10.11.2026, 15:30
Оқылды: 5

Теректі - тұлғалар мекені

Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығында Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 155 жылдығына орай «Бас кітапхана – ортақ мұра, ортақ тарих» жобасы аясында «Теректі – тұлғалар мекені» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Салтанатты жиын жасанды интеллект пен адам жүргізушінің дуэті негізінде, көрме-перформанс форматында ұйымдастырылды. Кітапхана ұжымы қонақтарды жылы қарсы алып, Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхананың тарихымен таныстырды. Көпшілік назарына ақын өмірінен архивтік суреттер мен анимациялық бейнеролик ұсынылды. Ол жерде бала Жұбан, соғыс жылдарындағы, газет редакциясы мен ақындар ортасындағы кезеңдер, қолжазбалары мен кітаптары көрініс тапты. Ал бастауыш сынып оқушылары ақынға арнап, “Жұбанға арнау” атты өлең шумақтарын оқыды.

885667145_18240106525316896_7319089710393834846_n

Теректі өлкесі – талай таланттың тамыры жайылған құтты мекен. Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтіп, салтанатты түрде таныстырылды. Олардың қатарында Жайық өңірінің танымал журналисі, қоғам қайраткері Роза Сыикова, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әсел Мамбетова, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бар. Сондай-ақ ҚР Мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақашева, кітапхана ісінің шебері Шолпан Оразаева, күйші-ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері Ермак Молдабеков, айтыскер ақын Эльдар Ихсанов, БҚО Дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Әсем Сырымова, жас композитор әрі әнші Елжас Мағзом төбе көрсетті.

Мәдени жоба аясында «7 белес - 7 аманат» тұжырымдамасы негізінде көрме ұйымдастырылып, өңірдің тарихы, әдебиеті, театр және кино өнері, ұлттық музыкасы, білім мен ғылым саласындағы жетістіктері, спорт саңлақтары мен жас таланттардың шығармашылығын қамтыды. Танымал тұлғалар мен өңір тарихы туралы деректер айтылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.

888832622_18240106567316896_6110082303223335523_n

Әдеби кеште экраннан Жайықтың ақ шағаласы, Қазақстанның еңбек ері Ақұштап Бақтыгереева шығып, сөз сөйледі. Іс-шара барысында “Ақұштап оқулары” мен “Қызғалдақ ғұмыр” жобалары жайында айтылып, жұртшылыққа таныстырылды. Көркемсөз оқу байқауы ақын жырларын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауды мақсат етсе, «Қызғалдақ ғұмыр» рухани даму жобасы қыздардың тұлғалық дамуына, кітап оқу мәдениетіне, ұлттық тәрбие мен шығармашылығын шыңдауға бағытталған бастама болмақ. Рухани басқосу барысында сахнадағы бейнелер әуенге ұласып, Елжас Мағзом ақынның сөзіне жазылған “Махаббатым жайлы жазбас едім мен” авторлық әнін көрермен назарына ұсынса, мектеп оқушылары ақынға арналған “Ақұштап апаға арнау” атты өлеңдерін оқыды.

887716037_18240106504316896_1483958339246176866_n

Кейін өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген тұлғаларымыздың тағылымды ойтолғамына кезек берілді. Меймандар жылы лебіздерін білдіріп, туған жерге табан тіреп келгендеріне қуанышты екендіктерін жеткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Мәмбетова сөз сөйлеп, ән мен жырдан шашу шашса, актриса Эльмира Мақашева сахналық қойылым арқылы көрерменді терең ойға шомылдырып, кеш көркін әрлей түсті. Рухани шара күмбірлеген күйге жалғасып, Ермак Молдабеков домбыраның қоңыр үнімен көпшіліктің жүрегін баурады.

887051565_18240106705316896_3073974531742724381_n

«Білім.Тағылым.Аманат» деп аталған бөлімде ғылыми ізденіс, ағартушылық қызмет, журналистика мен кітапхана ісінде өңірдің шежіресіне зор үлес қосқан тұлғалар жайлы баяндалды. Аталған кезеңде айтыскер ақын Эльдар Ихсанов өлке тарихы мен бүгінгі келбетін арқау еткен суырыпсалма жыр шумақтарын арнаса, журналистика саласының ардагері Роза Сыикова да сөз тізгінін алып, өңірдің мәдени-рухани дамуына қатысты пайымды ойларымен бөлісіп, кешті ұйымдастырушылар мен қонақтарға ризашылығын білдірді. Ана тіліміздің тарихын зерттеп жүрген Мұрат Сабыр тіл білімінің дамуына қосқан үлесі жайлы тоқталып, аймақтағы тілдік мұраны қастерлеу мен оны келер ұрпаққа аманаттаудың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінгі ақпараттық технологиялар заманында кітаптың рөлі мен оқу мәдениетін көтеру – қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осы орайда басқосуда кітап оқудың адамзат өміріндегі өлшеусіз рөлі мен рухани құндылықтар төңірегінде келелі ойлар айтылды. Жиында Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Оразаева кітаптың тұлғалық дамудағы маңызына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде заманауи үрдістерге қарамастан, дәстүрлі кітап оқудың адамның ішкі әлемін байытудағы, сөздік қорын дамытудағы және таным көкжиегін кеңейтудегі орнын ештеңе алмастыра алмайтынын басып айтты.

887945359_18240106603316896_6053270638107399920_n

Әдеби кеш барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі публицист Бауыржан Ғұбайдуллин оқу мәдениетінің рухани құндылықтарға тигізер әсері жайында тереңнен толғады. Француз ойшылы Дени Дидроның «Оқуды қойған адам ойлануды да қояды» деген қанатты сөзін тілге тиек еткен ол, бүгінгі қоғамдағы интеллектуалды деңгейді көтерудің жалғыз жолы – кітаппен достасу екенін ескертті. Тәуелсіз ойлау жүйесі мен сыни көзқарастың тек тұрақты ізденіс пен көркем әдебиетті санаға сіңіру арқылы қалыптасатынын мәлімдеді. Басқосуға қатысушылар қазіргі қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапханалардың рөлін арттыру және жастар арасында оқу трендін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

888345509_18240106663316896_8548683155390579710_n

Ал кештің әдемі нүктесі дизайнер Әсем Кенжебайқызының ұлттық киімдер топтамасымен  қойылды. Өз сөзінде дизайнер ұлттық киімді дәріптеп, отандық өнімді қолдауға шақырды.

858402226_18240106540316896_978029330826613446_n

Қорытынды сөз кезегінде аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова кеш қонақтарын құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді. Құрметті қонақтарды марапаттап, алғысхаттар мен гүл шоқтарын табыс етті. Сонымен қатар Жұбан Молдағалиев атындағы БҚО әмбебап ғылыми кітапханасының 155 жылдық мерейтойына орай, кітапхана ұжымына ерекше құрмет белгісі ретінде құттықтау хатын тапсырды.

892370352_18240106687316896_4643962461037219840_n

Бұл шара мәдениет пен ғылымның, өнер мен әдебиеттің, баспасөз бен оқу мәдениеті тоғысқан ерекше кеш болды.

Қ.Саясатова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале