18.11.2026, 10:45
Оқылды: 6

Бәйтерек ауданында тұрғындар көтерген өзекті мәселелер талқыланды

 

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесулері Белес, Переметный ауылдық округтерінде жалғасып, Мичуринде түйінделді. Кездесуде тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін мәселелер ашық талқыланды.

image-18-11-26-08-27-8

Белес ауылдық округінде «Zhaiyk Petroleum LTD» ЖШС газохимиялық зауыт құрылысына кірісіп, 17 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері 34 мұқтаж тұрғынға 1,9 млн теңгеден астам материалдық көмек беріліп, 47 адам жұмысқа орналастырылды. Белес мектеп-балабақша кешеніне 19,6 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жасалды. Сондай-ақ ауыл жастары халықаралық жарыстарда, каратэден әлем чемпионатында топ жарып, аталған компаниямен жаңа спорт кешенін салу туралы меморандум жасалды.

Переметный ауылдық округі бюджетіне 163,5 млн теңге түсім түсті. Переметный мен Қаражар арасындағы 7 шақырымдық кіреберіс жолға асфальт төселді, бөгеттер қалпына келтіріліп, арықтар тазартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 173,7 млн теңгеге 11 жоба іске асырылып, 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап Переметный – Орал бағытында шағын автобус қатынай бастайды.

Мичурин ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы төрт кәсіпкер несие алып, жобаларын жүзеге асыруда. Демеушілердің қолдауымен 10 млн теңгеге сквер салынып, 3,2 млн теңгеге балалар ойын алаңы орнатылды. Қоқыс контейнерлеріне 28 бейнебақылау камерасы қойылып, республикалық жоба аясында 900-ге жуық электр бағанасы ауыстырылуда.

image-18-11-26-08-27-11

Кездесулер барысында тұрғындар электр жарығы, жол сапасы, ауыз су қысымы және қоқыс тазалығы сынды өзекті мәселелерді көтерді. Аудан әкімі бұл түйткілдер қаржыға қарай кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, тазалық пен тәртіп мәселесінде әрбір азамат өз жауапкершілігін сезінуі керектігін атап айтты.

Г.Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале