Бүгінгі білім беру саласында жас мамандардың орны ерекше. Өйткені олар – тың идеялар мен жаңашыл бастамалардың, заманауи технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдердің жаршысы. Ұстаздық жолын енді бастаған әрбір жас маман үшін алғашқы еңбек тәжірибесі, әріптестерінің қолдауы мен шәкірттерінің жетістігі өте маңызды.

Осындай ізденімпаз, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас мамандардың бірі – Ақсай қаласындағы №4 жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі Темірбаева Айгерім Ақылбекқызы. Ол 2001 жылы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Шалқар ауылында дүниеге келген. 2019-2023 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жоғары білім алып, кейін 2023-2025 жылдары магистратураны тәмамдаған. Білім мен ғылымды қатар ұштастырған жас маман 2025 жылдан бастап педагогикалық еңбек жолын бастады.
Физика пәніне деген қызығушылығы мен ұстаздыққа деген сүйіспеншілігі оны осы мамандықты таңдауға жетелеген. Бала кезінен ұстаздар әулетінде тәрбиеленіп, анасының өнегесін көріп өскен Айгерім үшін мұғалім болу – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауы. Бүгінде ол шәкірттеріне физиканың күрделі заңдылықтарын түсіндіріп қана қоймай, тәжірибе мен эксперимент арқылы ғылымның күнделікті өмірмен байланысын көрсетуге тырысады.
Жас ұстаздың кәсіби ізденісі де өз нәтижесін беріп келеді. Ол «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде І орын иеленіп, республикалық кезеңде арнайы дипломмен марапатталған. Аз ғана уақыт ішінде жас ұстаз өзі де, шәкірттері де түрлі байқаулар мен пәндік сайыстарда бақ сынап, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – оның ұстаздық жолындағы алғашқы қадамдарының сәтті басталғанының көрінісі. Әрине, еңбек жолын енді бастаған жас маман үшін мұндай жетістіктердің артында үздіксіз ізденіс, тәжірибелі ұстаздардың тәлімі мен мектеп ұжымының қолдауы тұрғаны анық.
Жас маманның ұстаздық жолы, алғашқы еңбек тәжірибесі, заманауи білім беру үдерісіне көзқарасы мен болашаққа қойған мақсаттары жөнінде өзімен әңгімелескен едік.
- Айгерім Ақылбекқызы, мұғалімдік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? Бала кезгі арманыңыз ба?
- Бұл мамандықты таңдауымның түп-тамыры отбасылық дәстүрден бастау алады. Анам - ұстаз. Сондай-ақ әулетімде мұғалімдер, әсіресе математика мен физика пәнінің мамандары көп. Бала кезімнен математика мен физиканың заңдылықтарына қызығушылығым ерекше болды. Мектепте оқып жүргенімде физика пәнінен сабақ берген ұстазым Мырзағалиева Айжан Тезекбайқызы: «Университетті бітірген соң менің орныма сен келіп сабақ бересің, мен зейнетке шығамын», – деп үнемі сенім білдіретін. Ұстазымның осы бір сөзі мен батасы да менің мамандық таңдауымда үлкен рөл атқарды.
- Алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды? Жас маман ретінде қандай қиындықтарға кезіктіңіз және алғашқы шәкірттеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай қалыптасты?- - - Әрине, жақсы есімде. 2025 жылы №4 ЖОББ мектептің табалдырығын жас маман ретінде аттадым. Сол кезде мектеп директоры Жақсығалиева Жанар Максимқызы бастаған ұжым мені өте жылы қабылдады. Алғашқыда жас маман болғандықтан, бойымда толқу мен қобалжу болғаны рас. Дегенмен мектеп басшылығы мен тәжірибелі әріптестерімнің қолдауының арқасында жаңа ортаға тез бейімделіп кеттім.
Ең алғашқы қиындықтардың бірі – мектептегі құжат жұмыстарының көптігі болды. Сан алуан құжаттар мен есептерді көргенде: «Қайсысынан бастаймын? Барлығын қалай реттеймін?» деген сұрақтар мазалағаны жасырын емес. Алайда уақыт өте келе әріптестерімнің көмегімен бәрін ретке келтіріп, қажетті тәжірибе жинақтадым.
Ең алғаш орыс тілінде білім алатын 8 «Г» сыныбына сынып жетекшілігін қабылдадым. Шәкірттерім мені бірден жылы қабылдады. Жас мұғалім болғандықтан, балалармен ортақ тіл табысу да жеңілдеу болды.
- Қазіргі оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру үшін сабақта қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз? Сіздің ойыңызша, қазіргі заман мұғалімі қандай болуы керек?
- Қазіргі оқушылар өте ізденімпаз, әр нәрсеге қызығушылығы жоғары. Баланың бойындағы сол қызығушылықты оята білу мұғалімнің шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Егер ұстаз сабақты мазмұнды әрі қызықты етіп өткізсе, оқушы да пәнді сондай ықыласпен қабылдайды. Физика пәнінің ерекшелігіне байланысты сабақ барысында түрлі эксперименттер мен тәжірибелер жасаймыз. Әр жаңа тақырыпты бастарда оқушылардың күнделікті өмірде көріп жүрген құбылыстарына сүйене отырып, проблемалық сұрақтар мен түрлі жағдаяттар ұсынамын.

Көлемді ақпаратты оқушыларға жеңіл әрі түсінікті жеткізу үшін инфографикалық әдістерді қолданамын. Физика сабақтарында виртуалды зертханаларды да кеңінен пайдаланамыз. Сонымен қатар оқушылардан кері байланыс алу, сабақ соңында рефлексия жүргізу барысында заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді қолдануға тырысамын.
Заманауи мұғалім – тек пән үйрететін маман емес, ол – оқушының жанына жол таба білетін бағыт беруші, сырлас әрі жарқын тұлға. Ол оқушымен заманауи тілде сөйлесе алатын, жанары отқа толы, үнемі ізденісте жүретін креативті әрі жаңашыл болуы тиіс.
- Тәжірибелі ұстаздар мен мектеп ұжымының қолдауы кәсіби қалыптасуыңызға қалай әсер етті?
- Менің мектептегі тәлімгерім – өз ісінің шебері, физика пәнінің мұғалімі Мұсабаева Салтанат Қаирғалиқызы. Ол мені алғашқы жұмыс күнімнен бастап құшақ жая қарсы алып, ерекше жылулық танытты. Қателіктерімді түзеп, жетістіктеріме шын жүректен қуана білетін ұстазымның арқасында оқушылармен қарым-қатынас жасауды, сабақты жүйелі жоспарлауды және пәнді оқытудың әдістемелік қырларын үйреніп келемін. Жас маман үшін ұжымның қолдауы ауадай қажет. Мен бұл қолдауды толық сезіндім. Сол кезде мектеп директоры болған Жанар Максимқызы, мектептегі тәлімгерім Салтанат Қаирғалиқызы, үнемі қолдау білдіріп жүрген ұстаздарымыздың бірі Анар Аманқосқызы және барлық әріптестерім мені «жас маман» деп шеттетпей, пікіріммен санасып, бастамаларыма қолдау көрсетіп келеді. Осындай берекелі орта менің кәсіби тұрғыда өсуіме үлкен мүмкіндік берді.

- Осы уақытқа дейін қандай кәсіби жетістіктерге жеттіңіз? Оқушыларыңыздың нәтижелері туралы айтып өтсеңіз.
- Ең алдымен, кәсіби жолымдағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде І орын иеленіп, республикалық кезеңде арнайы дипломмен марапатталғанымды атап өткім келеді. Республикалық кезеңге қатысқанда еліміздің әр өңірінен келген талантты, жалынды жастарды көріп, бұл байқаудың біреумен бәсекелесу ғана емес, ең алдымен, өзіңді дамыту мен өз мүмкіндігіңді сынау алаңы екенін түсіндім. Сонымен қатар аудандық және облыстық семинарларда спикер ретінде тәжірибеммен бөлістім. Оқушыларымның жетістіктері де көңіл қуантады. Олар «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болып, пәндік олимпиадаларда І және ІІ орындарды иеленді.
- Алдағы кәсіби мақсаттарыңыз қандай? Өзіңізді 5-10 жылдан кейін қандай ұстаз ретінде елестетесіз?
- Алдағы уақытта физика пәнін оқытудың инновациялық әдістемелерін одан әрі терең меңгеріп, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыратын авторлық жобаларды жүзеге асырғым келеді. Кәсіби деңгейімді үнемі жетілдіріп, республикалық деңгейдегі байқауларда бағымды сынау да басты мақсаттарымның бірі. Өзімді 5-10 жылдан кейін өз пәнінің майталманы, заманауи әдіс-тәсілдерді еркін меңгерген, жинақтаған тәжірибесімен өзгелермен бөлісетін білікті ұстаз әрі шәкірттерінің жетістігімен мақтанатын ұлағатты тұлға ретінде елестетемін.
- Мұғалімдік қызмет сізді адам ретінде қалай өзгертті? Бұл мамандықты қайта таңдауға мүмкіндік болса, тағы да ұстаз болар ма едіңіз?
- Бұл мамандық мені мейірімділікке, сабырлылыққа және әрбір жағдайға жауапкершілікпен қарауға үйретті. Балалармен жұмыс істей жүріп, өзім де бірге дамыдым. Өмірге деген көзқарасым кеңейіп, әр сәттің қадірін бағалай білуді үйрендім. Сөзсіз, тағы да дәл осы мамандықты таңдар едім! Себебі бұл – менің жүрек қалауым. Ұстаз болу, өзің білетін білімді балаларға үйрету және артыңнан саналы, тәрбиелі ұрпақ қалдыру – ең сауапты істердің бірі. Болашақты қалыптастыратын шәкірт тәрбиелеу – мен үшін үлкен бақыт.
- Ұстаз болуды армандап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең бастысы, балаларға деген шынайы сүйіспеншілік пен өз мамандығыңа деген сенім қажет. Еңбек жолында кездесетін қиындықтардан қорықпай, күн сайын өзіңді дамытып, жаңашылдыққа ұмтылу керек. Сонда бұл мамандықтың берер бақыты мен қуанышының ерекше екенін түсінесің.
- Жақында өткен «Бөрлі жалыны» атты аудан әкімімен кездесуге қатысқан екенсіз. Сол кездесуден алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
- «Бөрлі жалыны» атты аудан әкімімен кездесу өте мазмұнды әрі ерекше атмосферада өтті. Бұл шара жас маман ретінде бізге үлкен қанат бітіріп, тың серпін сыйлады. Өңіріміздегі белсенді жастардың пікірін тыңдап, ортақ мақсаттар мен болашақ жоспарлар туралы ой бөлісу – үлкен тәжірибе әрі шабыт көзі болды.

P.S. Жас ұстаздың әңгімесінен мамандығына деген сүйіспеншілік пен үздіксіз ізденіске деген ұмтылыс анық байқалады. Ол үшін ұстаздық – жай ғана қызмет емес, болашақ ұрпақтың бойына білім мен адамгершілік дәнін себетін жауапты міндет. Ал шәкірттерінің жетістігі мен алғысы – осы жолдағы ең үлкен марапат.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы