Оралдағы Жастар мәдениет сарайы жанынан құрылған «Алаш» этнофольклорлық ансамблі жуырда Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында өткен «ИННОПРОМ – 2026» халықаралық көрмесіне қатысып, ұлттық руханиятымызды паш етіп қайтты.

Ел атынан барған өңір өнерпаздары қазақтың ұлттық құндылықтарын, соның ішінде музыка өнерін халықаралық дәрежеде насихаттауды мақсат еткен. Ұжым көрмедегі көпшілікке Һәм әлемнің ұшы-қиырынан жиылған түрлі ұлттың алдында этнофольклорлық туындыларды шырқап, күйлер орындады. Қазақтың көне аспаптары, ою-өрнектермен әдіптелген ұлттық нақыштағы киімдер, дәстүрлі музыка өнері талайды таңдай қаққызғаны шүбәсіз. Қазіргі таңда 2019 жылы негізі қаланған «Алаш» этнофольклорлық ансамблі 10-нан аса өнерпаздан тұрады. Ансамбль меншігіндегі аспаптар құрамында домбыра, қылқобыз, дабыл, шаңқобыз, суағаш, жетіген, шекілдеуік (домбыраның кіші түрі), шертер, сымқобыз, сазсырнай және кахон сынды заманауи ұрмалы жабдық бар. Біз «Алаш» этнофольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, кәсіби домбырашы Әлібек Қуаншалиевпен пікірлесіп, көрмеден алған әсерін сұрадық.
– Біз халықаралық дәрежеде өткен іс-шараларға бұған дейін де қатысып, өнер көрсеттік. Мәселен, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен фестивальда дипломант атансақ, Астанадағы халықаралық «Шабыт» фестивалінде үшінші орынды еншіледік. Ал көршілес Қырғызстанның «Жеті өгіз» (Жети-Өгүз) тау шатқалы маңында ұйымдастырылған фестивальда бас жүлдені қанжығамызға байладық. Күні кеше қатысқан Минскідегі «ИННОПРОМ – 2026» халықаралық көрмесіндегі ән керуені – біз бағындырған кезекті белес. Осы орайда Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатов, Жастар мәдениет сарайының директоры Асыланбек Шайхинге ұжым атынан ерекше алғысымды айтамын. Ансамбль құрылғалы бері облыс басшылығы «Алаш» атын ту еткен осы шығармашылық топқа қолдау-көмегін көрсетіп келеді. Ескірген аспаптарымызды Алматыдағы «Шертер» деген өңдеу цехында жөндетіп, жан бітіп, жаңарған күйінде қайта қолымызға алдық. Армандап жүрген аспаптарды да ансамбль мүлкінің қатарына қостық. Енді жаңа шығармаларды еркін орындап, халық құлағына ұлттық кодымызды жеткізе бермекпіз. Биыл қала күні қарсаңында «Жайық сазы – 2026» деген атаумен шаһарда ерекше үлкен кеш өткені белгілі. Сол концерттік бағдарламада елімізге танымал әншілермен бірге, біз де өнер көрсеттік. Таяуда ғана ансамбль мүшелеріне жаңа сахналық киімдер пішіліп, тігілді.
«ИННОПРОМ – 2026» халықаралық көрмесіндегі музыкалық композицияны Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйімен бастадық. Одан соң танымал ауторлардың басқа да шығармаларын әлем көз тіккен көрмеде әуелеттік. Жерлес жас сазгер Данияр Таңатаров 2019 жылы «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің негізін қалады. Қазір ол Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында табысты еңбек етіп жүр. Данияр Таңатаровтың «Қандағы қасиет» деп аталатын шығармасы орындаушыларды да, тыңдарманды да ерекше әсерге жетелейді. Шығармадағы музыка бөлігі Махамбеттің «Ерлердің ісі бітер ме?..» деген жыр жолдарына жалғасады. Қуаныш Рахметтің қазақтың біртуар атпал азаматтарына арналған «Тұлғаларға», Шолпан Қорғанбектің «Батыр Бауыржан», Марат Бердіқұловтың «Алаш» шығармалары – біздің қоржынымыздағы ерекше туындылар. Танымал композитор, «Қорқыт» этноансамблінің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек шеберлігімізді шыңдау үшін Астана қаласынан арнайы Ақ Жайық өңіріне келуді жоспарлап отыр. Осы шеберлік сағатынан соң, шығармашылық қоржынымыз жаңа туындылармен толыға түседі деген үміттемін, – деді «Алаш» этнофольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Ә. Қуаншалиев.
Көркемдік жетекші заманауи аспаптарды еркін меңгерген және түрлі дауыстарда ән шырқай алатын азаматтарды ансамбль құрамына қосу ойда бар екенін әңгімеледі. Болашақта «Алаш» этнофольклорлық ансамблі Ақ Жайық өңірінің ғана емес, тұтас ұлттың мерейін әрдайым асқақтатып жүреріне бек сенімдіміз.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы