Газет редакциясына Зашаған кентінің Жақсы ауыл көшесіндегі №156 үйдің тұрғыны Нәбия Мұханбетқалиева келді. Зейнеткердің айтуынша, өзі тұратын көшеде тротуар жоқ көрінеді. Тұрғындар есік алдында өскен қалың ағаштың арасындағы соқпақпен жүреді. Ол жермен көлік те қатынайды. Ал жауын-шашын күндері әр үйдің іргесін немесе қоршауын жағалауға мәжбүр. «Жалпы, бұл көшені абаттандыру қажет», – дейді Нәбия апай.

– Қай бір күні Жақсы ауыл көшесіндегі қоқыс төгетін орынға таяу жерде жолдың жиегінде бір бала велосипед теуіп бара жатты. Оның ізін ала бір жеңіл көлік кетіп барады екен.
Бір мезгілде қалай болғанын білмеймін, бала жолдың шетіне жалп етіп құлады. Мен алысырықта соңдарында келе жатыр едім. Мен жеткенше болған жоқ, әлгі бала тұра сала велосипедіне отырып, кері кетіп қалды. Қорқып кеткен шығар, шамасы. Ал машина тоқтамай кете барды. Оның нөміріне, маркасына көзім жетпеді. Бұл деген масқара ғой! Мұндай жағдай кімнің болсын баласының басына келмесіне кім кепіл? Бізге жолдың жиегімен жүрмеске амал жоқ. Себебі тротуар жоқ. Міне, осы жағдай менің редакцияға келуіме себеп болды, – деді Нәбия Айдынқызы.
Біз зейнеткермен бірге аталған көшеге барып, Жақсы ауылдың неліктен «жақсы болмай» тұрғанын көруді жөн санадық.

Шынында да, тұрғындар үйінің ауласынан шыққан бойда ағаш арасына қойып кетеді екен. Қол созым жерде тұрған жасыл желек көз қуантқанымен, жаяу адамға жүруге қолайсыз. Кейбіреулер есіктерінің алдына цемент құйып не қиыршықтас төсеп, көлік тұратын орын жасаған. Көше деп айтуға да келмейді. Себебі қаз-қатар үйлердің ауласын жағалап жүресің немесе ағаш арасындағы соқпаққа түсесің. Ал қараңғыда, жауын-шашын күндері бұл жермен жүрудің өзі қауіпті, қолайсыз екені айтпаса да түсінікті. Тротуар атымен жоқ. Жайқалған ағаштың арасында көлік жүретін де жол сайрап жатыр. Бір-екі жерден ауладан шығарылған ескі шөп-шаламның үйіндісі, үйілген тастар көзге түсті.

– Көшеміздің аты – Жақсы ауыл. Оның қай жері жақсы, білмейміз.
Көшенің бір басында медициналық колледж, екінші жағында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ. Колледждің артына жаңа мектеп те салынды. Күн сайын қаншама оқушы мен студент осы ағаш арасымен шөп-шалам болып, көктем мен күздің лайсаңында батпақтап жүргені. Кейде мұнда қаңғыбас иттер толып кетеді. Біз бұл жерге 2015 жылдың күзінде көшіп келдік. Сол кезде ағаш арасында арақ ішетін еркек пен әйелдер толып жүретін. Қақпаны қағып, нан сұраған да кездері болды. Олардың көзге түспей кеткеніне бір-екі жылдай болды, – дейді апай.
Нәбия Айдынқызы қалың шөп ауланың алдын жауып, өсіп кетеді дейді. Тіпті өзі қақпасының алдына екі қатар етіп кірпіш төсеп, «жол» жасап қойған. Бұл жауын-шашын күндері әрі-бері өткендердің жүруіне қолайлы дейді. «Есік алдындағы қалың шөпті, бұтаны жұлып, өзімше тазалап қоямын. Бірақ қайсыбіріне шамам жетсін. Былтыр Зашаған кентінің әкіміне барып, жаяу жүргінші жолының жағдайын сұрап, абаттандыру мәселесін айттым. Сол кезде «Апа, ол жерде саябақ болады» деді. Ал қайда сол саябақ? Құзырлы мекемелердің әлі күнге дейін бұл жаққа мойын бұрмауын қалай түсінеміз? Ең болмаса, балалар үшін тротуар төсемей ме? Қазір Жәңгір хан көшесін жөндеп жатқандар ескі асфальтті қырып алып тастап жатыр. Солардың қасында жүрген бастығынан ескі асфальтті өз ақшама сатып алайын деп сұрап едім, бермеді. Ең болмаса, соны мына бір жерге төсесе, жөн болар еді. Ағаш еккесін, оған күтім жасау керек. Жол жиегіне жақын жердегі бес-алты ағашты әктеп қояды. Ал қураған ағаштарды кесіп, айналаны абаттандырмай ма?» – дейді апай.

Балабақшадағы баласына асығып бара жатқан Торғын есімді келіншекті сөзге тарттық. Ол да тротуар аса қажет дейді.
– Біздің бұл жерде тұрып жатқанымызға үш жылдай болды. Алда жауын-шашынды күндер келе жатыр. Әлден-ақ уайымдай бастадық. Себебі балаларды балабақша мен мектепке тасымалдау өте қиын. Ағаш арасымен жүреміз, жаңбырда ми батпақ болады. Қыста баланы шанамен де тасу мүмкін емес. Тротуар жоқ. Іргеде тұрған Жәңгір хан көшесіндегі жолдың жиегімен жүру де қауіпті. Көрші апайдың осы айналаны тазалап жүргенін жиі көреміз. Біздің көше қашан көркейеді екен? – деді Торғын замандас.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»
