22.10.2026, 22:45
Оқылды: 7

Саралжында қайнаған тірлік, шешімін күткен түйткілдер

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі Саралжын ауылдық округінде жалғасты.

image-22-10-26-10-50

Жиында округтің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер сөз болды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

Алдымен Саралжын ауылдық округінің әкімі Даулет Оразақаев өткен жылы жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталып, округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, округтегі негізгі кәсіптің бірі – мал шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда 4282 бас ірі қара, 10 661 бас қой-ешкі, 1559 бас жылқы және 413 бас құс тіркелген. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі төрт түлік өсірумен айналысып, осы саладан нәпақасын тауып отыр.

Мал шаруашылығын дамыту, оның өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында малды бірдейлендіру және асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл округ бойынша 72 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынған.

Ауыл кәсіпкерлігін қолдауда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама аясында «Ұлан» жеке кәсіпкерлігі 9 миллион 300 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, сүтті бағыттағы 12 бас симментал тұқымды сиыр сатып алған. Бұл бастама ауыл шаруашылығын өркендетуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған.

image-22-10-26-10-50-1

– Саралжын ауылдық округінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту және халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға басымдық беріліп келеді. Алдағы уақытта да ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – деді Даулет Оразақаев.

Бұдан кейін аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы міндеттерді атап өтті.

Кездесу барысында саралжындық тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Қаратөбе – Қарақамыс бағытындағы жолды күтіп ұстау және ауылға кіреберіс жолды жарықтандыру мәселелері көтерілді.

Тұрғындардың сауалдарына аудан әкімі мен тиісті сала мамандары жауап беріп, айтылған ұсыныстарды мүмкіндігінше келе жылы шешу жолдарын айтты.

image-22-10-26-10-50-4

Ауыл халқымен кездесуден кейін аудан әкімі Қ. Сүйеуғалиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Р. Абай, 

Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале