Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында ақын, суретші Ернар Жақсыбаевтың «Жүректегі дауыл» атты тұңғыш жыр жинағының таныстырылымы өтті. Әдеби жиынға Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Дариға Мұштанова, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Алтынбек Ермекқалиев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатов, сондай-ақ ақынның қаламдас достары, ауылдастары мен жырсүйер жастар қатысты.

1985 жылы Жаңақаланың Қызылоба ауылында дүние дидарын көрген ақын кішкентайынан сурет салып, әдебиет әлеміне құштар болып өседі. Әкесі заманында ортаның көркін келтірген әнші, киномеханик, кейін ұстаздық қызмет етсе, анасы балабақша бүлдіршіндерін тәрбиелей жүріп, сурет салған. Сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі отбасында тәлім көрген өнерпаз арманын арқалап, Орал шаһарындағы М. Өтемісұлы атындағы БҚУ-да бейнелеу өнері және сызу мамандығын меңгереді. Алғашқы еңбек жолын мектепте көркем сурет пәнінен сабақ беруден бастаған. Кейіпкеріміз бүгінде Астана қаласында тұрады. Ол балаларға арналған «Қолғанат» атты кино түсіреді. Басқа саланың қазанында қайнап жүрсе де, сөз өнерінің падишасы – поэзиядан алыстамады. Әр жылы жаңбырдай төгілген өлең бүгінде «Жүректегі дауыл» деген атпен түптеліп, оқырманға жол тартты. Елорданың төрінде тұсауы кесілген кітапты ақын атажұртқа ала келіпті.
Кеш иесі өлеңді сыйлап келген халыққа «Қош келдіңіз!» айтып, «Туған жерге», «Жайықпен сырласу» деген өлеңдерін оқып, жиналған қауыммен амандасты. Іс-шараның тізгінін ұстаған ақын Айнабек Бисенғалиевтің: «Суреттен сөзге ойысудың себебі не?» деген сұраққа жауап беріп, өмірбаянынан сыр шертті. Титімдей кезінен бұйығы, тұйық өскендіктен ойын реңді бояу, қырлы қарындаш арқылы кенепке түсірген. Өсе келе өлең жаза бастайды. Жүректен төгіліп шыққан өлеңге халық оң бағасын береді.
Ақынның тұңғыш жыр жинағына алғы сөз жазған Дариға Ғазезқызы шығармашыл жанның кітабы туралы бір үзік ой айтты. Қалам ұстаған кейінгі буынның ішінде кісілік мінезімен көзге түсіп, шығармашылығын іш тартып жүретін ақынға ақжарма тілегін жаудырды.
– Суретші – қылқаламды ұштай отырып, сезімін кенепке жазады. Егер суретші ақын болса, оның өлеңі өзгеше болады. Ернардың өлеңдерінде қалам ұстағандар іле бермейтін мұң байқалады. Әр тармағынан жылылық, ойлылық сезіледі. Бір ғана «Көбелек» жырында нәзік көбелектей шыр-пыр болған қазақ қызының тағдырын суреттеген, – деді Ақ Жайықтың ақыны.
Жыр кеші қаламдас ақындар мен замандастарының естелік әңгімесіне ұласты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Алтынбек Ермекқалиевтің айтуынша, Астанада өткен кітаптың тұсаукесер рәсімінде есімі елге таныс Сұраған Рахметұлы, Ырысбек Дәбей, Ұларбек Нұрғалымұлы сынды қаламгерлер ақынның шығармасын жоғары бағалағандығын айтып өтті. Сондай-ақ басқарма атынан алғысхат беріп, иығына шапан жапты. Орал қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатов кеш иесімен бірге облыстық халық шығармашылық орталығында қызмет еткен күндерінен сыр шертіп, шаһар әкімі Мұрат Байменовтың атынан алғысхат табыс етті. Қызылоба ауылдық округінің әкімі Теміржан Серіков және аталған мекеннің кітапханашылары ауыл халқының атынан шапан жауып, алғысхат пен сыйлық табыс етті. Қызылобаның топырағында ақынмен тай-құлындай тебісіп өскен Айбек Амантайұлы мәрттік танытып, тұлпар мінгізді.
«Жүректегі дауылымды басады, Өлең ғана әуен болып шертіле...» деп «Жүректегі дауыл» атты сиясы кеппеген кітабына енген бірғайым өлеңін оқып берді. Қаламгердің сөзіне жазылған ән шырқалып, әдеби жиын түйінделді.
Ботакөз Сәбитқызы,
Орал қаласы