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасына облыстағы 14 базар енгізілген. Бүгіндері қалада «Баракат», AWM (бұрынғы «Землячка»), «Ашық жол» базарлары жаңғыртылған. Тағы бірнеше базардың құрылысы жүріп жатыр. «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР заңына сәйкес, базарлар жыл соңына дейін заманауи сауда форматтарына көшірілуі тиіс.
Айна Имашева