Қазақстанда шала туған сәбилерге қолдау көрсету үшін әр буын өкілдерінің басын қосқан «Нити Добра» атты бірегей волонтерлік жоба дамып келеді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: madenietaqparat
Тоғыз жыл ішінде бұл бастама еліміздің сегіз өңіріндегі 130 белсенді волонтерді біріктіретін ауқымды қауымдастыққа айналды.
Жобаның негізі 2017 жылғы маусымда Алматыда Гүлниса Құлымжанованың жетекшілігімен қаланды. Команданың мақсаты – мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге күтім жасайтын медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету.
Волонтерлер сәбилерге арнап жүннен бұйымдар тоқиды. Жоба басталғалы жүннен тоқылған 22 мыңнан астам жиынтық, мақта жіптен тоқылған 12 мыңнан астам сегізаяқ ойыншығы, сәбилерге арналған 300 ұяша және кувездерге арналған 125 жапқыш дайындалды.
Бүгінде Қазақстандағы жаңа туған нәрестелерге арналған 30 жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне қолдау көрсетіледі. Медициналық мекемелерге тапсырылар алдында әр бұйым тексеріліп, өңдеуден өткізіледі.
Жоба аға буын өкілдерін волонтерлікке тартып, әртүрлі буынның ортақ іске жұмылуына жол ашуымен ерекшеленеді. Команданың 80 пайызға жуығын аға буын өкілдері құрайды. Олар өз ісімен белсенді азаматтық ұстаным мен өзара көмектің маңызын көрсетіп келеді.
«Нити Добра» жобасы халықаралық деңгейде де танылды. 2025 жылы жоба #МыВместе сыйлығының лауреаты атанды. Ал 2026 жылы оның өкілдері Ташкентте өткен «Миссия Добра» халықаралық бастамасына қатысып, тәжірибесін бөлісті және шеберлік сабағын өткізді.
Жобаның ұраны – «Микро-вязание. Макро-забота».