11.11.2026, 9:00
Оқылды: 6

«Судағы сағым» сырлы әлемге сапар

Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханада жазушы, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мира Шүйіншәлиевамен кездесу өтті.

DSC01637 — копия

«Сағымға айналған сыр...» деген тақырыппен өрбіген осы әдеби іс-шарада жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы сұхбат ұйымдастырылып, биыл жарық көрген «Судағы сағым» повесі көпшілікке кеңінен таныстырылды. Аталмыш кездесуге ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Айтқали Нәріков, ғалым, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев, ақын, ғалым-ұстаз, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы қатысты. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен студенттер болды. Кешті журналист, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы Жандос Хамза жүргізіп отырды.

Мира Хамзақызының «Судағы сағым» повесі биыл Астана қаласында (Президенттік орталықта) өткен ІХ халықаралық «Astana Eurasian Book Fair – 2026» атты кітап көрме-жәрмеңкесінде лентасы қиылып, оқырманға жол тартты. «Атамұра» корпорациясы» ЖШС және «Атамұра» баспасының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед осыдан жыл ілгеріде дәл осы халықаралық деңгейде ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесінде Мира Шүйіншәлиеваның шығармашылығына жоғары баға беріп, туар жылы қаламгердің жаңа кітабын жарыққа шығаратынын мәлімдеген еді. Осылайша баспа басшысы уәдесінде тұрып, корпорация есебінен аутордың «Судағы сағым» атты кітабын үш мың данамен жарыққа шығарды. Кітап тұсаукесерінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы және жазушының қаламдастары болып, «Судағы сағым» повесі өмірдегі шынайы оқиғаларға негізделген бірегей туынды екенін айтты. Бірнеше ай бұрын жарық көрген бұл кітап Ақ Жайық өңіріндегі оқырмандардың қолына тиіп, көпшілігі оны оқып та үлгерген.

– «Судағы сағым» – көркем шығармадағы менің жетінші кітабым. Көпшілігі «Роман мен повесть сияқты көлемді шығармаларды жасөспірімдер оқуға қиналады, олар үшін ауыр» деп ойлайды. Алайда бүгінгі 16-17 жастағы жасөспірімдер – ертеңгі жігіт пен бойжеткен ғой. Олар да өмірге өзіндік көзқарасы қалыптасып келе жатқан буын. Сондықтан олардың таным көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісін байытатын көркем шығармаларға қызығушылығын арттырудың маңызы зор. Президент бастамашы болған «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы күндері әр өңірде жүйелі жүзеге асып келеді. Аталмыш жоба ел-жұртты кітап оқуға үндеп қана қоймай, өскелең ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани танымын кеңейтуге де ықпал етуде.

DSC01548 — копия

Шығармада қоғамдағы қайшылықтар, экологиялық мәселелер мен адам өміріндегі адалдықтың маңызы сөз болатынын ойлы оқырман кітап мазмұнымен танысқанда-ақ аңғарған. Жазушының көкірек көзінде өзгелер байқай бермейтін құбылыстарды аңғартатын бір тылсым қасиет болады. Ол – өмірдің көзге көрінбейтін қырларын, адам бойындағы арпалыстарды терең сезініп, жүрек сүзгісінен өткізеді. Жазушы осыны жан дүниесімен түйсініп, қағазға түсіреді, – деді Мира Шүйіншәлиева сұхбатында.

Іс-шара барысында жергілікті қаламгерлер кеш иесін құттықтап, ақжарма тілектерін айтты. Оқырмандар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді тамшы пішіндегі қағазға түсіріп, оны құтыға салып, жазушыға табыстады.

Оқырманның ойы Мира Хамзақызының ендігі жазылатын жаңа кітабындағы шығармаға айналуы мүмкін. Ақын Айтқали Нәріков жазушы қарындасының әңгімелеріндегі кейіпкерлердің біріне бірі ұқсамайтын, болмысы алуан түрлі екенін атап өтті. Ал әдебиеттанушы ғалым, Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ профессоры Зейнолла Мүтиев «Судағы сағым» повесі адамның ішкі иірімдеріне еніп, тереңге бойлайтын шығарма екенін жеткізді.

– «Аппақ сезім» атты әңгімеде бақиға ерте бет түзеген жазушы Аягүл Мантайдың өмірі мен соңғы сәті бейнеленген. «Сәби мен сорпа» әңгімесі де ерекше әсерге бөлейді. Той-томалақтың қызығына кенелген ортада сәби қараусыз қалып, қонақтарға арналған сорпаның ішіне түсіп қайтыс болады. Жазушы әр шығармасында бүгінгі кезеңдегі оқиғаларды шеберлікпен қағаз бетіне түсірген. Сондай-ақ оқиға сюжеттері мен кейіпкерлері де Орал өңіріне таңсық емес. Мира Шүйіншәлиева әркез үлкен ізденісте жүретін жазушы. Сондықтан оның шығармаларын зерттеу үшін ғылыми еңбек жазу қажет.

Оның шығармашылығы туралы М. Өтемісов атындағы БҚУ магистратурасында білім алған жас ғалым диссертация қорғап, филология ғылымдарының магистрі атанды. Бүгінде жазушының есімі университеттің әдебиеттану бағытындағы ғылыми жинағына еніп, шығармалары ғылыми айналымға түсті, – деді З. Мүтиев.

DSC01597 — копия

Жазушының туған жерінен де ізгі тілектер жетіп жатты. Бөкей ордасы ауданындағы Орда ауылдық округінің әкімі Ғайса Махимов құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың жүрекжарды лебізін жеткізді. Тасқала ауданынан келген ақын Айгүл Дүйсенова кеш кейіпкерінің иығына қарлығаштың суреті кестеленген орамал жапты. Іс-шара соңында Мира Шүйіншәлиева кездесуге арнайылап келген барша мейман мен оқырманға алғыс айтты.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале