
Сурет: istockphoto.com
ТҮКШ саласының сарапшылары Александр Разумовский мен Павел Шульгин Tengri Home үшін жазған авторлық бағанында кімнің кімге бастық екенін және "ысырманы" бұрауға кімнің құқығы бар екенін анықтауды ұсынады.
Көпқабатты үйді қысқа дайындау - МИБ төрағасының, үй басқарушысының немесе басқарушы компанияның міндеті. Бұл міндет ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңынан, жылыту маусымына дайындық пен оны өткізудің өңірлік қағидаларынан және Жылу энергиясын пайдалану қағидаларынан туындайды.
Бұл үй ішіндегі инженерлік жүйелердің жарамды болуы тиіс дегенді білдіреді. Қажетті техникалық іс-шаралар (жуу, қысыммен сынау, сынақтар өткізу, ақауларды жою, құжаттарды ресімдеу) уақтылы орындалуы керек.
Мемлекеттік органдар (әкімдіктер, тұрғын үй инспекциялары) міндетті талаптардың сақталуын бақылауға құқылы. Мысалы, бұзушылықтарды жоюды талап ете алады. Бірақ олар жауапкершілік шараларын өз бетінше ойлап таба алмайды. Егер мемлекеттік орган ықпал ету шарасын қолданса, оның нақты құқықтық негізі болуы тиіс.
Ыстық суды өшіруге бола ма?
Жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, суық және ыстық сумен жабдықтау, су бұру - ұсынылуы заңнамамен, арнайы қағидалармен және шарттармен реттелетін коммуналдық қызметтер.
Жылыту және ыстық сумен жабдықтау үшін жылу энергиясын беру жария шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан төрағаға: "Дайындық актісін алмасаңыздар - ыстық суды өшіреміз" деп айтылғанда, "Қандай негізде?" деген заңды сұрақ туындайды.
Заң нормасы, ережелерге немесе шартқа сілтеме қайда, коммуналдық қызметті тоқтатуға немесе шектеуге қандай нақты бұзушылық пен негіз бар? Үйдің қысқа дайын болмауын (немесе дайындық актісінің болмауын) автоматты түрде коммуналдық қызметті өшірудің заңды негізі деп қабылдамау керек.
Жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 7-тарауына сәйкес, орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде тұтынушыларға жылу энергиясын беруді шектеуге және тоқтатуға технологиялық бұзушылықтар, авариялық жағдайлар, қауіпсіздікке қатер төну, төлем жасамау (хабардар етудің белгіленген рәсімін сақтай отырып) жағдайларында және өзге де тікелей көзделген жағдайларда жол беріледі.
Сол сияқты, ҚР "Жылу энергетикасы туралы" Заңының 41-бабында жылу өндіруші немесе жылу тасымалдаушы субъектілердің технологиялық бұзушылықтар туындаған кезде олардың алдын алу немесе жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау үшін жылу энергиясын беруді тоқтату/шектеу құқығы көзделген (бұл туралы тұтынушылар мен жергілікті атқарушы органдар дереу хабардар етілуі тиіс).
Коммуналдық қызметтерді көрсетудің үлгілік қағидалары тексерушілердің талабы негізінде емес, шарт пен заң негізінде төлем жасаудың жалпы тәртібін және оларды тоқтата тұру рәсімдерін белгілейді.
Жария шартқа немесе қағидаларға: "Құжаттарды дайындап үлгермесе, ыстық суды өшіреміз", "Кестеден қалып қойса, суды бұғаттаймыз" деген сияқты жаңа санкцияларды өз бетінше қосуға болмайды.
Біз коммуналдық қызметтерді шектеуге немесе тоқтатуға болмайды деп айтпаймыз. Болады, бірақ тек заңда, қағидаларда немесе шартта көзделген негіздер болғанда және белгіленген рәсімді сақтай отырып қана. Апат, қауіпсіздікке нақты қатер төну, шұғыл жұмыстар жүргізу қажеттілігі болса - иә. Ал өшіруді төрағаны жазалау құралы ретінде пайдалануға жол берілмейді.
Егер төраға кінәлі болса, тұрғындардың не жазығы бар?
Егер төраға шынымен де нашар жұмыс істесе кінәлі тұлғаға заңда көзделген шараларды қолданыңыздар: нұсқамалар, мемлекеттік бақылау шаралары, бұзушылықтар болған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс тәртібімен әрекет етіңіздер.
Бірақ неге бір төрағаның әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін жүздеген тұрғын (балалар, зейнеткерлер, қызмет ақысын уақтылы төлеп отырған отбасылар) ыстық сусыз қалуы керек? Мұнда жауапкершіліктің атаулылығы мен сәйкестігі қайда?
Коммуналдық ресурс беруші "қаласам - беремін, қаласам - өшіремін" деген принциппен әрекет етпейді. Қарым-қатынастар заңнамамен және шартпен реттеледі. Жеткізуші де, бақылаушы орган да нормативтік құқықтық актілер мен шартта жоқ қызметті тоқтатудың жаңа негіздерін өз бетінше ойлап таппауы тиіс.
Әсіресе, үйлердің инженерлік жүйелерінің техникалық дайындығы мен тұтынушының ақысы төленген коммуналдық қызметті алу құқығын араластыру өте қауіпті.
Егер өшірумен қорқытса, төраға не істеуі керек?
Құжаттарға сүйеніңіз. Ресми жазбаша құжатты талап етіңіз және нақты сұрақтар қойыңыз:
- Шешімді кім қабылдады?
- Қай НҚА негізінде (ереженің немесе шарттың нақты тармағы)?
- Қандай бұзушылық тіркелді және ол қандай актімен расталды?
- Бұл қызметті тоқтатуға немесе шектеуге дербес негіз бола ала ма?
- Нақты апаттық немесе техникалық қауіп бар ма?
- Кемшіліктерді жоюға қанша мерзім берілді? Тұтынушыларға қалай хабарланды?
- Ең басты сауал: "Дайындық актісінің жоқтығы немесе кестеден қалу себебінен көппәтерлі тұрғын үйдің барлық меншік иелеріне коммуналдық қызметті өшіруге болатыны нақты қай жерде жазылған?"
Егер нақты норманы көрсете алмаса - мұндай ажыратудың заңдылығына қатысты күрделі сұрақ туындайды.
Егер ыстық суды өшіріп тастаса
Бәрін тіркеңіз: күні, уақыты, қандай қызмет, кім жүргізді, хабарлама болды ма. Актіні және ресми негіздемені талап етіңіз. Жеткізушіге құқықтық және техникалық негіздеме беру туралы жазбаша талап жіберіңіз. Күмәндансаңыз, уәкілетті органға жүгініңіз және белгіленген тәртіппен шағымданыңыз.
Ең бастысы - "сіздердің құқықтарыңыз жоқ" деген деңгейде айтыспаңыз. Құжатты талап етіңіз. Кез келген шенеунік немесе монополист үшін ең ыңғайсыз сұрақ: "Заңның нақты нормасын көрсетіңіз".
Қысқа дайындық міндетті. Алайда жүздеген тұрғынды төраға, тұрғын үй инспекциясы және жеткізуші арасындағы қарым-қатынастың кепіліне айналдыруға жол берілмейді.