10.11.2026, 17:45
Оқылды: 5

Мемлекеттік қолдау – кәсіпке бастар жол

Отбасылық шаруашылықтан басталған кәсіпті дамытып, ауылдың өркендеуіне үлес қосуды мақсат еткен Аякөз Сәми мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып келеді. Төрт баланың анасы, әулеттің үлкен келіні әрі жас кәсіпкер бүгінде табиғи сүт өнімдерін өндіру ісін кеңейтіп, болашақта ауылда өндіріс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Аягөз Сәми (3)

Қаратөбе ауданының Қалдығайты ауылында дүниеге келген Аякөз Бексұлтанқызы бүгінде Бөрлі ауданына қарасты Пугачево ауылының тұрғыны, Әбдіғалиевтер әулетінің келіні. Аякөздің қаржы және заң салалары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын банк қызметкері болып бастаған ол қазір отбасылық шаруашылықты дамытып, кәсіпкерлікке ден қойған. Жолдасы Сырым екеуі екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр. 2024 жылы көпбалалы отбасы мәртебесін алған жас отбасы үшін бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан кезең болды.

Аягөз Сәми (6)

- Отбасымыздың берекесін сақтап, балаларымызды тәрбиелеу – басты міндетіміз. Мен әулеттің үлкен келіні болғандықтан, ата-енемнің қолында тұрып, үлкендердің батасын алып, шаңырақтың тіршілігін де қатар алып келемін. Жолдасым тұрақты жұмысымен бірге отбасылық мал шаруашылығын жүргізеді. Қолдағы сиырларымызды сауып, балаларымызды үйдің ақ дәмімен, өзіміз өндірген ет пен сүттен дайындалған табиғи тағамдармен қоректендіріп келдік. Кейін үйден артылған өнімдерді ағайын-туысқа, көрші-көлем мен достарымызға сата бастадық. Сұраныс біртіндеп артып, мұның кәсіпке айналуға мүмкіндігі бар екенін түсіндім. Ең қуантқаны, отбасым менің бұл бастамамды бірден қолдады, – дейді Аякөз Сәми.

Осылайша, күнделікті тұрмыстан басталған іс отбасының қосымша табыс көзіне айналды. Өнімге деген сұраныстың артуы кәсіпті кеңейтуге деген сенімін нығайтты. Алайда істі жүйелі жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін қаржылай қолдау қажет еді.

Қайтарымсыз грант – алғашқы үлкен мүмкіндік

2025 жылы Аякөз Сәми мемлекет тарапынан кәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз грант туралы естіп, өз мүмкіндігін сынап көруге бел буады. Көпбалалы отбасы мәртебесін пайдаланып, бизнес-жоспарын дайындап, өтінім береді. Нәтижесінде жобасы мақұлданып, 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз гранттың толық сомасын иеленеді.

Аягөз Сәми (7)

- Мемлекеттен қайтарымсыз грант берілетінін естігенде, «Неге бағымды сынап көрмеске?» деп ойладым. Бизнес-жоспарымызды дайындап, құжаттарымызды тапсырдық. Жобамыз бірден мақұлданып, гранттың толық көлемін алдық. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Қаражатқа кәсібімізге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Содан бері тұрақты тұтынушыларымыз көбейіп келеді. Еңбегіңнің бағаланып, адамдардың өніміңе сенім артқанын көру ерекше қуантады, – дейді жас кәсіпкер.

Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – азаматтардың кәсіп бастауына мүмкіндік беріп, өз табысын қалыптастыруына жол ашу. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін мұндай бағдарламалардың маңызы зор. Аякөздің тәжірибесі де осыны аңғартады. Қаржылай көмек нақты мақсатқа бағытталып, отбасындағы еңбекпен ұштасқанда, шағын бастаманың өзін тұрақты кәсіпке айналдыруға болады.

Бүгінде жас кәсіпкер аудандық әкімдіктің шақыртуымен түрлі жәрмеңкелер мен қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып жүр. Өз өнімдерін көпшілікке ұсынып қана қоймай, қоғамдық өмірге де араласады. Биыл Бөрлі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмагулованың қолдауымен облыстық «Әулеттің алтын діңгегі» атты келіндер сайысына қатысып, Бөрлі ауданының намысын қорғады. Нәтижесінде бірінші орын иеленді.

«Ауыл аманаты» – кәсібімізді кеңейтуге жол ашатын жоба

Алғашқы нәтижелерге қол жеткізген кәсіпкер енді шаруашылықты жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бөрлі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Кубашеваның кеңесімен «Ауыл аманаты» жобасымен танысып, қажетті құжаттарын тапсырған. Жас отбасының негізгі мақсаты – сүтті сиырлардың санын көбейтіп, табиғи сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыру.

- «Ауыл аманаты» жобасы туралы білгеннен кейін кәсібімізді кеңейтуге мүмкіндік бар екенін түсіндім. Қажетті құжаттарымызды тапсырып, осы бағыттағы жұмысымызды бастадық. Алдағы мақсатымыз – сүтті сиырлар сатып алып, өнім көлемін арттыру. Болашақта арнайы цех салып, сүт өнімдерін кең көлемде өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл тек өз отбасымыздың табысын арттырумен шектелмейді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жергілікті халықты сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз еткіміз келеді. Пугачево ауылдық округінің әкімі Мереке Изтелеуов те бастамамызды қуана қабылдады. Осындай қолдаулар бізге жігер беріп, алға қойған мақсатымызға деген сенімімізді арттырады, – дейді ол.

Аягөз Сәми (5)

Жоспар жүзеге асқан жағдайда, отбасылық шаруашылықтың өндірістік кәсіпке айналуына мүмкіндік бар. Сүт өндіру көлемін арттыру, өнімді өңдеу және арнайы цех ашу – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды қадамдар. Мұндай бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнімнің қолжетімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға ықпал етеді.

Жас кәсіпкер Аякөздің айтуынша, кәсіпкер үшін қаржылай қолдаумен қатар, сала мамандарының бағыт-бағдары да маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар туралы уақытылы ақпарат алу, құжаттарды дұрыс әзірлеу және нақты жоспар құру жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға көмектеседі.

Жас кәсіпкердің еңбегі мен қоғамдық белсенділігі аудан көлемінде де бағаланып келеді. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімі қатысқан «Бөрлі жалыны» атты жастармен кездесу шарасына қатысып, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғыс хатымен марапатталды. Бұл – оның кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық өмірге де белсенді араласып жүргенінің көрінісі.

«Отбасың қолдаса, алынбайтын қамал жоқ»

Төрт баланың тәрбиесі мен кәсіпті қатар алып жүру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Үй шаруасы, балалардың қамы, тапсырыстар мен болашаққа арналған жоспарлар уақытты тиімді пайдалануды қажет етеді. Аякөздің пікірінше, қандай істі қолға алсаң да, тәртіп пен табандылықтың орны бөлек.

- Мен мұны еңбек жолымның алғашқы бастамасы деп білемін. Алда әлі талай жоспарымыз бар. Мемлекет жастарға, көпбалалы отбасыларға кәсіп бастауға жақсы қолдау көрсетіп отыр. Ең бастысы – сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еңбектену. Әрине, қиындықтар болады. Бірақ мақсатты айқын қойып, қиындыққа мойымай еңбек етсең, алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын. Мен үшін бірінші орында тәртіп пен ерте тұру тұрады. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп атам қазақ бекер айтпаған. Уақытты бағалап, әр күніңді жоспарлай білсең, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Ал отбасың мен жолдасың қолдау көрсетіп тұрғанда, бағындырмас белес жоқ! – дейді ол.

Аягөз Сәми (2)

Бүгінде Аякөздің мақсаты – отбасылық кәсіпті дамытып, өндіріс көлемін арттыру, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға үлес қосу. Үйдегі сиырдың сүтінен басталған іс мемлекеттік гранттың көмегімен жеке кәсіпке ұласты. Ендігі үміті – «Ауыл аманаты» жобасы арқылы шаруашылықты кеңейтіп, табиғи өнім өндіретін цех ашу.

Бұл – мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, өз еңбегімен кәсібін өркендетуге ұмтылған жас отбасының жолы. Шағын бастамадан үлкен мақсатқа бет алған жас кәсіпкер үшін ең бастысы – отбасылық береке, адал еңбек және туған ауылына пайдасын тигізу. Ал осындай ниет пен табандылық ұштасқанда, бүгінгі арманның ертеңгі нақты іске айналарына сенім мол.

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале