Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы 14-15 қазан күндері жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы "Жыр алыбы - Жамбыл" жас ақындар айтысын ұйымдастырды.

Осы айтыста батысқазақстандық жас айтыскер Бекарыс Дайраби Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлдеге ие болып, диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Алматы қаласы іргесіндегі Жамбыл ауылында өткен дүбірлі додада Оралдағы Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы Бекарыс Дайраби Ұлытау облысының жас айтыскер ақыны, 10-сынып оқушысы Гүлім Егеубаймен айтысып, тең түсті.
"Тақырыптық айтыс" және "Қайым айтыс" бағыттары бойынша оздырылған айтысқа республикамыздың түкпір-түкпірінен 40-тан астам балауса ақын қатысқан.
Айтысқа "Алтын домбыра" иегері, белгілі айтыс ақыны Еркебұлан Қайназар төрағалық етті.
Балауса ақын Б. Дайрабидің ұстазы — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, белгілі ақын Ертай Бимұханов.
Бұған дейін де Астана, Шымкент қалаларында өткен жас ақындар айтысынан да табысты оралған Бекарысқа артар үміт зор.
Гүлзира Меңдіғалиқызы,
Орал қаласы