18.11.2026, 10:15
Оқылды: 5

Ерболат Таңатов – тұңғиық тұлға

Шығармашылық адамдарына жақсы таныс “аурудың” бірі - тақырып таба алмау. Кейіпкерің керемет, ал сол кейіпкеріңнің болмысын ашатын тақырып қоя алмай қиналасың. Журналистикадағы ұстазым Есенжол Қыстаубаевтың “Ұтымды қойылған тақырып бір мақаланың жүгін көтеріп тұрады” деп миға құйып тастағаны соншалық, осы тақырып қою мен үшін қиынның қиыны. Бірақ, осы жолы тақырып өзінен-өзі ойыма орала кетті. Тұңғиық. Мағынасын қаузап кетсек, түпсіз тереңдік, ауыспалы мағынасын алсақ,көп сөйлемейтін, сыр ашпайтын адамға теңеу ретінде қолданылады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де тап солай. Тани түскен сайын жақсы қасиеттерін таба бересің.

WhatsApp Image 2026-11-18 at 11.12.02 (1)

Бірден айтайын, осы мақаланы жазбас бұрын кейіпкерім Ерболат Таңатовтың өзіне тікелей шықтым. “Ағай, сіз өмірден өткендерді де, ауылдан кеткендерді түгендеп, “пәленшенің мерейтойы еді, түгеншенің қайтқанына жиырма-отыз жыл толып қалыпты, оқырманның есіне түсіріп жіберсең, артық болмас” деп бәрін түгендеп отырасыз. Сіздің мерейтойыңыз екен, сіз туралы да мақала жазайын, сыралғы достарыңыз, сізбен үзеңгілес жүрген әріптестерден кімге жолығайын?” деп хабарласқам. Ағамыз ат-тонын ала қашты. “Қой, мен мақала жазатындай не бітіріппін? Ұят болады” деді.

Ағайымыз осылай дегенімен, ол туралы пікір беретіндер іздемей-ақ табылды. Кейіпкерімізбен замандас, үзеңгілес қызмет еткен Лавр Хайретдинов ағамыз хабарласып, “Орда жұлдызына” шыққан “Азаматтар еді ел мақтаған” деген естелікті оқып отырмын. “Ерболат ағамыз қыртым-сыртымды айтып ауыз ауыртпайды” деп қысқа-нұсқа сөйлеміңмен-ақ Таңатовтың тұлғасын бір ауыз сөз сыйғызып жіберіпсің.  Ерболат Таңатов - қолтыққа кіруді білмейтін, уақыт та, билік те өзгертпеген, өте таза жігіт. Мен Ерақаңмен марқұм Өтеміс (Уәлиев) арқылы таныс едім. Өтақаңмен інісімен бірге жүрдік. Ерақаңдар бізден екі курс жоғары оқыды. Ауылдан алыс жүргенде ағаларымызды сағалап жүруші едік. Сол кезден бізде ағалы-інілідей қарым-қатынас қалыптасты десем болады. Жылдар өте келе Ерақаңмен әріптес болдық. М.Мәметова совхозында партия комитетінің төрағасы боп жүрген жерінен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылығына шақырдым. Кейін Т.Масин совхозына басшы боп кетті. Тәуелсіздіктің тоқырау жылдары сол кездегі басшылық үшін үлкен сын еді. Ерақаң сол сыннан сүрінбей өткен санаулылардың қатарында. Шаруашылық тарап, пай үлестірілген кезде малын малдай, шелегін шелектеп тең үлестіріп берді.  Ерболат Қабденұлы кейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ерақаң сауатты, жан-жақты білімді маман. Өз ісінің майталманы. Теориямен ғана қаруланбай, өндірістің тілін де жақсы білді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында қандай реформа сәтті жүзеге асса, соның басы-қасында Ерақаң жүрді. Ұйымдастыру тәжірибесі мықты. Ерақаңның білімі қатарластарынан артық та еді. Онда бар білім басқа біреуде болса, ыңғайын тауып, өсіп кетер еді. Ал, Ерақаңда ондай “қабілет” жоқ. Сұранбанады. Жағымпазданбады. Жалпы, тұрақтылық пен Таңатов деген егіз ұғым десек болады. Ерақаңда ойы да, тұрмысы да, мінезі де салмақты ғой. Мектеп кезінде Тоян жеңгемен сөзі жарасты. Сол жарасымдылықпен ұрпағын өсіріп, туған жеріне туын тігіп, туған еліне қызмет қылып, атақонысында нық отыр, - дейді Лавр Рашидұлы біздің кейіпкер туралы.

Ағамыздың тізе қағыстырып, тең жүрген тағы бір әріптесі Лариса Қайырғалиева:

- Мен үшін Ерболат Қабденұлы - сабырлылық пен қарапайымдылықтың үлгісі.  Әр жылдардың өзіндік қиындығы болды, елдің әл-ауқаты да әрқалай болды ғой. Екі күннің бірінде проблема орын алып, қысылтаяң жағдай туындап қалады. Сондай кезде Қабденұлының “Уайымда, ең бастысы, бас аман болсын” деп сабырға шақыратын. Қызбалықпен шешілмейтіндей көрінген мәселе бірер күннен кейін өзгеше сипат алып, түйін тарқатылып жатады. Қабденұлынан әліптің артын бағып, салқын ақылмен шешім қабылдауды үйрендім десем болады.  Ағамыздың екінші, бір қасиеті - қарапайымдылығы. Қолымда билік бар екен деп астамшылыққа бармады. Азаматтық болмысын, басшылық ұстанымын, ұйымдастырушылық қабілетін жас мамандар үлгі етсе, игі болар еді. Тағы бір айта кетерлігі, аудандық мәслихат төрағалығына келуіме де Ерболат ағамыздың септігі тиді. Ротациялық ауысыммен ауыл асып, мекенін ауыстырып жүре ме, елдің бір қызы ғой дегені болар, өзінің ізбасары танып, осы қызметке келуіме бірден-бір себепкер осы Ерболат ағай болып еді, - дейді өз сөзінде.

Ал, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин, Ғарифолла Бисенғалиев, Нұртай Хамзиндер Ерболат Таңатовтың жақсы тәлімгер екенін жарыса айтады.

- Ерболат Қабденұлы жас маманды отқа да салып, суға да салып, шыңдайтын жақсы тәлімгер. Керек жерінде айғайға басып, тәртіпке де салып алады, мәселе туындаса, арқасын тосып, қорғап, ағамыздай қамқорлады да. Аудан әкімінің орынбасары болса да, қолымда билік бар екен деп жоғарыдан қарамайтын. Бәріміздің лауазымымыз әртүрлі болғанымен, қызметіміз бір, бір топырақтың түлегіміз. Қабденұлы осы ұстанымды ұстанатын, - дейді әріптес інілері.

Расымен де Ерболат Қабденұлы әулетінің, бауырларының ғана бетке ұстар бағдары болмаған екен. Тұтас ауданның жас буынына көш түзер көшбасшысы болыпты. Басшы болу билік берілсе, кім-кімнің де қолынан келері анық. Жылдар өткеннен кейін жас буының ұстаз тұтып, сыйлап жатса, басшының бағы осы емес пе?..

Күні кеше Ерболат Қабденұлы жетпіс жасқа толған мерейойын тума-туысын, құда-жегжатын, әріптестерін жинап, атап өтті. Балалары әкелерінің туған күнді алғаш рет кең көлемде тойлап тұрғанын айтады. Тұңғыш тойы болса да тағылымды тойдың бірегейі болды. Сол тойда отырып, естігеніміз - кейіпкеріміздің жақсылықты жария жасамайтыны тағы қасиеті бар екен. Әріптестері жағдайы қолдауды қажет ететін отбасыларына жалақысын үлестеріп бергенін, оқуға түскенімен қалада жүріп-тұруға жағдайы болмаған ауыл балаларының оқуын бітіріп, аяқтан тұруына әкелік қамқорлық танытқан екен.

Иә, Ерболат Таңатов ағамызды тұңғиық көруімізге себеп көп.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале